Қазақстан және Польша: Болашаққа ұмтылған ынтымақтастық

1513
0
Бөлісу:

6-7 қыркүйек күндері Астанаға мемлекеттік сапармен Польша Республикасының президенті Анджей Дуда келеді деп күтілуде. Екіжақты қарым-қатынастар үшін айтулы оқиға алдында біз Қазақстан Республикасының Варшавадағы елшісі Марғұлан Баймұханға бірнеше сұрақтар қойған едік. Дипломат жауаптарын назарларыңызға ұсынамыз.
– Марғұлан Бақытұлы, Қазақстан – Польша ынтымақтастығының негізінде не жатыр, екі елдің арасында өзара қаты­нас­тарының басты пайдасы қандай?
– Қазақстан мен Польша арасындағы байланыстардың дамуына қызығушы­лық­тарыңызға рақмет. 2017 жылдың 6 сәуірінде екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде екіжақты бай­ланысымыз бүгінгі жоғары деңгейге жетіп, тек қана оңды бағытта дамуда. Сұрағыңызға нақты жауап берерден бұрын, жалпы, дип­ломатия барлық салалардағы ынтымақ­тастықтың қарышты дамуын көздейтінін атап өткен жөн болар.
Қазіргі таңда өңірлік және ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қазіргі за­манның негізгі сын-тегеуріндері мен қа­терлеріне қарсы күрес мәселелеріне қа­тыс­ты Қазақстан мен Польшаның ұстаным­-
дары бір-біріне ұқсап келеді. Бұдан басқа, тараптар бір-бірінің халықаралық бас­тамаларын жиі қолдайды. Мысалы, Польша EXPO–2017 көрмесін өткізу мәселесі бойынша Астананың кандидатурасын қолдады.
Осылайша, екі ел арасында саяси тұр­ғыда қандай болса да шешілмеген мәсе­лелер мен көзқарас қайшылықтары жоқ. Соны­мен қатар екі жақтың да пікірінше, эко­но­микалық ынтымақтастық саласында іске қосылмаған әлеует әлі де мол. Осыған орай, байланыстарымыздың негізінде сауда және инвестициялық-инновациялық әрекеттесу жатқанын ескерген жөн деп ойлаймын.
Еуроодақтың көлемі жағынан алтыншы экономикасы бола отырып, Польша Орта­лық және Шығыс Еуропада экономикалық өсім көрсеткіші бойынша көшбасшысы болып табылады. 2017 жылы жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) өсу болжамы 3,9 %-ды құрайды. Сол себептен Польша Еуропаның осы аймағында Қазақстанның жетекші сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі болып табылатындығы кездейсоқ емес. Өз кезегінде, еліміз Орталық Азияда шаруа­шылық даму қарқыны бойынша же­текші орында. Нәтижесінде, біздің екі ел ара­сындағы арасындағы тауар айналымы Польшаның біздің өңірде орналасқан бар­лық мемлекеттермен жалпы тауар айна­лымының 80%-ын құрайды.
– Былтыр тамыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польшаға мем­лекеттік сапармен барғаны белгілі. Оның нәти­желері екіжақты ынтымақтастыққа қалай әсер етті?
– Жоғары деңгейдегі сапарлар – екі­жақты қарым-қатынастарда аса ірі оқиға. Себебі, олар байланыстардың ары қарай дамуына үлкен серпін береді. Әдеттегідей, мемлекет басшыларының кездесулерінен кейін барлық салалардағы ынтымақ­тас­тық өсе бастайды: саяси, экономикалық, мә­де­ни-гуманитарлық, ғылыми-техни­ка­лық және тағы басқаларда.
2016 жылдың 22-23 тамызында Елбасының Варшаваға сапары өтті. Сонда Польша басшылығымен өткізілген келіс­сөздер барысында екіжақты ынтымақ­тас­тықтың өзекті мәселелері мен халықара­-лық күн тәртібінің мәселелері талқыланды. Сапар екі ел арасындағы жан-жақты ын­тымақтастықтың дамуына жаңа күш берді.
Екіжақты өзара әрекеттестіктің шарт­тық-құқықтық базасы да кеңейді. Сапар барысында екі мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Польша ара­сындағы экономикалық ынтымақтастық туралы декларация қабылданды, ауыл­ша­руашылық саласындағы ынтымақтастық және реадмиссия туралы үкіметаралық келісімдерге, Қазақстанның Даму Банкі мен Польшаның Ұлттық экономика банкі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Соңғы құжат Қазақстан аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды қаражаттандыру үшін поляк тарапынан 300 млн евро көлемінде кредит желісін ашуды көздейді.
Сапар шеңберінде өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумы оның тағы да бір маңызды шарасы болды. Оған 400-ден астам поляк компаниясы, екі елдің орталық мемлекеттік органдарының өкілдері, эко­номикалық және қаржылық ұйымдар қа­тысты.
– Екіжақты сауда саласының жағдайы қалай екен?
– Жоғарыда айтылғандай, Елбасының Варшаваға сапары екіжақты ынтымақ­тастыққа жаңа серпін берді. Біз оны сауда ағымдағы жылдың басынан ерекше сезін­дік. Атап айтқанда, Польша Даму ми­нистр­лігінің деректері бойынша 2017 жылдың бірінші жартысында екіжақты тауар айна­лымы 601,9 млн евроны құрап, 2016 жыл­дың сол кезеңіне қарағанда 75 %-ға көбейді. Отандық экспорт 90%-ға көбейіп 389,1 млн евроны құрады (2016 жылы 205 млн евро), ал Польшадан импорт 54,5%-ға көбейіп 212,8 млн евроны құрады. 2017 жылдың қо­рытындысында екіжақты тауар айна­лымы 1 млрд евродан асып түседі деп кү­ті­луде.
– Польшамен өзара тиімді ынтымақ­тастық үшін елшілік қандай іс-шараларды қолға алып отыр?
– Қазіргі кезде Польшаның жеке­меншік капиталы Қазақстан экономи­касының көптеген салаларында белсенділік та­нытуда. Еліміздің аумағында 200-ден астам поляк компаниясы тіркелген. Қазақстан экономикасына поляк іскер­лерінің тікелей инвестицияларының жалпы тү­сімі – 190 млн доллар, ал Польшаға құйылған қазақ­стандық қаржы көлемі 25,5 млн долларды құрайды. Қазақстандағы поляк инвестор­ларының көшбасшылары – Polpharma концерні (Шымкент қала­сындағы фарма­цевтикалық зауыт) және Selena Group ком­паниясы («Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын­-дағы құрылыс қос­палары мен жылылық­ты оқшаулау үшін өнімдерді шығаратын зауыт).
Қазақстан аумағында түрлі жобаларды инвестициялау мүмкіндіктерін қарас­ты­ратын поляк бизнесінің ірі өкілдері Қазақ­станға жиі барып тұрады. Ол үшін Қазақ­станда барлық жағдай жасалғанын ескере отырып, елшілік аталған әрекеттерді ба­рын­ша қолдап жүр.
Елшіліктің қолдауы ынтымақтастық­тың жаңа санаты ретінде инвестиция құю-ға қызығу­шылық танытқан топтардың Kazakh Invest ұлттық компаниясымен өзара әрекеттес­тігін ұйымдастыруда көрінеді. Ол өз жұ­мысын «Бір терезе» қағидаты негізін­-де жа­сайды деп көзделуде. Осыған байла­нысты аталған ұлттық компаниямыз ин­весторлар үшін тек «кіретін есік» қана емес одан әрі мемлекеттік органдармен әре­кет­тесу және бар сұрақтары мен мәселелерді шешуін қамтамасыз ету бойынша сүйе­мелдеуші болады. Жалпы, елшілік нақты жобалар бойынша мазмұнды жұмыс істеуді өз жұ­мысында басымдық санайды. Мүмкін, бас­тапқы кезеңде жобалар көп болмайтын да шығар, бірақ олар отандық нарықта ұзақ­мерзімге қалуы үшін барлық жағдай­-лар жасалатын болады.
Сондай-ақ поляк нарығына қазақ­стандық өнімдерді ілгерілету мақсатында Kazakh Export ұлттық компаниясы мен басқа да шаруашылық субъектілерімен белсенді ынтымақтастықты орнатуға дайын­быз. Осыған орай, тауардың маман­дандыруын айқындау және экспортты қолдау саласында поляк тәжірибесін зерт­теу маңызды деп санаймыз. Мысалы, ресми статистикаға сәйкес 2017 жылғы бірінші жарты жылдың ішінде поляк экспорт­тау­шыларының кірісі 100 млрд еуроға дейін қалай жеткені қызықтыруда. Әрине, әрбір елшіліктің ең маңызды мақсаттарының арасында өз астаналарын елде пайда тигізуі мүмкін алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе туралы хабардар ету бар.
– Қазақстан мен Польша ынты­мақ­тас­тығы экономиканың қай салаларында ең өзекті екен?
– Еліміздің экономикалық өсуінің қозғаушы күштеріне инновациялық ин­дустрияландырудың шеңберінде қалып­тасып жатқан экономиканың жаңа сек­торлары айналуда. Осыған байланысты екі ел арасындағы экономикалық ынтымақ­тастық фармацевтика, машина жасау, ақ­параттық технологиялар, тау-кен шахта жабдықтары, агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өнім­деу, химия өндірісі, жиһаз жасау, туризм, қаржылық сектор салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлу көзделуде. Польшада аталған салаларда қажетті алдыңғы қатарлы технологиялар мен білім деңгейі бар. Өнеркәсіптік тауар­лар тізімінің бірқатар позициясы бойынша Польша Еуропада жетекші орындарда ор­на­ласқан. Атап айтқанда, теледидар жа­сау­да – 1, мыс өндіруде – 3, болат өн­діруде – 8, қағаз бен картон шығаруда – 10-орындарда. Еуроодақ экономикасында поляк ауыл ша­руашылығы маңызды орын алуда. Польша Еуроодақ ішінде алма өсіру бойынша – 1, қарабидай мен картоп өсіру бойынша – 2, қызылша мен рапс бойынша 3-орында. Польшаның бидай, сүт пен ет өндірушілері Еуропада көшбасшылар қа­тарында.
Екі мемлекеттің елеулі көліктік-тран­зиттік әлеуеті де бар. Сондықтан осы күні Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері ерекше маңызға ие болып тұр. Оған қоса, Польшаның шығыс ше­карасы жағынан елдің ішіне кең рельсті теміржол 300 шақырымдай қашықтыққа кіретінін ескерген жөн.
Қазақстан облыстары мен Польша воеводстволары арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа тынысы ұдайы дамып келеді. Польшаның әр аймағының әрқайсысында өзіне тән өнеркәсіптік және экспорттық ерекше өнімдер бар. Мысалы, елдің шығыс жағында жайғасқан воевод­стволар аграрлық өнімдерді қайта өндіру және ауылшаруашылық техникасын шы­ғаруда маманданады. Өз кезегінде, батыс аймақтарында жоғары сапалы металл құ­растырылымдары мен пластик бұйымдар шығарылады.
Ынтымақтастықтың маңызды жаңа қыры – 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендіру жоспары шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның активтерін және басқа да нысандарды жекешелендіру үдерісіне поляк капиталының қатысу мүм­кіндігі.
Өзара тиімді әрекеттестіктің одан әрі қарқынды дамуы үшін ынталандырушы алғышарттар ретінде Польша азамат­тарының Қазақстанға сапар шегуі үшін 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап визалық тәр­тіптің жойылуы және мамыр айынан бастап LOT әуе компаниясының Астана мен Вар­шава арасында тікелей әуе қа­тынасты ашуы, сондай-ақ Польшаның
EXPO – 2017 қөрмесінің шараларына белсенді қатысуы болып табылды.
– Экономикалық байланыстарды да­мытуды қоспағанда, Польшамен қарым-қатынастың тағы басқа қызық салалары қандай?
– Екі ел арасында білім саласында бай­ланыстар кеңеюде. Оған 2016 жылғы 6 мау­сымда күшіне енген Білім саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық ке­лісім жаңа серпін берген болатын. Казіргі таңда Польшаның университеттерінде 770-тен астам қазақстандық студент білім алуда.
Мәдениет саласындағы өзара алма­суларда да мазмұнды уағдаластықтар жүзеге асырылуда. Мысалы, 2016 жылғы қарашада Варшава мен Вроцлав қалаларында «Астана балет» шығармашылық ұйымы Тәуелсіз­дігіміздің 25 жылдығына арнап өнерлерін көрсеткен болатын. Екі елдің ұлттық әде­биет классиктерінің бірқатар шығармалары қазақ және поляк тілдеріне тиісінше ауда­рылған. Жақын арада мәдениет пен ғылым және техника салаларында ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдерге қол қою жоспарлануда.
Екіжақты байланыстардың нығаюында дәстүрлі түрде Қазақстанда тұратын поляк диаспорасы маңызды рөл ойнайды. Бүгінде ол 34 мың азаматымыздан құралады. Диас­пора екі елдің арасында достық пен ынты­мақтастықтың «жанды көпірі» болып та­бы­лады. Қазақстанда поляк диаспорасының ана тілін оқу мен төл мәдениеті және дәс­түрлерін сақтау үшін бүкіл жағдайлар жасалған.
Қазақ және поляк халықтарын жақын­дастыратын тағы да бір фактор – Екінші дүниежүзілік соғыс туралы естелік. Поль­шаны фашистік басқыншылардан азат ету кезінде 60 мыңнан астам қазақстандық
қаза болған. Елшілік Польша аума­ғында жер­ленген қазақстандық жауын­герлердің жат­қан жерін іздестіру жұ­мыс­тарына тұ­рақты түрде қатысуда. Бұл ретте отандық дипломаттар жергілікті ор­ган­дардың мұ­рағаттарымен және Поляк Қы­зыл Крест ұйымымен белсенді ынты­мақтастық жа­сауда. Өз кезегінде, жүздеген поляктар со­ғыс уақытында Қазақстанның қорғаныс өнеркәсіптерінде аянбай тер төккенін де ұмытпағанымыз абзал.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан А.Ахметқызы

Бөлісу:

Пікір жазу


*