Президент Парламент сессиясын ашты

1354
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сенат пен Мәжіліс депутаттарының бірлескен отырысына қатысып, ел Парламентінің үшінші сессиясын ашып берді. Заң шығарушы билік палаталары мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Қазақстан көшбасшысы алдымен депутаттарды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтады.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы қалау­лы­лардың өткен сессиядағы қызмет нә­ти­желеріне тоқталып, еліміздегі рефор­ма­­ларды заңнамалық тұрғыдан қам­­та­ма­сыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
– Біз биыл жаңғырудың жаңа көк­жиек­терін ашып, іргелі процестерді жүйе­лі түрде жүзеге асыруға кірістік. Жаң­ғыру үрдісі негізгі үш сала – эко­номикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбуде. Бұл реформалардың не­гізінде біз «Қазақстан – 2050» стра­те­гиясындағы мақсаттарымызға жетеміз. Ел­дегі тұрақтылық пен тыныштықтың, тату­лық пен бірліктің арқасында дәйекті түр­де барлық биіктерді бағындырып келеміз. Көзделген жұмыстардың қар­қын­ды әрі жүйелі атқарылуына Парла­мент­тің де қосқан үлесі зор. Өткен сес­сия­да біршама жемісті жұмыс жасалды. Пар­ламент қоржынындағы 111 заң жо­ба­сының 84-і қаралып, қабылданды. Қазір олар күшіне еніп, еліміздің игілігіне қыз­мет етуде, – деді Нұрсұлтан Назар­баев.
Елбасы олар қатарындағы «Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңды «ең не­гіз­гісі, біз үшін өте қажеттісі, әрі маңыз­ды­сы» деп атады.
– Депутаттардың белсенділігі де жо­ға­­ры деңгейде, сіздердің бастама­ла­рыңыз­бен 1 жылда 15 заң жобасы дайын­дал­ды. 17 үкімет сағаты мен 7 пар­­­­­л­аменттік тыңдау аясында билік тар­мақтары маңыз­ды мәселелер бойынша қоян-қолтық жұ­мыс істеді. Қос палатаның жалпы оты­рыс­тары мен «үкімет сағаттарының» он­лайн режимде өтуі Парламенттің жұмы­сын ашық, әрі халыққа қолжетімді ете түсті. Үшінші сессияда осы жақсы үдеріс­тер­ді жалғастырып, қарқынды, әрі сапа­лы жұмыс істеу керек. Алдымызда талай сү­белі шаруалар тұр. Басталған келелі іс­терді ары қарай да заңнамалық қамта­ма­сыз ету қажет, – деді Президент.
Сондай-ақ оның байламынша, «жан-жақ­ты жаңғырудың мәні мен мақсатын елге жете түсіндіріп, оған халықты жұ­мыл­дыру да – басты міндеттердің қата­рын­да».


– Құрметті депутаттар! Бүгінде Пар­ламент өз жұмысын жаңа жағдайларда бас­тауда: Сенат пен Мәжіліс те, Үкімет те қосымша өкілеттіктерге, тиісінше, жауап­кершілікке ие болып отыр. Прак­ти­калық міндеттер бірінші кезекте ат­қару­шы билікке жүктелетіні белгілі. Үкі­мет көптеген заң жобаларының негізгі әзір­леушісі болып қалуда. Сонымен бір­ге, Парламент депутаттары да көбірек заң­намалық бастама таныта бастады. Мұны оң құбылыс деп санаймын. Бұл ретте сіздер тар ведомстволық немесе өңір­­лік мүдделерді емес, әрдайым жал­пы ­мемлекеттік мүдделерді ілгерілет­кен­деріңіз жөн! – деп назар аудартты Қа­зақ­стан президенті.
Мемлекет басшысы азаматтардың ыл­ғи да жеткілікті деңгейде хабардар бола бермейтінін, заңдардан туындайтын өз құ­қықтары мен міндеттемелерін біл­мейтінін айтты.
– Сондықтан түсіндірме жұмыстарына ай­рықша көңіл бөлген абзал. Қазақстан­дықтар заңнамалық жаңашылдықтар жайында ақпараттандырылуға толық құқылы. Мұны Қазақстан халқы Ас­самблеясының сессиясы мен судьялар съезінде да айтқанмын. Бұл маңызды жұмысқа барлығы – Үкімет те, Парламент те, мемлекеттік аппарат та, сарапшылық қауым­дас­тық та қатысуға тиіс. Қабылданатын заң­дарды түсіндіруді үйлестіруші – Әді­лет министрлігі! – деген Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі кезде биліктің барлық тармақтарынан «жауапкершілік пен үйлесімді іс-қимыл» талап етілетінін ес­кертті.
Елбасы жүргізілген саяси реформа­лар­дың нәтижелеріне назар аударып, бү­кіл мемлекеттік аппарат алдына қойыл­ған міндеттерді іске асыруда Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі жоғары еке­нін айтты. «Қазақстан бүгінде страте­гиялық маңызды бірқатар міндетті іске асыруда. Парламент Үкіметпен бірлесіп, Ұлт жоспарын, жолдауды және қолданыс­тағы бағдарламаларды орындау үшін бар­лық шараларды қабылдауы қажет».
Қазақстан Президенті осы жаңа сес­сия барысында депутаттық корпус, Үкі­мет­пен бірлесе отырып, қабылдауы қажет жаңа заңдарға тоқталды.
– 2018 жылы қоғамның рухани жаң­ғыруымен байланысты бірқатар бағыттар іске қосылады. Біріншіден, біз қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жұмысты бас­тадық. Сондықтан бөтен әрі көнерген дог­маларға басымыз байлана бермегені жөн. Біздің төл бай тәжірибеміз, құнды­лық­тарымыз және даму жолымыз бар. Бұл ретте мәдениет саласы айрықша мән­ге ие, бұл осы саладағы заңнаманы же­­­тіл­діруді талап етеді, – деді Мемлекет бас­шысы.
Осы орайда Н.Назарбаев елімізде ал­ғаш рет «Кинематография туралы» деп ата­латын жаңа заң қабылданатынын және елімізде отандық киноиндустрияны одан ары дамытудың тұжырымдамалық негіздерін анықтап алу міндеті тұрғанын ха­барлады. Елбасы соңғы кездері те­леар­налар мен киностудиялардың фильм түсірудегі белсенділігі артқанын, алайда сан қуа бермей, кинематографқа бөлі­нетін ақша тек әлемдік бәсекеге төтеп берер сапалы өнімге ғана шығындалуы керектігін атап көрсетті.
– Бұған қоса, қоғамдық сананың жаң­ғыруы этносаралық қарым-қатынастарды рет­теумен де байланысты. Сол себепті «Қа­зақстан халқы ассамблеясы туралы» заңы­на өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу талап етіледі. Мемлекет пен дін қа­рым-қатынастарын жетілдірген жөн. Заң­намалық база қоғамды дін саласын­дағы кез келген деструктивті қызметтен қорғауға тиісті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Екіншіден, Мемлекет басшысы «эко­номикалық өсімді қамтамасыз ету бағы­тын­да жұмыс жалғасуға тиістігін» нық­та­ды.
– Атап айтқанда, мультипликативті эф­фект беретін салаларды қолдау керек. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, кө­лік, логистика және геологиялық бар­лауға қатысты. Мәселен, тек сумен және жылумен жабдықтауды модернизация­лау­дың өзі орасан зор қаражатты қажет ете­ді. Бұған инвесторлар мен халықара­лық қаржы институттарын тарту үшін ТКШ мен тариф қалыптастыру саласын­да­ғы заңнаманы жетілдіргеніміз жөн. Бұл тұтынушылар мен табиғи монополия су­бъектілерінің мүдделерін теңдестіруге мүм­кіндік береді, – деді Президент.

Ол мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестігін жетілдіру бойынша да жұмысты жалғастыруды тапсырды.
– Үшіншіден, биыл Парламенттің қарауына жаңа Салық кодексінің жобасы енгізіледі. Біз салық саясатын мейлінше жақсартып, бизнесті «көлеңкелі» схемаларсыз, ашық жұмыс жасауға ынталандыруға тиіспіз. Сондай-ақ тиімсіз жеңілдіктер мен преференцияларды жойып, салықтық әкімшілендіруді жеңіл­деткен абзал. Осы сессия барысында кедендік заңнама да жаңартылады, – деді Елбасы.
Төртіншіден, тікелей инвестицияларды тартуға және экспортқа бағдарланған өндірістерді ынталандыруға баса мән беріледі.
– Сол себепті, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бойынша заңнаманы жақсарту керек. Жолдауда қаражаттарды нақты экономикаға дейін жеткізу тетіктерін жетілдіру бойынша міндет қойылды. Квазимемлекеттік сектор алатын сыртқы және ішкі қарыздарға мұқият мониторинг жасап, бақылауда ұстау қажет, – деген Н.Назарбаев басталған сессияда депутаттарды осы салада заң­намалық жұмыс жүргізу ісі күтіп тұрғанын атап өтті.
Бесіншіден, Мемлекет басшысы қар­жылық реттеуші ретінде Ұлттық банктің «болар іс болғаннан» кейін үн қатпай, керісінше, алдын алу бойынша жұмыс жасауға тиістігін нықтады.
– Демек, банктерге тиімді бақылау жүргізу үшін Ұлттық банкке заңнамалық тұрғыдан көбірек мүмкіндік беру керек. Бұл жеке банктердің қызметіндегі күйзелістерге жол бермеу үшін қажет. Әйтпесе, кейіндері ол үшін мемлекетке қаржы шығындап, есептесіп жатуға тура келеді. Сондай-ақ біз бизнесті дамыта отырып, саламатты бәсекелестікке де жағдай жасауға тиіспіз. Осы мақсатта сауда мен сатып алуларда баға және тариф бойынша ымыраласуды анықтап, жолын кесудің құқықтық тетік­тері жақсартылуы тиіс, – деді Президент.
Алтыншыдан, Елбасы бүкіл әлемде сақтандыру – «азаматтарды әлеуметтік қорғаудың маңызды қыры», сақтандырушы ұйымдар – «ірі инвесторлар» болып табылатынына назар аудартты. «Біздің елімізде де сақтандыруды дамыту, сақ­тандыру қызметтерінің деңгейі мен қол­жетімділігін арттыру қажет» деді ол.
Жетіншіден, «дәрі-дәрмек айналымы – маңызды әлеуметтік мәнге ие».
– Осы салада бағаның шектен тыс көтерілуін болдырмайтын шаралар керек. Сондықтан дәрілер мен медициналық бұйымдардың айналымын реттеуге тиіс­піз. Қазақстандықтар қолжетімді, сапалы әрі қауіпсіз дәрілерді қолдануға құқылы. Бұл жай ғана бизнес емес, ол бірінші кезекте, әрбір адамның және бүкіл ұлттың саулығы! – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сегізіншіден, Мемлекет басшысы соңғы уақытта цифрландыру және ақпа­раттық қауіпсіздік мәселелері айрықша өзекті бола бастағанын айтты.
– Ұлт жоспарында ақпараттық қоғамды дамыту бойынша нақты міндеттер белгі­ленді. Тиісті заң жобасы сіздердің қараула­ры­ңызда жатыр. Бірақ мұның басқа жағы да бар. Тек соңғы 3 жылда ғана ин­тернеттегі құ­қыққа қайшы контенттің көлемі 40 есе өсті. Ендеше, бізге «Қа­зақстанның сенімді кибер­қалқаны» қажет! Біз оны құруды кейін­ге қалдыра алмаймыз. Біз еліміздің мүд­делерін, біздің мәдениетті, біздің құндылықтарды қорғауымыз керек. Бұл – қауіпсіздік мәселесі, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі де ерекше көңіл бөлуді талап ететінін мәлім етті: «Саланы дамыту үшін тиісті жеке министрлік құрылды. Ми­нистр­ліктің жұмысын толыққанды өрістетуге мүмкіндік беретін заң жобасы биылғы жылы Парламентке енгізіледі», – деген Президент депутаттардан ол құжатты жедел қабылдауды өтінді.
Тоғызыншыдан, Н.Назарбаев құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жал­ғастырып, қылмыстық процесті жаңа деңгейге шығаруды, құқық қорғау орган­дарының жұмысын халықаралық стандарт­тарға жақындатуды жүктеді.
– Азаматтар мен бизнеске әкімшілік қысым көрсету проблемасы сол бұрынғы­дай өткір тұр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормалары қысым көрсету тетігі ретінде жиі қолданылады. Бұл кәсіпкерлікке нұқсан келтіреді. Үкімет әзірлеген заңнамалық түзетулер азаматтар мен бизнеске қысымды азайтады. Бұл түзетулерді биылғы жыл соңына дейін қабылдау қажет. Бұған қоса, бизнес ортаны жақсартуға, бақылау-қадағалау функ­цияларын қысқартуға бизнес шығындарын кемітуге бағытталған заң жобасы әзірленді. Оны ағымдағы сессия аясында қараған жөн, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президенті заңдардың орындалуын бақылауға да назар аудару керектігін атап өтті. Бұл жұмысқа, өзіне берілген өкілеттіктерді пайдалана отырып, депутаттық корпус та тартылатын болады.
– Парламенттің және бүкіл еліміздің алдында көп әрі жауапкершілігі зор жұмыс бар. Ауқымды міндеттер мен шешімдер – біздің 2017 жылғы жаһандық сын-қатер­лер­ге жауабымыз. Жаңғыру барлық күші­міз­ді жұмылдыруды қажет етеді. Жаңа жағдай­да биліктің заң шығару және атқару­шы тармақтары сындарлы түрде ынтымақ­тасуға тиіс, – деген Қазақстан Президенті ортақ істегі ірі жеңістер мен жетістіктер де осыған байланысты болатынын ескертті.
Сөз соңында Елбасы «халқымыз бірлігінің арқасында қай кезде де алдына қойған биік мақсаттарының бәріне жететініне» сенім білдірді.
«Сіздерге елде түбегейлі жаңғыртуды заңнамалық қамтамасыз етудің зор абыройлы міндеті жүктеліп отыр. Сон­дықтан бір жаңадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жемісті жұмыс істейтін боламыз!» деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бірлескен отырыс қорытындысында сөз алған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент сессиясын ашып, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын бел­гілеп бергені үшін Қазақстан Президенті барлық депутаттық корпус атынан алғыс білдірді.


Гүлмира ИСИМБАЕВА,
Мәжіліс төрағасының орынбасары,
«Нұр Отан» фракциясының жетекшісі:
– Елбасы бүгінгі сөзінде ең маңызды міндет – халықтың әл-ауқатын жақсарту екенін атап көрсетті. Осы мақсатта Президент Ұлт жоспарын, Жолдауларды және барлық бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету міндетін қойды. Осы аталған барлық құжаттардың басты бағыттары халқымыздың әл-ауқатын арттыруға септеседі. Парламенттің алдында қазір мемлекет пен қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты әлеуметтік қорғау және дін саласындағы деструктивті құбылыстардан сақтау міндеті тұр. Біз экономикалық, саяси және рухани жаңғыру салаларында Мемлекет басшысы қойған барлық міндеттерді орындаймыз. Бұл міндеттердің іске асуы Қазақстанның елеулі түрде алға озуына және дамыған елдердің «отыздығына» кіруге ықпал ететін болады.

Елжан БІРТАНОВ,
Денсаулық сақтау министрі:
– Президент бүгінгі сөзінде меди­циналық сақтандыру мәселелеріне жеке тоқталды. Біз бұл бағытта біраз дайындық жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, медициналық сақтандыру туралы 4 арнайы заң қабыл­данды. Бүгінде міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылып, жарна қара­жаттарды жинауда. Осы бір айдың ішінде қорға 5 миллиард теңгеден астам қаржы түсті. Жалпы, биылғы жылы 25 миллиард теңге жинауымыз керек. Елбасы 2,7 мил­лион қазақстандықтың медициналық сақтандырудан қалыс қалып қоюы мүмкіндігін ескертті. Расында, өзін-өзі жұмыспен қамтыған бұл азаматтардың осы жүйеге қатысуы қиын болайын деп тұр. Олардың бір бөлігі тіпті «қатыспаймыз» деп ойларын ашық айтуда. Себебі, сақтандыру жарнасы жалақыдан төленуі керек, оларда жалақы жоқ. Біз бұл мәселенің шешімін зерделеудеміз. Бұған қосымша уақыт керек. 2,7 миллионның барлығының тізімін бекітіп, қандай санатқа жататынын анықтаймыз. Егер кәсібі болса, бірақ салық төлемей жүрсе, «жеке кәсіпкер» ретінде тіркетеміз. Жұмыссыз жүргендерін мемлекет оқытады, жұмыспен қамту шараларын қабылдайды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*