Жаңарған құрамда жұмысқа кірісті

948
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен, Парламенттің жаңа сессиясындағы Сенаттың алғашқы жалпы отырысы өтті. Жиында бірқатар ұйымдастыру және кадрлық мәселелер қаралды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың депутаттарға алда тұрған аса маңызды әрі ауқымды міндеттер туралы жан-жақты түсін­діргенін» атап өтті.
– Мемлекетіміздің өркендеуі мен халқымыздың игілігі жолында депу­тат­тық корпус Үкіметпен тығыз байла­ныс­та жұмыс жүргізіп, Елбасы белгі­ле­ген міндеттерді орындауды заң­на­ма­лық жағынан дер кезінде және сапалы қамтамасыз етеді деп сенемін, – деді Сенат төрағасы.
Қ.Тоқаев жаңадан сайланған депутаттарды құттықтады және аса жауапты қызметтерінің табысты болуына тілектестігін білдіре келіп, бұл Президенттің, халықтың зор сенімінің көрінісі екенін атап өтті.
Палатаның кешегі алғашқы оты­рысында биылғы сайлауда қатарға жаңа­дан қосылған Сенат депутат­та­ры­ның ант беру салтанаты ұйымдастырыл­ды.
Жаңа сенаторлар ант қабылда­ған­нан кейін палата тұрақты комитеттер­дің атауларын бекітіп, олардың жетек­шілері мен мүшелерін сайлады. Бір қызығы, жоғарғы палата ко­митет­терінің жартысының төра­ғалық тізгіні әйел депутаттарға бұйырды.
Сонымен, Сенаттың Конституция­лық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне – Георгий Ким, Қаржы және бюджет комитетіне – Ольга Перепечина, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне – Дариға Назарбаева, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне – Асқар Бейсенбаев, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне – Бірғаным Әйтімова, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне Жеңіс Нұрғалиев жетекшілік ететін болды.
Жаңа конституциялық өкілеттік­теріне сәйкес, сенаторлар алғаш рет Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне Асқар Шәкіровты қайта сайлады. Омбудсменді сайлау бойынша құқық сенаторларға биыл Елбасы бастама­сымен жүзеге асқан Конституциялық реформа арқасында беріліп отыр.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*