Түркі мәдениетін танытатын орталық

875
0
Бөлісу:

Ибраһим Терзиоғлы – Анкара қаласындағы EMIN ANTIK өнер галереясының директоры. EMIN ANTIK – түрік тілінен аударғанда «сенімді антиквариат» деген мағына білдіреді. Арт-орталықта бейнелеу өнері туындыларынан бөлек, көне тұрмыстық бұйымдар, алтын-күміс әшекейлер, Құран кітаптары, ыдыс-аяқ, жиһаз түрлері және ірілі-ұсақты кәдесыйлар жұртшылық назарына ұсынылған. Құнды коллекциялар Еуропадан, Түркиядан, Орта Азия елдерінен, оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты мемлекеттерден сатып алыныпты. 

Ибраһим бей 15 жыл Кечиөрен муни­ци­палитетінің мэрінің орынбасары болып, жауапты қызмет атқарған екен. Сол уақыттары қазақ елінің имиджін танытуға қатысты бірқатар жұмыстарды жүзеге асырған көрінеді. Мәселен, 1998 жылы Қазақстанның Түркия­дағы елші­лігімен бірлесе отырып, Абай алаңы ашылып, ескерткіш орнатылады. Суретші-мүсінші Марат Әйнеков арнайы шақыртылып, монументті дайындауға бір жылдан астам уақыт еңбектенеді. Тура сол жылы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай ғұлама жазушының атына саябақ сыйға тартылады. Оған қоса, 1918-1922 жыл аралы­ғындағы Ататүрік бастаған Түркиядағы ұлт-азаттық соғысқа арнап «Алыстағы бауырыма» деп жыр арнаған Мағжан Жұмабаевқа рельеф-ескерткіш тұрғызылады. Мектеп пен көшеге ақын есімі беріледі. Елшіліктегі азаматтар мен қазақстандық делегация өкілдері тастұғыр алдына тал егіп, ерекше күтімге алады. Осы жұмыстардың басы-қасында Ибраһим Терзиоғлы күндіз-түні жүріп, тікелей атсалысады.
Бұдан бөлек, Орта Азия елдері бойынша алғашқы Наурыз тойының тойлануына да мұрындық болып, түбі бір түркі жұртының басын қосуға ықпал етеді. Өкінішке қарай, бұл мереке біраз уақыт үзіліп қалып, кейін Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолға алуымен қайта жандана бастапты. Ибраһим Терзиоғлы түркі әлеміне қатысты қандай істі қолға алса да Түр­кияның алғашқы президентінің аталы сөзіне, халқына қалдырған аманатына сүйенгенін айтады.
– Мұстафа Кемал Ататүріктің 1933 жылы Түркия тәуелсіздігінің 10 жылдығында сөйлеген сөзі бар. «Кеңес Одағы – алып империя. Де­генмен мәңгі өмір сүрмейді, күндердің күнінде ыдырайды. Сол кезде оның құрамындағы түбі бір, түркітілдес елдер азаттыққа қол жеткізеді, өз тәуелсіздігін алады. Біз оларға аяғынан тұрып кеткенше көмек­тесуге міндеттіміз және қол ұшын беруге қазірден дайын болуымыз керек. Тарихи байланысымызды, туыстығымызды жаңғыртуға ұмтылып, түркі халықтарының тұ­тастығына қол жеткізуіміз қажет» деген еді.
Біз әрдайым осы өсиетті жадымызда ұстап, Қазақстанмен, жалпы түркі әлемімен тығыз қа­рым-қатынаста жұмыс істеуге тырыстық. Бауырлас елдердің саяси-экономикалық жағ­дайын бірік­тіріп, тарихи, мәдени құндылық­тарының таны­луына қызмет еттік, – дейді кейіпкеріміз.
Ибраһим Терзиоғлы 15 жыл мемлекет алдын­дағы міндетін мінсіз өткеріп, жеке кәсіппен айна­лысуға бел буады. Коллекция жинау ұзақ уақыттан бері әулетте қалыптасқан әдет көрінеді. Ұлының арт-орталық ашу туралы идеясынан кейін, төрт жыл бұрын ескі ғимарат сатып алып, күрделі жөн­деуден өткізіп, түбегейлі кірісіпті.
«Мұндағы мақсатымыз – көне құндылық­тарды таныстыру, ерекше коллекцияларды топ­тастыру әрі табыс табу» дейді ол.
Мыңнан астам бірегей бұйымдардың ара­сында Әзірбайжаннан әкелінген төрт ғасырлық алтын әшекейлер мен Түркия, Қазақстан, Өзбек­станнан сатып алынған ХVІІ ғасырға жататын күміс әше­кейлер бар. Жәдігерлердің жалпы құны 100 дол­лардан басталып, 100 мың долларға дейін жетеді. Соңғы сатылған коллекциялардың ішінде екі ғасырлық тарихы бар қолмен жазылған Құран 50 мың долларға бағаланған.
– Әлемнің 46 мемлекетін аралап шықтым. Еуропа, Орта Азия елдерінен әр барған сайын бір зат көтере келетінмін. Көбінесе Түркия және түркі мәдениетін танытатын бұйымдар жинауға ты­рыстым. Еуропаға барғанда бейнелеу өнерінің ерек туындылары мен ескі суреттерге назар ауда­рамын. Туристерден бөлек, Түркиядағы коллек­ционерлер де тапсырыс беріп тұрады. Айтпақшы, біздің орталыққа Қазақстаннан қызығушылық танытып келушілер де жоқ емес. Әзірбайжан, Ресей, Иран­нан да тұрақты байла­нысатындар бар. Орыс хал­қының өкілдері көп жағдайда шыны ыдыс-аяқтар мен иконалар сұрайды.


Антиквариат заттарды саудалаудың өз ар­тықшылығы бар. «Коллекционерлер сатылмаған тауардан табыс көп түсіреді» деген қағида қалып­тасқан. Өйткені уақыт өткен сайын жәдігерлердің құны өсе түседі, бүгін-ертең сатпасаңыз да бәрібір ұтасыз, – дейді Ибраһим Терзиоғлы.
EMIN ANTIK өнер галереясы Анкара төріндегі Анадолы өркениеттер музейі жанында орналасқан. Музей қонақтары өнер орталығына да бас сұқпай кетпейді. Келушілер арасында әлемнің танымал суретшілері мен белгілі ақын-жазушылар, тарих­шылар мен шенеуніктер, мәде­ниеттанушылар мен өнер зерттеушілері, ғалым­дар мен бизнес өкілдері де бар. Галереямен жапсарлас салынған интерьері ерекше деталь­дармен безендірілген арт-кафе де кісі аяғын суытпайды. Мұнда дем басып қана қоймай, әр тараптан ат басын тіреген білікті мамандардың өзара пікірлесіп, ортақ тақырып­тарды талқы­лауына мүмкіндік жасалған.
Бұдан бөлек, орталық қаладағы мәдени шараларға белсенділік танытып, түрлі көрмелерді ұйым­­­дастыруға қатысып отырады.
Алматы–Анкара–Алматы

Бөлісу:

Пікір жазу


*