Бизнеске бүйрегіміз бұрады

1348
0
Бөлісу:

Форумға Қазақстан–Польша бизнесінің 450-ден астам өкілі қатысты. Қазақстан Президенті жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде елдері­міздің сауда-экономика саласын­дағы ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын айтып, бұл қарым-қатынасты кеңейтуге әлеуетіміздің жеткілікті екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы қолайлы инвести­циялық ахуал қалыптастыру үшін Қазақ­станда қабылданып жатқан шараларға және оның нәтижелеріне тоқталды.
– Польша азаматтары Қазақстанда виза­лық талаптардан босатылған. Шағын және орта бизнесті, машина жасау және ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде жұ­мыс топтары құрылды. Елдеріміз арасында жұмыс істеп жатқан үкіметаралық комис­сияның рөлі маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаңа экономикалық «Жібек жолы» құрылысына қатысуы жөнінде айтып, екіжақты экономикалық ынты­мақ­тастық аясында іске асырылып жатқан Қа­зақстан – Польша жобаларына тоқталды.
– «Польфарма» фармацевтикалық ком­паниясы табысты серіктестіктің жар­қын мысалы саналады. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында «Селена групп» компаниясы құрылыс материал­дарын шығаратын жобаны іске асырды. «ҚазТехМаш» зауыты «Пронар» поляк технологиясын қолдана отырып, Петро­павлда ауыл шаруашылығы техни­каларын жасауға кірісті. Жалпы Қазақ­станда поляк капиталының қатысуымен 115 кәсіпорын жұмыс істеуде, – деді Мем­лекет басшысы.


Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық қарым-қатынасты одан ары дамытуға мүд­делілік танытып, Қазақстанда алдағы ке­зеңде бизнес жүргізуге себеп болатын бір­қатар мәселені атап өтті.
– Президент жанында Шетелдік ин­весторлардың кеңесі жұмыс істейді. 61 ел­дің азаматтары үшін визасыз режим енгі­зіл­ген. 10 арнайы экономикалық аймақ пен 20-ға жуық индустриялық аймақ жұмыс іс­теуде. Мемлекет осы аймақтардың жұ­мысына қатысушыларды қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз етіп отыр. Оларға салық жеңілдіктері мен артықшылықтар берілген. Бұдан бөлек, жер қойнауын пай­далануға лицензия алу және шартқа отыру тәртібі жеңілдетілді, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы поляк бизнесмендерін еліміздегі кәсіпорын­дардың активтерін жекешелендіруге қа­тыстыру арқылы ынтымақтастықты ны­ғайту және аграрлық секторда қарым-
қатынас орнату мүмкіндіктеріне тоқ­­талды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жеделдетілген жаңғыру үдерісі экономи­ка­лық байланыстарды кеңейтудің қосымша мүмкіндігі болып саналатынын айтты.
– Біз іскерлік туризмнен экология­-лық және рухани туризмге дейінгі ту­ризмнің барлық түрін дамытуға зор мән береміз. Тікелей әуе қатынасының ор­нағанын ескеріп, өзара ынтымақтасуға және туристік өнімдерді ілгерілетуге мүд­деліміз. EXPO көрмесі аяқталған соң оның база­сында «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы жұмысын бастайды. Сон­дай-ақ EXPO базасында Жасыл технологиялар мен инвестицияларды да­мыту жөніндегі ха­лықаралық орталық жұмыс істейтін бо­лады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті биз­несті дамыту және өзара тиімді серіктестікті нығайту үшін бизнесмендерді барлық мүм­кіндікті пайдалануға шақырды.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*