Жаһандық сыйлық тапсырды

1279
0
Бөлісу:

Елбасы исламдық қаржыландыру саласындағы Жаһандық сыйлықпен (GIFA) марапаттау салтанатына қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев исламдық қаржылар «әлемдік қаржы жүйесінің өте жылдам өсуші индус­трияларының біріне айналғанын» атап өтті.

– Исламдық қаржыландырудың жыл­дық айналымы әлемде 2 триллион доллардан асады. Ол соңғы 10 жылда 3 есе өсімге қол жеткізді. 2020 жылға қарай бұл сан 3 триллион долларға дейін жетеді деп күтілуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бүгінде исламдық қаржы институттарының қызметі тек мұ­сыл­ман әлемі елдерімен ғана шек­тел­мейтініне назар аудартты.
– Бұл қаржы институттарының қызметі Австралия, Ұлыбритания, Үндістан, АҚШ, Фран­ция және Жапонияда кең таралған. Жаһан­дық жүздікке кіретін әлемдік бірқа­тар банктер өз құрылымдарында исламдық бөлімшелер құрды. 2009 жылдан бері Қа­зақстан ТМД және Орталық Азияда ислам­дық қаржыландыруды ендіру бойынша көш­басшы болып келеді, – деді
Н.Назарбаев.
Бұған қоса, Елбасы Рейтер агенттігінің есебіне сәйкес, 2015 жылы Қазақстан исламдық ин­вестициялар үшін тартым­дылық бойынша 5-орын алғанын еске салды. Бұл рейтингте Ис­лам ынтымақ­тастығы ұйымына мүше 57 ел бар.
– «Бостон консалтинг групп» зерттеу­лерінің нәтижелері бойынша Қазақстан­дағы исламдық қаржыландыру активтерінің әлеуетті көлемі 2025 жылға қарай 23 миллиард долларға жетуі мүмкін. Осыған байланысты, исламдық банктер активінің көлемі бүкіл банктік сектордың 10%-ын құрауы ықтимал, – деді Президент.
Қазақстан Президенті қазір елімізде банкинг, сақтандыру, лизинг салаларында бірнеше ислам қаржысы институттарының жұмыс істеп тұрға­нына тоқталды.
– Менің бастамаммен 2010 жылы Қазақстанда тұңғыш ислам банкі – «Әл-Хилал» банкі құрыл­ды. 2012 жылы Қазақ­стан­ның Даму банкі алғаш рет «Сукук» ислам облигацияларын шығарды. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 240 миллион Малайзия рингитін құрайтын облига­циялар сәтті өтелді. 2018 жылы 300 мил­лион долларға дейінгі мемлекеттік ислам құнды қағаздарын (тәуелсіз сукук) шығару жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ислам қаржы­сының маңызды бағыты ретінде әлеуметтік жобаларды, білім беру және ағарту шараларын қаржылан­дыруды атап өтті:
– Қазақстан үшін Ислам даму банкімен жұмыс істеудің маңызы зор. Ол ислам қаржысы мен банкингі индустриясын да­мыту ісінде Қазақстанның басты әрі стра­тегиялық серікте­сінің бірі саналады. Бү­гінде банк тобы тартқан заемдар есебінен жалпы құны 500 миллион дол­лар­ға жуық 23 жоба іске асырылды. 900 мил­­лион долларды құрайтын жаңа 12 жо­баны іске асыру жоспарланып отыр, – деді ол.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Аста­нада EXPO – 2017 көрмесінің базасында Халықаралық қаржы орталығы құрылатын атап өтті.
– Барлық қатысушыларды біздің жобала­рға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Жалпы, Қазақстанның алдында әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөніндегі биік мақсат тұр. Түбегейлі институционалдық рефор­малар іске асырылып жатыр. Биыл жаңа технологиялар мен инновацияларды жедел енгізу арқылы экономикамызды үшінші жаңғырту ісіне кірістік, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Жаһандық сыйлықтың атқарушы органына бұл рә­сімді елімізде ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірді.
– 2014 жылы Дубай қаласында осы ислам қаржысы саласындағы әлемдік көшбасшылық үшін сыйлығына ие болдым. Енді бұл марапатты Джибути президенті Исмаил Омар Геллеге тапсыру мен үшін зор мәртебе. Бұл марапат оған ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамытудағы зор жетістіктері үшін беріледі. Менің шынайы құттықтауымды қабыл алыңыз! Жаһандық сыйлықты тапсыру рәсіміне келгендердің барлығы әлемдік қаржы жүйесінің дамуына өздерінің елеулі үлестерін қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларға жемісті жұмыс пен зор табыс тіледі.
Исламдық қаржылар бойынша жаһан­дық есептің авторы, ағылшындық EdBiz Corporation негізін қалаған GIFA сыйлы­ғының ақшалай сыйы қарасты­рылмаған. Джибути басшысына берілу себебі – соның қолдауымен бұл елде исламдық қар­жы­лан­дыру үлесі бүкіл қаржылық сектордың 20%-ына жетіпті.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*