БІЛЕККЕ ЕМЕС, БІЛІМГЕ СЕН

1503
0
Бөлісу:

1 қырқүйек – Білім күні. Биыл мектепке баратын оқушылардың жалпы саны – 2,9 миллион. Оның 38 мыңы әліппесін арқалаған балдырғандар. Мектеп табалдырығын аттаған балалар, жоғары сыныпқа өткен жеткіншектер мен жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын бастайтын жасөспірімдерді қиын да қызықты оқу жылы күтуде. Өскелең ұрпаққа бүгінгі күннің білекке емес, білімге сенер заман екенін анық меңзеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны. Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз – өмір тұл» дейді. «Білім – ғылым – инновация» үштігі билеген постиндустриялық әлемге қадам басқан тұста іздегені – ілім, көздегені – білім болған жас ұрпаққа жан-жақты жағдай жасалуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев даму бағдарламаларының іске асырылуы мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткен кеңесте «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы жө­нінде «Биыл 109 білім беру ны­саны құрылысына 70 миллиард теңге бөлініп, 70-ін осы жылы пайдалануға беру жоспар­лан­ған. Бүгінде тек 8 мектеп пен 2 бала­бақша пайдалануға берілді» деп атап өтті. 2017 жылы елордамыз бен республика бойын­ша 10 облыста білім ордаларының құ­рылысы басталғаны рас. Атап айтсақ, бас қалада 5 мектеп, Алматы облысы – 31, ОҚО – 29, Ақтөбе облысы – 16 және Ақмола, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау аймақтарында 3-5 мектептен салынуы тиіс болған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйен­сек, жыл соңына дейін аяқталуы тиіс 76 мектептің 52-сі осы қыркүйектің соңында пайдалануға берілмек. Ал тауық жылына жоспарланған 109 мектептің 33-нің құ­рылысы келер жылға қалып отыр. Білім ор­дасының құрылысы жөнінен Ал­маты облысы көш бастап тұр. Бұл аймақ барлығы 31 мектептің 23-ін қыркүйектің соңында біті­ріп, қалған 8-ін жыл соңына дейін аяқ­тауға уәде берген. Сондай-ақ осы жылы Батыс Қазақстан облысында қолға алынған 4 мектептің құрылысы аяқталады деп кү­тілуде. Астана қаласы бойынша жоспарға алынған бес мектептің үшеуі қыркүйектің соңында қолданысқа берілсе, қалған екеуі 2018 жылдың енші­сінде қалып отыр. Жамбыл облысында керісінше 5 мектептің тек екеуінің құ­рылысы аяқталуға жақын. ОҚО бекіткен кестеге сай, 29 мектептің 19-н биыл пай­далануға бермек. Оның 16-ның құрылысы осы айда толық бітеді. Ақтөбе облысында да жағдай жаман емес. Олар жоспарланған 16 мектептің жыл соңына дейін 10-ын қолдануға бермек. Қара­ғанды облысы жоспарға алған 4 мек­тептің біреуін ғана бітіріп үлгеріпті. ШҚО-да 4 мектептің құрылысы аяқталып, біреуі ғана кейінге қалған. Қызылорда облысы үш мектептің екеуін биыл аяқтайды. Ақмола және Маңғыстау облыстарындағы жағдай бас­қа. Бұл аймақтарда салынуы тиіс болған 3 және 4 мектептің құрылысы биыл аяқсыз қалып отыр. Жоспарға сәйкес, мұндағы білім ордалары келер жылы пайдалануға берілмек. Атап өтейік, 2016-2017 оқу жы­лына сәйкес, республика бойынша күн­дізгі жалпы білім беретін білім ордала­рының саны – 7373 бірлік болса, кешкі жалпы білім беретіндері 77 мектепке тең. Осы оқу жылында білім ал­ған оқушы­лар­дың жалпы саны 3 миллионға жуықтайды. Дәлірек айтсақ, күндізгі білім ордасында – 2917,8 мың адам, кешкі мектепте – 12,8 мың оқушы оқиды.

Айдана НҰРМҰХАН 

Бөлісу:

Пікір жазу


*