Қазақстан өз таңдауын жасады

1585
1
Бөлісу:

Қазақстан Президенті МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің ашылу рәсіміне қатысты. Рәсім барысында Қазақстан Президенті МАГАТЭ-нің бас директоры Ю.Аманоға Үлбі металлургия зауытының аумағында орналасқан Төмен байытылған уран банкінің символдық кілтін табыс етті.

Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде бүгінгі шараның Қазақстан мен бүкіләлемдік қоғамдастық үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемнің ядролық қаруы бар төртінші елінен оны таратпау жағынан жаһандық көшбасшы мемлекетке айналғанға дейінгі қарқынды даму жолынан өткенін айтты.
– Осы күні, 1991 жылғы 29 тамызда, ме­нің Жарлығыммен әлемдегі ірі поли­гон – Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бүгінде бүкіл әлем 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтеді. Қазақстанда қуатты ядролық қарудың болуы тағы бір мәселе болды. Қазақстан іс-әрекеті арқылы ядролық арсенал проблемасымен бетпе-бет келген басқа да елдерге жол көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан МАГАТЭ-ге Төмен байытылған уран банкін орналастыруға мүмкіндік беріп, ядролық отынды таратпау жөніндегі режимді нығайтуға және оны қауіпсіз жеткізудің бірегей тетігін қалыптастыруға елеулі үлес қосқанын айтты.
– Төмен байытылған уран банкі МАГАТЭ-нің толық бақылауымен жұмыс істеп, ресми түрде оның заңды меншігінде болатынын атап өтемін. Сондықтан МАГАТЭ басшылығына және Банк донорларына осы маңызды жобаға зор үлес қосқаны үшін ризашылық білдіре­мін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ядролық энерге­тиканы дамытудың өзектілігіне назар аударып, оны әрі қарай жаңғыртудың перспективаларына тоқталды.
– Біз – ірі уран өндірісімен айна­лысатын елміз және әлемдік энергетикада маңызды рөл атқаруға әзірміз. Сондай-ақ Қазақстан жаһандық «жасыл» тренд арнасында тұр. Сондықтан біз Астанада болашақтың энергиясына арналған халықаралық EXPO көрмесін өткізіп жатырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек Қазақстан Президенті Жаһандық проблемалар жөніндегі Па­гуош ғалымдар қозғалысының 62-сес­сиясына қатысушыларды осы қозға­лыстың 60 жылдық мерейтойымен құт­тықтады.
Мемлекет басшысы ядролық қарудың таралу мәселелеріне және адамзат үшін оны қолданудың қауіпті салдарларына тоқталды.
Қазақстан Президенті негізгі ядролық державалар арасындағы сенім деңгейінің төмен екенін, соның нәтижесінде, әлем­дік қоғамдастықта жаһандық ядролық қауіп­сіздік мәселелері бойынша бірліктің бол­май отырғанын айтты.
– Қазақстан өз таңдауын жасады. Біз ядролық қарусыздану мен жаһандық ядро­лық қауіпсіздікті дәйекті түрде жақ­таймыз. Бұл ретте біз ядролық қауіпсіздік тек әмбебап әрі ешкімді кемсітпейтін болуы керек деп есептейміз. 190-ға жуық елді біріктіретін G-GLOBAL бастамасы осыған бағытталған, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ пен Ресей арасындағы санкциялық қарсылықтың күшеюіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, сауда-экономикалық шиеленіс­тердің күш қолдануға ұласуын болдыр­маудың маңыздылығын атап өтті.
– ХХІ ғасырдағы тұрақтылық пен ядролық қауіпсіздік, ең алдымен, ресми ядролық державаларға байланысты бо­лады. Адамзат үшін олардың арасындағы қарым-қатынастың маңызы өте зор. Корей Халық Демократиялық Респуб­ликасына қатысты ахуалға келсек, біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2371-қарарын табанды түрде қолдаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықаралық қарым-қатынастардағы саяси сенім мен жүйелі диалогты қалпына келтіру қажет­тігін атап өтіп, Қазақстанның әлемдік проблемаларды шешудегі үлесі жөнінде айтты.
– Біз бітімгерлік бағытты одан әрі қолдап, жалғастыруға дайынбыз. Атап айтқанда, Қазақстан Украинаның оңтүс­тік-шығысындағы дағдарысты реттеу жөніндегі диалогқа ықпал етуге әзір. Біз тараптарды қақтығысты еңсеру жолын табуға шақырамыз, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті қалыптасқан жаһандық ахуалды ескере отырып, ядро­лық қауіпсіздіктің жекелеген мәселелерін шешу мақсатымен бірқатар идеялар ұсынды.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзіндегі барлық ядролық мемлекеттің мәртебесін заңдастырып, ядролық қаруы бар елдердің саммитін өткізуді ұсынды.
Бұдан бөлек Қазақстан Президенті ядролық технологиялары бар, бірақ Ядро­лық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қоймаған немесе ратификацияламаған бірнеше елдерді атап өтіп, олардың көшбасшыларын ке­шеуілдемей осы шартқа қосылуға ша­қырды.
Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруға қарсы қозғалыс мәселесі бойынша бар­лық жаһандық бастамаларды біріктіруді ұсынып, Қазақстанның Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаһандық саммитті жаңарту үдерісіне бастамашы болуға және оның отырысын Астанада өткізуге әзір екенін айтты.
– Мен БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясында ұйымның 100 жылды­ғында ядролық қарусыз болу туралы бас­тама көтердім. Онда баяндалған барлық тар­мақтар әлемнің БҰҰ-ның 100 жыл­дығын ядролық қарусыз қарсы алуына бағыт­талған. Біз үлгі көрсете отырып, ядролық қаруға ұмтылған елдерді бұл қауіпті жолдан шығуға шақырамыз, – деді Қазақ­стан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы жаһан­дық ядролық қауіпсіздікті сақтаудың қа­жет екенін айтып, Қазақстанда ашылған Төмен байытылған уран банкі тек бейбіт атомға ғана арналатынын атап өтті.

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. RosieImilt 28 Қазан, 2017 at 10:57 Жауап

    Hello friends!
    I am an official representative of private company which deals with all kinds of written work (essay, coursework, dissertation, presentation, report, etc) in short time.
    We are ready to offer a free accomplishment of written work hoping for further cooperation and honest feedback about our service.
    This offer has limited quantities!!!
    Details on our website: >>> top-essay.work

RosieImilt үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау


*