Баламасы жоқ банк

1819
0
Бөлісу:

Көптен күткен Ядролық отын банкі өз жұмысын бастады. Бұлай деуіміздің сыры бар, бес жыл бұрын жасалған келісім нәтижесінде, Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургия зауыты аумағында төмен байытылған уран банкі ашылды. 2012 жылы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Қазақстанмен уағдаластық орнатқан болатын. Содан бері жасалған жұмыстардың нәтижесі, міне – осы. Банк құрылысы 2015 жылы басталған. Бұдан былай әлемнің атом электр стансаларына арналған уран қоры Өскеменнің Үлбі металлургиялық зауытында жиналады. 

Төмен байытылған Ядролық отын банкінің ашылуын бірден құптағандар да, қарсылық танытқандар да болды. Де­генмен «Біткен іске сыншы көп» демекші олардың қайсысының сөзі орынды екен­дігіне тек уақыт қана төреші.
«Жаһандық экономикалық өмір түбе­гейлі өзгеруде, алайда ең алдыңғы қатарлы цифрлық экономикаға да энергия қажет, яғни көп энергия керек болады. Дәстүрлі энергия көздеріне қарағанда, уранда миллиондаған есе энергияның үлкен кон­центрациясы бар екенін еске салған жөн. Сондықтан да ядролық энергетика бала­малы болып табылады әрі басқаларына қарағанда тиімдірек» деген болатын Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. «Болашақта ядролық энергетиканың жаң­ғыртылуы елеулі пайда әкелмек. Сон­дықтан төмен байытылған уран банкін орналастыру үшін Қазақстанның таң­далуы біздің елдің атом саласындағы са­пасын білдіреді. Естеріңізге сала кетейін, түрлі есептеу­лер­ге қарағанда, Қазақстанда әлем бойын­ша уран қорының 30 пайызға дейінгі үлесі шоғырланған. Бүгінде біз уран өндіруші ірі елдердің біріміз және әлемдік энергетикада маңызды рөл ат­қаруға дайынбыз». Осы орайда, Прези­дент қазіргі кезде әлемде 51-ден астам атом электр стансасы салынып жатқанын, ал 2030 жылға қарай 500-ге тарта АЭС салынуы жоспарланып отырғанын атап өтті. Жер бетінде халық саны өсіп, өндіріс орындарының қатары да көбейіп келеді. Демек, энергияға деген сұраныс жыл өткен сайын артпаса, кемімейді.

Ядролық отын банкінің Үлбі металлургия зауыты аймағында болуын мамандар әу бастан құп­таған. Себебі, ол жерде инфра­құрылымның бәрі дайын. «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық атом компаниясының құрамына кіретін металлургия зауыты АЭС үшін отын таблеткаларын өндірумен айналысып келген. 60 жылдан астам тарихы бар зауыт ядролық материалдарды, оның ішінде төмен байытылған уранды сақтауда өте сенімді және тәжірибесі бар деп танылды. Зауытта кәсіби мамандар мен жұмысшылар да бар. Оның үстіне жергілікті халықтың өзіндік менталитеті қалыптасқан. Олар металлургия зауыты аймағына жақындауға тіпті болмайтынын жақсы біледі.
Уран банкін салу ел бюджетіне салмақ салған жоқ. ЯОБ-н салу және оны ке­лешекте сақтау ерікті жарналар есебінен іске асуда. Сөзіміз дәлелді болу үшін қай мемлекет қаншалықты қаржылай үлес қосқанына тоқтала кетейік. Еуропалық Одақ – 25 млн евро, Кувейт – 10 млн АҚШ доллары, Норвегия – 5 млн АҚШ доллары, Біріккен Араб Әмірліктері – 10 млн АҚШ доллары, АҚШ – 49 млн АҚШ доллары, «Ядролық қауіпті қысқарту жөніндегі бастама» қоры – 50 млн АҚШ доллары, Қазақстан – 400 000 АҚШ доллары және заттай үлес. Донорлар ЯОБ-н салып, оны іске қосу үшін шама­мен 150 миллион доллар қажет екендігіне тоқтал­ған. Бұл банктің жұмыс істеуіне шын ниетті донорлар да бірден өз үлес­терін қоса бастады. Әлемдік миллиардер Уоррен Баффеттің жалғыз өзі бірден 50 миллион доллар бөлді. Қажет қаражаттың қалған бөлігі жоғарыда атап өткен мемле­кеттердің есебінен-ақ жабылып тұр.
Қазақстан әлемде өз террито­риясына уран банкін орналас­тыруға өтініш білдірген жалғыз ел. Дәл қазір әлемде бұл банктің баламасы жоқ.
Төмен байытылған уранды алу, жеткізу, ұстап тұру, импорт­тау және экспорттау шығын­дарын МАГАТЭ өтейді. Келісім бойын­ша, Қазақстан төмен байытылған уранды сақтау, оның ішінде электр қуаты, жылу, қажетті қыз­меттік ны­сан мен қызметкерлерге кететін шығын­дарды және банк елімізден тыс жерге көшірілген жағдайдағы шығынды төлейді.
Банктің аумағы 900 шаршы метрге жуық және 8 балдық жер сілкінісіне тө­теп беруге қауқарлы. Ондағы төмен байы­тылған уран қалыңдығы 13 миллиметрлік берік болат цилиндрлерде сақ­талады. Қазақстан Үкіметінің мәлімдеуінше, уран резерві – дербес қор. МАГАТЭ бас дирек­торы Юкия Аманоның айтуын­ша, Қытай мен Ресей артық уранды тасы­малдауға көмекте­седі. Банкте 90 тонна уран сақ­талады. Қоймадағы қор МАГАТЭ-ге мүше елдердегі уран тапшы болған жағдайда ғана пайда­ланылады. Уран Қазақстанға арнайы контейнер­лермен тасы­малданады. Таяу мерзімде Үлбі металлургия зауытының жаны­нан ашылған банкке әлемнің түкпір-түк­пірінен уран тиелген алғашқы контей­нерлер келе бастайды. МАГАТЭ биыл арнайы тендер өткізбек. Байқауға халық­аралық атом ұйымының талапта­рына сай келетін елдер, тіпті Қазақстан да қатыса алады.
Сарапшылар Ядролық отын банкінің болашағы зор екендігін айтады. Бізде соған лайық маман­дарды дайындау үрдісі қазірден қалыптасуы керек. Сонда жаңа басталған істің болашағы жарқын болмақ. Көпшілік төмен байы­тыл­ған уранды радиоактивті қал­дық­пен шатастырмауы тиіс. Бо­лашақта атом электр станса­сына арнап отын өндірсек, МАГАТЭ қолдау көрсетуі әбден мүмкін.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*