Энергия үнемдеу әкімдер рейтингіне кіреді

1284
0
Бөлісу:

Қазақстандықтар мен компаниялар жылумен жабдықтайтын коммуналдық қызметтерге 13 миллиард теңгеден астам қарыздарын әлі өтемепті. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кешегі отырысында жария етілді. Жиында Үкімет мүшелері алдағы жылыту маусымына дайындық барысын қарады. Сондай-ақ отырыстың күн тәртібіне «энергия үнемдеу және энергия тиімділігі мәселелері» мен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында білім беру нысандары құрылысының барысы» шығарылды. 

Бірінші мәселе бойынша баяндаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев­тың айтуынша, энергетикалық кәсіп­орындардың алдағы күз-қыс кезеңіне дайындық жұмыстары аяқталуға жақын­дап қалыпты. Ай сайын мүдделі мем­лекеттік органдардың және компания­лардың қатысуымен түйткілді мәселелерді талқылап, оларды шешу үшін қажетті шараларды қабылдау бойынша салалық селекторлық кеңестер өткізіліп тұрады.
– Биыл 10 энергия блогына, 61 энер­гетикалық қазандыққа және 49 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспар­ланған. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша 4 энергия блогында, 28 қазандықта және 22 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергия бло­гында, 30 қазандықта және 21 турбинада осы жұмыстар аяқталудың әртүрлі сатысында. Тұтастай алғанда, жұмыстар кестеге сай жүргізілуде, – деді Қ.Бозым­баев.
Сондай-ақ оның мәліметінше, осы жылы жалпы ұзындығы 25 мың шақырым болатын электр тарату желісіне және 6300 подстансаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған екен. Қазір 17 мың шақырым желіге жөндеу жұмыстары жүргізілген, бұл жоспардың 71%-ын құ­райды. Мұнда да жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Электр стансаларында 3,7 миллион тонна көлемінде көмір қоры қалыптастырылды, бұл өткен жылдың деңгейінен 24%-ға артық. Бұған қоса, 82 мың тонна мазут бар.
Осы орайда Үкімет жетекшісі мазут қорына қатысты мәселе барлығын жа­сырмады.
– Жылыту маусымының басталуына көп уақыт қалған жоқ. Әсіресе, солтүстік өңірлерде бір айдан соң суық түсуі мүмкін. Сол себепті, осы мәселелерді қатаң бақылауда ұстауларыңызды сұ­раймын. Мені атыма хаттар түсуде, оның иелері мазут сатып алу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлуді сұрайды. Қанат Алдабергенұлы (Энергетика министрі), осы мәселені Қаржы министрлігімен пысықтаңыз. Жыл сайын резервтен қаржы бөлеміз ғой, егер биыл да қосымша берсек, оны әріге ұзатпайық. Кімге мазут қажет, олардың барлығы хат жолдап болған шығар, барлығын қарап, келесі отырысқа қарай қайсысына резервтен қанша қаржы бөлінетінін, қайсысына мүлдем берілмейтінін айтыңыздар, – деп тапсырды Премьер.
Үкімет отырысы кезінде министр Қ.Бозымбаев қысқа дайындық бойынша проблемалы нысандарға тоқтала келе, «АрселорМиталлдың» жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстарын қатаң сынға алды. Ол бірқатар өңірлерде жылыту маусымын орнықты өткізу үшін қосымша шараларды қабылдауды талап ететін түйткілді мәселелер барлығын нұсқады.
– Атап айтқанда, Қарағанды об­лысында, соның ішінде «Арселор Миттал Теміртаудың» ЖЭО-2-сінде энергетика нысандарын күз-қыс мезгілдерінде жұмыс істеуге даярлау мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Әзірленген кестесіне сәйкес, бұл ЖЭО-ның 3 қа­зандығы мен 1 турбинасында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қыркүйектің басындағы жағдай бойынша 2 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталған. №6 қазандықта 22 қарашаға дейін және №2 турбинада 30 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алайда осы стансада жөндеу жүргі­зілгеннен кейін де апаттық тоқтаулар тіркеліп отыр. Бұл биыл жаңадан жүр­гізілген жөндеу жұмыстарының сапасыз­дығын паш етеді, – деді еліміздің бас энергетигі.
Ол басқа электр стансаларының да дайындығына бақылауды күшейту қажеттігін атап көрсетті.
– Павлодар облысында «Алюминий Қазақстан» АҚ-тың ЖЭО-1-індегі жөндеу жұмыстарының барысы Энер­гетика министрлігінде әлденеше рет қаралды. Ол жерде биылғы 17 шілдеде тәмамдалуға тиіс №2 қазандықтың күрделі жөндеуі әлі күнге аяқталмаған. Қыздыру жабдығын жеткізудің кешік­тірілуі кесірінен, жөндеуді тек қазан айында аяқтау жоспарлануда. Бұған қоса, №4 қазандықтың ағымдағы кеңейтілген жөндеуі де 1 шілдеден бері бітпей келеді. Екі қазандықтың жөндеуінің аяқтал­мауына байланысты №5 қазандықтың жөндеу жұмыстары басталмаған, ал ол 15 шілдеде басталуы тиіс еді, – деді министр.
Ол сонымен қатар Маңғыстау об­лысында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың «Қаламқас» газдытурбина стансасы «өте тұрақсыз жұмыс жасап тұрғанын» мәлім етті. «Жыл басынан бері 12 рет толығымен тоқтауы тіркелген. Соның ішінде бесеуі жазғы уақытқа келді. Бұған, негізінен, технологиялық қорғаныштың жұмысы себеп болуда: ол күйіне келтіруді (пере­настройка) талап етеді. Бұл жұмыс қазан-қараша айына жоспарлануда» – деді Қ.Бозымбаев. Министр еліміздің бірқатар өзге өңірлерінде де проблемалық ны­сандар барын жеткізді.
Артынша сөз алған Қарағанды облысы әкімінің энергетика, тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық және төтенше жағдайларға жауапты жаңа орынбасары Анатолий Шкарупа «өңірде биылғы жөндеу жұмыстары өткен үш жылғы жылдық көлемдерден екі есеге асып түсіп отырғанын» баяндады. «Қазіргі кезде кестеден артта қалушылық жоқ», – деп сендірді ол.
– Бақылауда ұстаңыздар! Әсіресе, Теміртау жақты. Өткен жылғы жағдай, Шахандағы оқиға да қайталанып жүр­месін! – деп қатаң ескертті өңір басшы­лығына Премьер Б.Сағынтаев. Еске сала кетсек, 2017 жылғы 11 және 13 қаңтарда Теміртаудағы ЖЭО-2-де үш жылыту қазандығы бірінен соң бірі істен шыққан болатын. Содан жылу беру тек 16 қаңтарда ғана қалпына келтірілді. Кейін жылыту маусымын «жарға жыққаны» үшін «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-қа 85 мил­лион теңге айыппұл салынды.
Анатолий Шкарупа бесқабатты тұрғын үй жертөлесіндегі қазандық жа­рылып, тоғыз адам қаза тапқан Шахан­дағы қайғылы оқиғадан кейін бұл кентте қазандықтарды үйлерден шығарып, аулағырақ орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Шахандағы 30 автономды жылыту жүйелерінің 18-і жылыту маусымы басталғанша сыртқа шығарылады. Тағы 12 жүйені шығару келер жылға қалды, себебі жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу керек. Бұл, негізінен, Ақадыр кентіндегі үйлерде пайдаланылатын қа­уіптілігі төмен горизонтальды қазан­дықтарға қатысты болып отыр. Төтенше жағдайға жол бермеу үшін қазандықтарға зерттеу жүргізілді және жұмысшылары оқытылуда» деді облыс әкімінің орын­басары.
Отырыста Энергетика министрі еліміздің газ-тасымалдау инфра­құры­лымының нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, оларға техникалық қызмет көрсету кестелер мен жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады. Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне алдағы жылыту маусымында «Қазақстан – Қытай», «БГР-ТБА», «Бейнеу – Шымкент» газ құбырлары арқылы газ жеткізу және Амангелді кен орнының газы есебінен де қамтамасыз ету көзде­луде. Жерасты қоймаларында газдың қажетті қоры жинақталуда, қазірдің өзінде оларға 3,4 миллиард текше метр газ немесе жоспардағы көлемнің 96%-ы жүктелген.
Қ.Бозымбаев отандық жылу-электр орталықтарынан газ үшін «Қазтранс­газаймақ» алдындағы қарыздарын өтеуді сұрады. «Оңтүстік Қазақстан облысында шамамен 2,3 миллиард теңге қарыздың қордалануына байланысты 27 наурызда «3-Энергоорталық» АҚ-тың Шымкент ЖЭО-сына газ жеткізу тоқтатылды. Сондай-ақ шілде-тамыз аралығында осы АҚ-тың есептік шоты тұтқындалды. Кейін үшжақты келісім бекіту арқасында 805 миллион теңге төлем жасалды және АҚ-тың есептік шотынан бұғаттау алып тасталды. Қалған 1,5 миллиард теңге қарызды жылыту маусымы басталғанша өтеу жоспарлануда» деген Қанат Алдабергенұлы осыған орай облыс басшылығынан бұл мәселені бақылауға алуды сұрады. Себебі, Шымкент ЖЭО-сы жарты жылдан бері тоқтап тұрған көрінеді.
Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша ЖЭО-лар «Қазтрансгазай­маққа» 3,8 миллиард теңге қарыз болып қалған. Оның ішінде «МАЭК-Қаз­атомөнеркәсіпке» – 1,4 млрд теңге, «Ал­матытеплокоммунэнергоға» – 473 млн теңге, «Ақтөбе ЖЭО-ға» – 354 млн теңге, Орал қаласының «Жайықтеплоэнерго» кәсіпорнына 101 млн теңге борыш тиесілі. Сондықтан Энергетика министрі облыс әкімдерінен бұл мәселеде қажетті шараларды қабылдауларын өтінді.
Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те 2017 жылғы тамыз айындағы жағдай бойынша тұтынушылардың коммуналдық қыз­меттер үшін берешегі 13 миллиард 580 миллион теңгені құрайтынын хабарлады.
– Ең көп берешек мынадай өңірлерде сақталып отыр: Алматы қаласында – 3 мил­­лиард 3 млн теңге, ОҚО-да – 3 мил­лиард 702 млн теңге, Маңғыстау облысында – 1 миллиард 894 млн теңге, Павлодар облысында – 858 млн теңге. Жалпы, жылыту маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр және тұрақты бақылауда болады, – деді Ж.Қасымбек.
Үкімет отырысында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министр­лерінің, сондай-ақ өңір әкімдерінің әлеуметтік сала нысандарының жылыту маусымына дайындығы туралы есептері тыңдалды. Білім және ғылым министрі басшысы Ерлан Сағадиев білім беру ны­сандарының алдағы жылыту маусы­мына даярлығына мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді. «Облыстар және Астана мен Алматы қалалары әкімдік­терінің ақпараты бойынша жылыту маусымына 2 617 мемлекеттік балабақша, 7 094 мемлекеттік мектеп, 473 колледж және 130 жоғары оқу орны дайын. Білім беру нысандары жылыту маусымына әзірлік бойынша акттерді алды» деді ол.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың дерегінше, барлық өңірлер­де денсаулық сақтау ұйымдарын жөндеу және даярлау, отын сатып алу және жеткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. «Республикада денсаулық сақтаудың 5 774 нысаны жұмыс істейді, олардың 822-сі орталықтан жылытылады, 312-сі электрмен, 3 815-сі қатты әрі сұйық отынмен және 825-і газ жабдығымен жылытылады» деді ол.
Талқылауды қорытқан Бақытжан Сағынтаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Аталған жұмысқа жауап­кершілік бірінші вице-премьер Асқар Маминге жүктелді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазір Мемлекеттік энергетикалық реес­трге (МЭР) 5 мыңнан астам ұйым енгі­зілгенін хабарлады. 2015-2016 жылдары бұл субъектілер энергия үнемдеу шара­ларына 178 млрд теңгеден астам инвес­тиция салыпты. 2020 жылдың соңына дейін шамамен 200 млрд теңге ин­вестицияланады деп жоспарлануда.
Елімізде жалпы ішкі өнімді өндіру үшін кететін энергия шығыны 2008-2015 жылдар аралығында 28,2%-ға төмендепті. «Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасында ЖІӨ-нің осы энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай кемінде тағы 25%-ға және 2050 жылға қарай кемінде екі есе төмендету міндеті қойылып отыр.
Үкімет жетекшісі Б.Сағынтаев энер­гия тиімділігі саласындағы мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін Инвес­тиция­лар және даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне бірлесіп, «өнім бірлігін өндірудегі энергия тұтыну нормативтерін белгілеу» мәселесін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ әрбір жекелеген кәсіпорын үшін энергия шығынын жыл сайын төмендетіп отыру мәселесін пысықтау жүктелді. Бұдан өзге, Ұлттық экономика министрлігі энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру бойынша критерийді «орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметінің тиімділігін бағалау» рейтингіне қосатын болды.
Үкіметте кеше «Нұрлы жол» бағдар­ламасының беру саласында іске асырылу барысы да қаралды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен 109 мектептің құрылысына 71,7 млрд теңге бөлінген. Биыл 76 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға беріледі. Қалған 33 мектеп 2018 жылы іске қосылмақ.
Премьер Б.Сағынтаев мектептердің құрылысына қатысты тендерлер өткізу жүйесін қайта қарауды тапсырды. Әйтпесе, кейбір өңірлерде ендігі іске қосылуға тиіс мектептердің құрылысы бойынша әлі тендерлер өткізіліп жатқаны мәлім болды.
Б.Сағынтаев өзінің бірінші орын­басары Асқар Маминге және вице-премьер Ерболат Досаевқа тендерлер рәсімдерін өзгерту шараларын қабыл­дауды және бюджеттен бөлінген қара­жаттарды игеруді жылдам­датуды тап­сырды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*