ЖАҢА БАСТАМАЛАРДЫ ЖАТСЫНБАҒАН

1250
0
Бөлісу:

Шығыс Қазақстанның даму қарқыны көңіл қуантады


«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Шығыс Қазақстан облысына барды. Сапардың басты мақсаты – «Өңірлерді дамыту – 2020», «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы сияқты негізгі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен және Қазақстанды үшінші жаңғырту аясындағы өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысу. Соған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед Өскемен қаласында жаңадан салынып жатқан 19-ықшамауданның құрылыс қарқынын тексеріп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған «Силумин-Восток» зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасы айқындап берген басым бағыттарды жүзеге асырудың тиімді жолдарын сөз етті.

Жалпы Өскемен қаласындағы 19-ық­шам­ауданда 2021 жылға дейін 140-тан астам тұрғын үй салу жоспарлануда. Соның нәтижесінде жалпы ауданы 876 мың шаршы метрді құрайтын 14327 пәтер халық игілігіне берілмек. Облыс орталығында мұндай ауқымдағы құрылыс жұмыстарын жүргізуге Елбасының бастамасымен қолға алынған жаңа мемлекеттік бағдарламаның арқасында мүмкіндік туып отыр. Аталған тұрғын үйлерге инженерлік және комму­никациялық инфрақұрылым жүргізу үшін тек «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірге 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Жаңа пәтерлердің халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне, бюджетті мекемелердің қызметкерлеріне және мемлекеттік қызметкерлер мен әске­рилерге берілетінін ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ жаңа аудандағы үйлерден «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салым­шылары мен «Самұрық-Қазына» ұттық әл-ауқат қоры және тағы басқа жобалар арқылы да пәтер алуға болады.
Мұхтар Құл-Мұхаммед Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахме­товпен бірге аталған үйлердің құрылыс жұмыстарымен арнайы танысты. Бола­шақта бұл ауданда Өскемен қаласы­ның орталығын құру көзделуде. Қазірдің өзінде мұнда тұрғын үйлерден бөлек, облыстық сот, прокуратура, қан орталығы, 1000 орын­дық орта мектеп, балабақша және дзюдо орталығының ғимараттары пайда­лануға берілген. Өскемен қалалық әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Құдияровтың айтуынша, келешекте бұл ауданда оқушылар сарайын, спорт кеше­нін, кинотеатр, студенттер қалашығын, қазақ драма театрын және қазіргі заманғы сауда орталығын салу жоспарланып отыр.


Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

– Елбасының «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша Шығыс Қазақстан облысына бүгіннің өзінде 150 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазір біз тұрған жерде алдағы уақытта 144 тұрғын үй салынып, мыңдаған адам пәтерге ие болады. Мұндай кең көлемдегі тұрғын үй құрылысы Өскеменде ешқашан болған емес. Осының бәрі Елбасымыздың Шығыс Қазақстан халқына жасаған ерекше қамқорлығының арқасы. Бұдан артық қандай қамқорлық болуы мүмкін?


Осы жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының өңірге жасап отырған ерекше қамқорлығының арқасы екенін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасының «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарла­малары бойынша Шығыс Қазақстан облысына бүгіннің өзінде 150 млрд теңге­ден астам қаражат бөлінді. Қазір біз тұрған жерде алдағы уақытта 144 тұрғын үй салынып, мыңдаған адам пәтерге ие болады. Мұндай кең көлемдегі тұрғын үй құрылысы Өскеменде ешқашан болған емес. Осының бәрі Елбасымыздың Шығыс Қазақстан халқына жасаған ерекше қамқорлығының арқасы. Бұдан артық қандай қамқорлық болуы мүмкін?» деді.
Шығыс Қазақстанда құрылыс саласы­мен қатар өндіріс көлемі де жылдан жылға ұлғайып келеді. Соңғы жеті айда облыста өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 845 млрд теңгеден асты. Үшінші жаңғыру бағдарламасы аясында қарқынды жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қатарында «Силумин-Восток» ЖШС да бар. Бұл жерде сорғыш қондырғылары, құбыр желісіне арналған арматуралар және кез келген жұмысқа қолдануға болатын элек­тротехникалық бұйымдар дайында­лады. Таяуда аталған өнеркәсіп орны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 213,5 млн теңге көлемінде несие алған. Бұл қаржы жаңа қондырғылар сатып алуға жұмсалды. Мемлекет тарапынан жасалған осындай қолдаудың арқасында шығыс­қазақстандық кәсіпкерлер Орталық Азия мен Ресей нарығына шығуға мүмкіндік алып отыр. Ең бастысы, Өскеменде дайын­далған технологиялық өнімдердің сапасы шетелдік бұйымдардан еш кем емес.
Зауыттың жұмысымен танысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед мұның бәрі Елбасы­мыздың ерен еңбегінің жемісі екенін назарға алды. «Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап елімізде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасап келеді. Жыл сайын осы салаға республикалық бюд­жеттен миллиардтаған қаржы бөлінуде. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тіктің арқасында кәсіпкерлер де әртүрлі ірі жобаларға өз инвестицияларын сала бас­тады. Соның нәтижесінде тек қана Шығыс Қазақстан облысында 40-тан астам жаңа кәсіпорын ашылып, онда түрлі салалар бойынша мамандаған 6 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған» деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Бұл кәсіпорындардағы қондырғылар шағын және орта бизнес ел экономика­сының 60-70 пайызын құрайтын Жапония, Корея сияқты ең дамыған елдерден әкелін­ген. Жұмыстың барлығы 4G деңгейіндегі супертехнологиялар арқылы жүргізіледі. Соның арқасында елімізде заманауи технологиялардың тілін еркін меңгерген білікті мамандардың саны артты. Бүгін­гідей үшінші жаңғырту жағдайында мұндай бастамалардың ел экономикасына тың серпін берері сөзсіз. Осы мәселелерге ерекше тоқталған Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Мем­лекет басшысының шағын және орта бизнеске жасап отырған ерекше қамқор­лығы үш бірдей өзекті мәселенің оң шеші­луіне ықпалын тигізеді. Олар: біріншіден, өңірлердің экономикасы әртараптан­дырылады. Екіншіден, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылады. Үшін­шіден, ішкі және әлемдік нарықта сұранысқа ие, жоғары бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіріледі» деді.
«Силумин-восток» зауытының іргесі 1996 жылы қаланған. Алғашында мұнда бар болғаны 11 адам жұмыс істесе, бүгінде кәсіпорын 240 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Қазіргі таңда мемлекеттің қолдауының арқасында зауытымыз қар­қынды жұмыс істеп тұр. Түрлі инженер­лік жұмыстармен айналысатын біздің зауыт үшін мұндай қолдаулар таптырмайтын мүмкіндік. Соның арқасында бүгінде жоба­лау кезеңінен бастап кез келген күрделі нысандарды салуға және ғимарат­тарды автоматтандыруға мүмкіндік алдық» дейді «Силумин-Восток» ЖШС-ның даму жөніндегі директоры Зоя Новолодская.
Сонымен қатар, сапар барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс орталығын­дағы этнографиялық кешенде болды. Онда партия Төрағасының Бірінші орынбасары Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен кез­десіп, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сындағы тың бастамалар жайында әңгіме өрбітті. Іс-шара барысында ассамблея өкілдері сөз алып, рухани жаңғырудың жас ұрпаққа берер өнегесі мол екеніне тоқ­талды. Осы ретте этнографиялық ке­шенде елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің 17 үйі орналасқанын атап өткен жөн.
«Нұр Отан» партиясының облыстық активімен кездесуде Мұхтар Құл-Мұхам­мед Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық баста­масын әр шығысқазақ­стандыққа жеткізіп, түсіндірудің маңызы зор екеніне ерекше назар аударды. Соған орай нақты тапсыр­малар беріп, осы жолда партияның әр қыз­меткері аянбай еңбек етуі керектігін айтты.

Еламан ҚОҢЫР,
суреттерді түсірген Рустам АМАНТАЙ


Пікір

Қуат ТҰМАБАЕВ,
Өскемен қаласының әкімі:
– Елбасымыз еліміздің қарқынды дамуы үшін барлық жағдай жасап берді. Соның нәтижесінде Өскемен қаласының сол жағалауында жаңа 19-шағынаудан бой көтеруде. Бұл жоба «Өңірлерді дамыту – 2020», «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ламалары аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс алаңының жалпы аумағы 540 гектарды құрайды. Бүгінде аталған аудан барлық қажетті инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылыммен жүз пайызға қамтылды.
Ауданда алғашқы үйлер 2008 жылы салынды. Содан бері 49 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы жоспар бойынша 144 үй салынады. Яғни, 14 мыңнан астам пәтер тапсырылады. Пәтерлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге беріледі. Одан бөлек, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі», «Қа­зақстан ипотекалы компаниясы», «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы, «Самұрық-Қазына» жылжы­майтын мүлік қоры арқылы және сатып алу құқығымен жалға алуға мүмкіндік бар. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке кәсіпкерлер де жаңа ау­данда үйлер салып жатқанын атап өткен жөн.
Сонымен қатар ауданда облыстық сот, прокуратура, қан орталығы, мектеп, балабақша сияқты әкімшілік ғимараттар да салынып, халық игілігіне берілді. Алдағы уақытта аурухана, театр, спорт кешені, оқушылар сарайы сияқты тағы басқа нысандар бой көтереді. Қала­мыздың аз уақытта осыншалықты көркейіп, гүлденуі Мемлекет басшы­сының біздің өңірге жасаған ерекше қамқорлығының арқасы деп білемін.


Бауыржан ҚҰДИЯРОВ,
Өскемен қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
– Қазіргі таңда елі­мізде баспана мә­селесі ең өзекті екені белгілі. Тіпті бұл мә­селенің әлемдік дең­гейде де күрмеуі қиын. Дегенмен, елі­мізде бұл түйткілді оң шешу жолында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар істелді. Елбасымыздың сара саясатының арқасында бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде құрылыс қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде Өскемен қаласының жетістіктері де аз емес. Бүгінде жаңадан салынып жатқан 19-ықшамаудан келе­шекте қаламыздың орталығы болады деп жоспарланып отыр. Сондықтан бұл ауданда көп қабатты тұрғын үйлермен бірге әкімшілік ғимараттар да салынуда. Осы ретте ғимараттардың бірегейлігіне де аса мән берілетінін ерекше атап өткен жөн.
Ерекше атап өтетін жайт, жаңа ауданда мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар тұрғын үйлерге мейлінше жақын салынуда. Бұл мәселе де халық тарапынан жиі айты­латын ұсыныстар болғандықтан, жан-жақты ескерілді. Сондықтан келешекте Өскеменнің қазіргіден де көркейіп, өндірістік қаладан өсіп-өркендеген ірі шаһарға айналарына сенемін.


Дәурен БЕЙСЕМБАЕВ,
«ВК Техногрупп» құрылыс компаниясының директоры:
– Кез келген құ­ры­лысшы үшін жұ­мыс­тың тоқтамай жүр­гені қажет. Деген­мен, бұған кей жағдайда қаржы мәселесі қолбайлау болып жатады. Біздің жұмысымызда ондай кедергілер жоқ. Өйткені, біз құрылыс жұ­мыстарын жүргі­зіп жатқан 19-ықшам­ауданда барлық инфрақұрылым толы­ғымен тартылған. Ең бастысы, бұл жұ­мыстардың мемлекет тарапынан жүр­гізілгені біз үшін аса тиімді болды.
Қазіргі таңда Өскемен қаласында құрылыс жұмыстары өте қарқынды жүргізілуде. Тіпті бұрын-соңды шаһарда осыншалықты тұрғын үй мен ғимараттың бір мезгілде салынғаны есімде жоқ. Мұның бәрі – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Бүгінде Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша еліміздің әр түкпірінде тұрғын үйлер көптеп салынуда. Сол жұмыстардың жүзеге асуына құрылысшы ретінде өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан тұтамын.


Қанат ӘБСАДЫҚОВ,
«Силумин-Восток» ЖШС-ның сәулетшісі:

– Бұл зауытта жұмыс істеп келе жатқаныма үш жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында кәсіпорынның өндіріс аясы кеңейіп, түрлі жобалар қолға алынды. Елбасының өңірімізге көрсеткен қолдауының арқасында зауыттың тапсырыстары көбейіп, соған сәйкес жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Ең бастысы, бұл жердегі қызметкерлер әлемнің ең дамыған елдеріндегі осындай зауыттарда да еш қиналмай жұмыс істей алады. Себебі, біздің кәсіпорындағы қондырғылар дәл сондай дамыған елдердің тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Сондықтан біздегі жұмысшыларды әлемдік стандарттарға сай, жоғары технологиялардың тілін жетік меңгерген білікті мамандар деуге толық негіз бар.


Олег БОГАТЫРЧУК,
«Силумин-Восток» ЖШС-ның станоктар операторы:
– Бұл жерде кәсіпорын ашылған күннен бері еңбек етіп келемін. Ұжымымыз өте ұйымшыл. Еліміздің кемел келешегі жолында жұмыс істейтінімізді мақтан тұтамыз. Елбасы айтқан жаңа технологиялар мен автоматтандыруды енгізу жұмыстары біздің зауытта қарқынды жүргізілуде. Қазіргідей экономикалық дағдарыстарға қарамастан кәсіпорын жұмысы тоқтаған жоқ. Осындай дағдарыс кезінде жиі белең алатын қызметкерлерді қысқарту да болған жоқ. Қайта жыл сайын қатарымыз артып келеді.
Бұрын мұндай зауыттарда негізінен қара жұмыс күші көп қажет еді. Бүгінде ондай ауыр жұмыстардың барлығын технология істейді. Біздер тек соларды басқарып тұрамыз. Жұмыс орнымыз таза, еңбекке қажетті барлық жағдай жасалған. Жалақымызды да уақытында аламыз. Ендігі біздің міндетіміз Елбасы айтқан Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосуға өз септігімізді тигізіп, сол жолда ерінбей еңбек ету.


Сайлаухан АУХАДИЕВ,
Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Биыл Елбасымыз еліміздің асыл құндылықтарын дәріптеп, ұлттық мұраларымызды кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласын жариялады. Қазақстан халқы ассамблеясының шығысқазақстандық өкілдері және облысымыздың барша ардагерлері сол мақалада айтылған игі бастамаларды толығымен қолдайды және оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға дайын.
Бүгінде өңірімізде осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, нақты жобалар қолға алынып, алдағы 6 жылға жұмыс жоспары бекітілді. Келешекте сол жоспар бойынша жүйелі жұмыс істейтін боламыз. Мұндай рухани жаңғыру тек ұлттық құндылықтар мен мәдени мұралардың насихатталуына ғана жол бермей, барлық саланың тың серпіліс алуына мүмкіндік туғызады. Сондықтан Мемлекет басшысының әр бастамасын сәтті жүзеге асыруға баршамыз мүдделі болуымыз керек.


Юлия КУНСТ,
Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Шығыс Қазақстан облыстық корейлер қауымдастығының төрайымы:
– Бүгінде облысымызда 115 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың барлығы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын зор ықыласпен қабыл алып, ондағы басты бағыттарды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Солардың қатарында шығысқазақстандық корейлер де бар.
Бағдарлама аясындағы «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны», «Тәрбие және білім» сияқты жобалардан бөлек, Қазақстан халқы ассамблеясы «Шығыс Қазақстан – дау-жанжалсыз аймақ» атты өз жобасын жүзеге асырмақ. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық корейлер қауымдастығы да өз жобасын дайындады.
Рухани жаңғыру бағдарламасы – Қазақстандағы барша халықтардың татулығын бұрынғыдан да арттырып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» әрекет етуге берілген тамаша мүмкіндік. Сондықтан барша отандастарды Елбасы бастамаларының аясында күш біріктіруге шақырамын.


Абылайхан ҚАБДЕНОВ, Өскемен қаласының тұрғыны:
– Қаланың көр­кейгені алдымен оның тұрғындарына жақсы. Сондықтан Өс­кеменнің күн са­нап жайнап, жарқы­рауы біз үшін зор қуаныш. Осыдан бір жыл бұрын жаңадан салынып жатқан 19-шағынауданнан мемлекеттік бағдарлама арқылы екі бөлмелі пәтер алдық. Қазіргі таңда қандай болсын өз баспанаңа қол жеткізу – үлкен жетістік. Қуантатыны, қаламызда пәтерлі болған жастардың қатары көбейіп келеді. Ол әрине – Елбасымыздың жастарға жасаған қамқорлығы мен қолдауының арқасы.
Бүгінде тұрақты жұмысым, өз бас­панам бар. Қаламыз да қарқынды дамып, неше түрлі әдемі демалыс орындары ашылуда. Енді Ертістің екі жағалауы бірдей дамитын болды. Бұл үлкен қалаларға тән екенін ескерсек, Өскеменнің болашағы жарқын екенін аңғарамыз. Осының бәрі – Елбасы­мыздың елді ұйытып, бейбітшілік пен тыныштықта ұстап отыруының жемісі. Сол үшін Президентімізге ризашы­лығымды білдіремін.


Константин ПАНЬШИН,
«Силумин-Восток» ЖШС-ның коммерциялық директоры:
– Зауытымыз заманауи ста­нок­тармен жабдық­талған. Бұл бізге өнімдерімізді ең жоғары сапада дайындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұтынушылары­мыздың да көбеюіне айтарлықтай септігін тигізуде. Біздің осындай жоғары технологиялармен жұмыс істеуімізге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың септігі көп тиюде. Атап айтқанда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие алып, оны бүгінде жүз пайызға игердік.
Дәл біздегідей технологиямен Еуропаның маңдайалды зауыттары жұмыс істейді. Тіпті ол жақта осындай станоктармен ірі ұшақтардың бөл­шектерін дайындайды. Міне, бұл «Силумин-Восток» зауытының жұмыс қуаты қандай екенінен хабар береді. Осындай ірі кәсіпорынның өңірімізде ашылып, жұмыс істеуі біріншіден Елба­сымыздың Шығыс Қазақстанға жасаған қамқорлығы мен қолдауының арқасы дер едім. Соның нәтижесінде зауытта жұмыс істейтін 250 жұмысшы айлық­тарын уақытылы алып отыр. Одан бө­лек, зауыт жұмысшыларының бой сер­гітуіне арналған өзіміздің арнайы спорт залымыз бар екенін де атап өткен жөн.


Зоя НОВОЛОДСКАЯ,
«Силумин-Восток» ЖШС-ның даму жөніндегі директоры:
– «Силумин-Восток» зауытының іргесі 1996 жылы қаланды. Алғашында мұн­да бар болғаны 11 адам жұмыс істе­се, бүгінде кәсіпорын 250-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда мемлекеттің қолдауының арқасында зауытымыз қарқынды жұмыс істеп тұр. Түрлі инженерлік жұмыстармен айналысатын өндіріс ошағы үшін мұндай қолдаулар таптырмайтын мүмкіндік. Соның арқасында бүгінде жобалау кезеңінен бастап кез келген күрделі нысандарды салуға және ғимараттарды автоматтандыруға мүмкіндік алдық.
Осы ретте зауытымызда Елбасы биылғы Жолдауда айтқан цифрлы технологияларды қолдану арқылы жаңа индустрияларды өркендету ісі қарқынды жүріп жатқанын айтқым келеді. Нақты айтқанда, кәсіпорындағы кейбір қондырғылар Жапониядан әкелінген. Олар толығымен компьютерлендірілген. Тіпті кейбірін интернет арқылы қашықтықтан басқаруға болады. Бұл Мемлекет басшысының сапалы өнім шығару арқылы еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бастамаларының жемісі екені сөзсіз.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*