Отбасын қорғау – мемлекеттік маңызды іс

1093
0
Бөлісу:

Елбасының Жарлығымен Қазақстанда 2013 жылдан бері «Отбасы күні» мерекеленіп келеді. Бұл ұлттық мейрам биыл да қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілмек. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде ел Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері журналистермен кездесіп, баспасөз конференциясын өткізді.

Ұлттық комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Бақытбек Сма­ғұлдың айтуынша, ХХІ ғасырда заманауи қоғам жаһандық созылмалы дағдарысты бастан кешуде. Ол күйзеліс әлеуметтік тұр­мыстың барлық саласына, соның ішінде отбасыға да сал­қынын тигізуде. Сондықтан дәл қазір адамзат қоғамы үшін отбасы өмірлік маңызды тірек, аса қа­жетті әлеуметтік құндылық, іргелі институт болып табылады.
– Мамандардың айтуынша, қазіргі заманда отбасы институты қиыншылыққа кезігіп, күйзеліс жағдайына килікті. Қазақстанда да әрбір үшінші неке ажырасумен тынады. Бұл мемлекеттің бола­шағы – жаңа ұрпақтың тууы мен тәрбиелену проблемаларын ту­дырады. Сондықтан бүгінде отба­сылық құндылықтарды наси­хаттау – нақты мемлекеттік мін­детке айналды. Елбасы көшбас­шылығымен Қазақстан демографиялық саясаттың мем­лекет болашағымен тығыз байланысты екенін түсініп қана қоймай, осы бағытта нақты стратегиялық іс-шараларды қолға алған елдердің бірі саналады. Өйткені әрбір отбасының құ­рамы, оның рухани, материалдық және мәдени дамуы, аналар мен әкелердің құндылықтық бағдар­лануы сайып келгенде, бүкіл қоғамның қандай болатынын анықтайды, – деді Б.Смағұл.
Жиында айтылғандай, қазіргі кезде жалпы саны 18 миллионнан асқан Қазақстан халқының 8 миллион 727 мыңнан астамын ә­р­­түр­лі жастағы ер адамдар құ­рай­тын көрінеді. Бұлардың әр­қай­сы­сы – қазіргі және келе­шек­тегі әке­лер. Әйелдер саны 9 мил­лион 306 мыңнан асады. Бұл ретте ер­лер­дің үлесі 48,4 пайызды, ал әйел­­дер үлесі ы51,6 пайызды құрайды.
Брифингте ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен отбасы­лардың экономикалық дербестігі мен өзін-өзі жетілдіруі үшін қа­жетті жағдайлар жасау, әл-ауқат деңгейін арттыру, әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басымдығы болып қалатынын айтты. ОСК мүшесі Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сында қоғамның рухани ой-сана­сын жаңғыртудың негізгі бағдар­лары айқындалғанын айтты. Бұл бағытта отбасы институтының рөлі өте жоғары.
Қазіргі алмағайып, аласапы­ран заманда отбасын қорғау және үлгілілерін насихаттау мақсатында ел Президентінің өкімімен жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы биыл төртінші рет ұйымдастырылуда.
Ұлттық комиссия төрайымы­ның орынбасары Елена Тарасен­коның мәліметінше, ағымдағы жылы бұл байқауға 2879 отбасы қатысуда. Осылайша, саны 2016 жылмен салыстырғанда 11,6%-ға артты: былтыр 2579 отбасы бақ сынаған. Барлық қатысушылар­дың 36,2%-ы немесе 1041 отбасы «көпбалалы отбасылар» болып табылады. Өткен жылы бұл көр­сеткіш 1065 отбасыны құраған-тын.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*