Палата бюросының алғашқы жиыны өтті

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс бюросының үшінші парламенттік сессиядағы бірінші отырысы өтті. Онда Парламент сессиясының сол күнгі ашылу салтанатында Елбасы белгілеген заңнамалық басымдықтар басшылыққа алынып, бірқатар мәселелер талқыланды.
Сонымен, бюро шешіміне сәйкес, палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысында Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобалары бойынша қорытындыларды дайындау мерзімдерін анықтау ұсынылды. Атап айтқанда, олардың қатарында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» қаржылық заңдар жобалары бар. Сонымен бірге, бюджеттік заңнаманы жетілдіруге қатысты заңнамалық түзетулер, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексінің жобасы және оған ілеспе түзетулер бойынша да Мәжіліс комитеттері қорытындылар әзірлемек.
Құжаттардың ішінде ратификацияланатын халықаралық актілер де бар. Олар – «Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шарты» мен 1996 жылғы 9 желтоқсандағы Нью-Делиде жасалған Қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция мен хаттама. Мәжіліске түскен ратификацияланатын пакеттер арасында 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді, сол сияқты «Қазақстан мен Норвегия арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді» атап көрсетуге болады.
Сондай-ақ кеше Мәжіліс бюросы қалаулыларға жалпы отырыста қарауға жаңа ратификациялық құжаттар топтамасын ұсынды. Атап айтсақ, бұл Қазақстан мен Сербия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы келісімшартқа қатысты болып отыр.
Бұған қоса, бюроның осы отырысында «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл маңызды парламенттік тыңдау 11 қыркүйекте Мәжілісте өтпек. Оған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады деп күтілуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныстарын талқылау қарастырылады. Талқылауға сондай-ақ әліпби жобасын әзірлеуші
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының және Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде шетелдіктер, қоғамдық ұйымдар өкілдері шақырылды.
Бұдан басқа, палатаның пленарлық отырысының күн тәртібі жобасына Мәжілістің өкілеттіктерін іске асырудың үшінші сессияға арналған негізгі іс-шаралары жоспары туралы мәселе ұсынылды.
Ерік ЕРДЕНОВ