Қазақстан мен Польша «сенімді плацдарм» құрды

1246
0
Бөлісу:

Елімізге үш күндік сапармен Польша президенті Анджей Дуда келді. Бір қызығы, ол қазақ еліне сапарының Астанадағы EXPO – 2017 халықаралық көрмесі өтетін кезге тұспа-тұс келуіне баса мән берген екен. Мәртебелі мейманымен өз Ақордасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездесті.

Мемлекеттер басшылары алдымен жеке отырып, оңаша әңгімелесті. Елбасы сөз басында А.Дудаға EXPO – 2017 көр­месі аясында Польшаның Ұлт­тық кү­нін өткізуге қатысқаны үшін алғыс білдірді.
– Былтырғы тамызда Польшаға жасаған сапарымды жылы сезіммен еске аламын. Мұндай байланыстар екі елдің ынтымақтасуға деген ниетінің зор екенін білдіреді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев мемле­кеттеріміз арасында екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуге ешқандай кедергі жоқтығын атап өтті.
– Қазақстан – поляк бизнесмендері үшін ашық. Сіздің өтінішіңізбен елдері­міздің астаналары арасында тікелей әуе рейсі орнады. Осы әуе қаты­насына екі мемлекет тұрғындарының сұранысы жоғары екенін және бұл халықтары­мыздың тығыз байланыс орнатуға мүдделілігін білдіретінін атап өткен жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Польша президенті Қазақстанға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа риза­шылығын білдірді.
– Біздің кездесулеріміздің бәрін зор қуанышпен еске аламын! Сіздің Польшаға былтырғы сапарыңыз елде­ріміздің экономикалық ынтымақ­тас­тығын дамытуға зор үлес қосты. Сіздің сапарыңыз осы бағытта жүргі­зіліп жатқан жұмыстарға тың серпін бергенін ерекше атап өткім келеді. Польшадан Қа­зақстанға жеткізілетін тауар көлемі 50%-ға, ал Қа­зақ­­станның Польшаға жолдайтын тауары 80%-ға арт­­ты. Осы­лайша, сіздің бізге келген сапарыңыздың нә­тижес­і айқын кө­рінуде. Мен соған қуаныштымын, – деді А.Дуда.
Еркін отырып, өзара пікір алмасқан, маңызды еларалық және жаһандық мә­селелер бойынша ақылдасқан прези­денттерге ізінше қос мемлекеттің ресми делегациялары қосылып, Ақордада ке­ңейтілген құрамда кездесу өтті. Келіс­сөздерді ашқан Елбасы былтыр Вар­шаваға жасаған сапарының нәти­же­лерін атап өтті. Онда Қазақстан – Польша бизнес-форумы аясында құны 1 мил­лиард долларға жуық 15 коммер­циялық құжатқа қол қойылып, Қа­зақ­стан мен Польша арасында тікелей әуе қатынасын орнату жөнінде уағда­лас­тыққа қол жеткізілді.
Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың өзінде Қазақстанда поляк капиталының қатысуымен 10 кәсіпорын іске қосылып, 100 миллион долларға жуық ин­вес­тиция салынғанын айтты.
– Биыл Польша экономикасы Қазақстан экономикасы сияқты 4%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл өсім бізге бола­шаққа зор үмітпен қарауға мүмкіндік береді. Белгілі тарихи оқиғалардан кейінгі Қазақстан мен Польшаның трансформациялану жолдары ұқсас. Оның нәтижесінде, халықтарымыздың әл-ауқаты артты, заманауи экономи­камыз қалыптасты, халықаралық дең­гейде танылдық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда бизнесмендер мен инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайларға назар аударып, сауда-экономикалық сала­дағы кооперацияны одан әрі кеңейту­дің маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Халықаралық ұйымдар Қазақ­стандағы инвес­ти­циялық климат ең қолайлы деп санайды. Қазір біз­де шетел­дік инвесторлармен жұмыс істейтін «Қазақ Инвест» компаниясы құрылды. Сондай-ақ EXPO көрмесі аяқталған соң, «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Онда ағылшын құ­қ­ығы қолданылатын болады. Әлемдік қаржы инс­титутта­рының барлығы дерлік «Астана» ха­лық­ара­лық қаржы орталығымен жұмыс істеуге келісім бе­ріп отыр, – деген Қазақ­стан Президенті поляк та­­ра­­­пын да осы орталық қызметіне қатысуға шақырды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Польша үшін өңірдегі басты сауда серік­тесі әрі «Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері нарығына шығатын сенімді плацдарм» болып саналатынын айтты.
Анджей Дуда Нұрсұлтан Назарбаев­тың былтыр­ғы Польшаға жасаған сапары екі мемлекет арасындағы сауда-эконо­микалық қарым-қатынасты жақсартуға серпін бергенін атап өтті.
– Біз бірлесе күш жұмылдыруы­мыз­дың арқа­сын­да тауар айналымының жоғары деңгейіне қол жеткізе алатыны­мызға сенімдімін. Сондай-ақ EXPO – 2017 көрмесіне қатысып, Польша мен Қа­зақстан павильондарын көруге мүмкіндік жасалғаны үшін ризашылық білдіремін. Бұл көрме жаңар­ты­латын энергия көздеріне және шикізаттың дәстүрлі көз­дерін қоршаған орта үшін қауіпсіз қолдануға байланысты за­манауи технологияларды көрсетуге мол мүмкін­дік береді, – деді Польша президенті.
Кездесу аяқталғаннан кейін мем­лекеттер басшылары екі елдің өздерін күткен бұқаралық ақпарат құралдары­ның өкілдері алдына шығып, бірлескен брифинг өткізді. Қазақстан Президенті журналистер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Польша арасындағы өзара қарым-қатынас 25 жыл ішінде дипломатиялық байланыстар орнаған сәттен бері дамып келе жатқанын атап өтті. Елбасының айтуынша, келіссөздер барысында екі елді де қызықтыратын өңірлік және жаһандық мәселелер талқыға салынған.
– Біздің елде Польша капиталының қатысуымен 115 кәсіпорын жұмыс істеуде, 200 миллион доллар­дан астам тікелей инвестиция салынды. Машина жа­сау, ауыл шаруашылығы, энергетика, химия, кө­лік, құрылыс салаларының перспективасы зор, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Азия мен Еуропа арасында жүкті жедел жеткізу үшін заманауи көлік инфра­құрылымын қалыптастыруға бағытталған жоба­ларды бірлесе іске асыруға дайын еке­німізді білдірді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ ғы­лым мен білім беру және мәдени-гума­нитарлық салаларында екі ел арасын­дағы байланыстарды дамыту мә­селе­­­­леріне тоқталды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті поляк әріптесіне еліміздің Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестігі және ынтымақтастығы жөніндегі келісімді ратификациялағаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Польшаның 2018-2019 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігі кезеңінде халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс атқарудың ма­ңыздылығын атап өтті.
Польша президенті екі елдің бір­лескен іс-қимылы экономикалық қа­рым-қатынастарды ілгерілетіп, оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бере­тініне сенімді екенін айтты.
– Біз Қазақстан – Польша қарым-қатынастарын жақсартуға бағытталған жолмен жүріп келеміз. Мен Қазақстан Президентіне БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің тұрақты емес мүшелігіне сай­лануда Польшаның кандидатурасын қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын. Біз осы ұйымдағы жұмысымызда Қа­зақстанның тәжірибесін пайда­ланатын боламыз. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақ­стан­ның рөлі аса маңызды. Әсі­ресе, елде­ріңіздің Сириядағы қақты­ғысты бейбіт реттеу жөніндегі тиімді мис­сиясын ерек­ше атап өткім келеді, – деп түйді А.Дуда.
Ақордадағы келіссөздер кезінде Елбасы қазақстандықтардың Польшаға сапарына визасыз тәртіп енгізуді ұсын­ды, бұл ұсынысты поляк елінің басшысы А.Дуда құптады.
Польша президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айт­қанда, «Жасыл көпір» әріптестік бағ­дар­ламасы туралы хартия, Қазақ­стан­ның Ұлттық экономика ми­нистрлігі мен Польшаның Даму және қаржы министрлігі арасын­дағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*