АТА ЗАҢНЫҢ АЯСЫНДА, ТӘУЕЛСІЗДІК САЯСЫНДА…

2118
0
Бөлісу:

Қай мемлекеттің болсын тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжаты – Конституция. Ата заңда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстың, әлеуметтік топтардың мақсат-міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

22 жыл бұрын Қазақстанның да басты құжаты, яғни Конституциясы бекітілген еді. Содан бері тәуелсіздігіміздің бастауына айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформаның іске асуына, дамуына тікелей ықпал етіп келеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын» деп жазады «Қазақстан жолы» атты еңбегінде.
Әрбір мемлекеттің Конституциясы – елдің басты саяси құқықтық құжаты. Заңға бағыну – тәртіп. Тәртіп бар жерде тәрбие болады. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы тегін айтпаса керек-ті. Өз Отанын сүю, оның заңдарына бағыну – бұл кез келген адамның азаматтық борышы.
«Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ» дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Жыл басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде Үндеуі жарияланды. Үндеуде Елбасы: «Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын. Бұл – Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу. Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу міндеті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз» деген еді.
Елбасының бастауымен бір айдан астам уақыт бойы кеңінен талқыланған конституциялық өзгерістер халықтан қолдау тауып, Ата заңға енгізілді. Мемлекет басшысы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөліп, бірқатарын Үкімет пен Парламентке берді. Соған сәйкес жергілікті атқарушы биліктің де рөлі артып, құзыреттілігі кеңейді. Осылайша, еліміз жаңа даму кезеңіне қадам басты.


Әли БЕКТАЕВ,
Парламент сенатының депутаты:

Бұл заң – болашағымыздың кепілі
– 30 тамыз – Конституция күні. Бұл күн – тәуелсіз Қазақстан үшін ең ұлы мерекелердің бірі. Себебі, Ата заңымызбен еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты, өсіп-өркендеп келеді. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асып, дүниежүзіндегі әйгілі мемлекеттермен қатарлас болдық. Дамыған елдермен тереземіз тең болды. Демократиялық, азаматтық қоғамды ұстанып келе жатырмыз. Ішкі және сыртқы саясатымыз еліміздің дамуын лайықты жолға салып келе жатыр деуімізге болады. Ата заң – қоғам өмірі қамтылған, ел дамуына кепіл бола алатын маңызды құжат. Ата заңымыз арқылы елімізде орта және шағын бизнес, экономиканың түрлі салалары, халықтың еңбекке араласуы, жастарымыздың білім алуы, халқымыздың денсаулығын сақтау мәселелері, қоғам дамуы зайырлы мемлекеттермен қатар өркендеп келеді. Ата заң бостандығымыздың, болашағымыздың кепілі деп толық сеніммен айтуымызға болады. Сондықтан Конституция күні құтты болсын! Еліміз өркендеп, дами берсін! Елбасының сындарлы саясаты Конституцияның аумағында елімізді дамытуға үлкен септігін тигізетініне кәміл сенемін.


Талас ОМАРБЕКОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Мемлекет дамуындағы маңызды бетбұрыс
–Біздің Конституциямыз тәуелсіздіктің Ата заңы болғандықтан әлі де жетілдірілу үстінде. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан енді асты. Бұл үлкен тарихи кезең емес. Сондықтан конституциялық реформаны әлі де жетілдіру қажет. 1993 жылы жасалған алғашқы Конституциямыз Франция мемлекетінің конституциялық құрылымына сәйкестендіріліп, соны басшылыққа алған болатын. Бұл құжат шын мәнінде демократиялық Конституция болатын. Бірақ бұл жаңадан тәуелсіздік алған, көп жылдар бойы тоталитарлық режимнің қыспағын кешкен мемлекетке онша сәйкес келе қоймады. Себебі, 1993 жылғы Конституцияны жасауда Франция тәрізді парламенттік демократия дамыған елде орын алған Конституцияны басшылыққа алған еді. Біздің еліміз ол кездері мұндай демократиялық қоғамға толық дайын емес болды. Францияның деңгейіне жету үшін халықтың сана-сезімі, мемлекеттің ұстанымы, оның тәуелсіздікті сезінуі өсіп, елдегі барлық ұлт пен ұлыстардың мемлекетімізді туған жері ретінде мойындауы қажет болды. Осындай көптеген қиыншылықтарға байланысты алғашқы Конституциямыз демократиялық құжат болғанымен, тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарын қамтамасыз етуге дайын болмай шықты. Конституцияны жетілдіру қажеттігі туындады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде тәртіп орнап, тәуелсіздік нығайып, демократия жолына бағыт алу үшін ең алдымен президенттік билікті күшейту қажет болды. Өйткені, Конституция біздің елдің өмір шындығы мен тыныс-тіршілігіне сәйкес келе қоймады. Сондықтан да 1995 жылы жаңа Конституция қабылданды. Бұл Конституцияның ең басты ерекшелігі – елімізде президенттік билік күшейтілді, биліктің үш тармағы: сот билігі, Парламент билігі және президенттік билік көрсетілді. Әрқайсысының арнайы міндеті мен құқықтары бар. Осы істе президенттік билік барлығын жандандыру керек болды. Парламенттік жүйенің демократияға бейімделіп, қайта құрылуы үшін де президенттік биліктің алатын орны бөлек еді. Осы мақсат 1995 жылғы Конституцияда жүзеге асырылды. Президенттік билікті күшейту елімізге жаңа мүмкіндіктер ашты. Өйткені, колхоз, совхоздар тарап, өндіріс орындары жұмысын тоқтатып шаруашылықты ұйымдастыру нарықтық қатынасқа бейімделіп жатқан шақта президенттің тікелей бақылауы қажет еді. Парламенттік демократия біздің елімізде жаңадан ұсынылған дүние болды. Бұрынғы Жоғарғы кеңес коммунистік партия басшылығына ілескен шешім шығаруға қауқарсыз, формальді орган болатын. Сондықтан 1995 жылғы Конституция мемлекетімізді нығайтуда көп жұмыстар атқарды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті өз қолына шоғырландыруы шын мәнінде сот органдарының беделін күшейтуде, Парламентті көтеруде үлкен шешуші рөл атқарды. Яғни, мемлекеттік тәртіп орнады.
Өмір бір орында тұрмайды. Демократиялық даму бағытын алсақ, президенттік билікті күшейтумен барлық мәселені шеше алмаймыз. Яғни, президенттік басқарудың да өзіндік демократиялық жолы болуы керек. Демократиялық қағидаларды атқарушы органдарға, Парламенттік жүйеге, сот жүйесіне тарату қажет. Осы орайда Елбасымыз барша қазақстандықтың алдына осы береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтып, еліміздің іргесін бекіте түсуді басты мақсат етіп қойып отыр. Президенттің мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөніндегі Үндеуі соның жарқын бір көрінісі. Президент өзінің бірқатар өкілеттіктерін биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтарына беру бастамасын көтерді. Бұл өзгерістер Қазақстандағы демократиялық үдерістерді жетілдіру жолында, жалпы мемлекетіміздің дамуында маңызды бетбұрыс болды. Мұның өзі Үкімет пен Парламенттің шешім қабылдаудағы белсенділігін арттырып отыр.


Қуаныш АЙТАХАНОВ, қоғам қайраткері:

Тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи шешім

–Алғашқы Конституцияны 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғары кеңестің сессиясында қабылдаған болатынбыз. Бірақ бұл Конституция заман ағымына лайықты болмай, еліміздің дамуына кедергі жасай бастады. Соған байланысты бүкіл халықтық референдуммен 1995 жылдың 30 тамызында Конституциямыз қабылданды. Бүкіл халық болып талқылаған маңызды құжаттың алар рөлі де жоғары. Кез келген жерде, заң қабылдарда осы Ата заңымызды басшылыққа алуымыз керек. Сол себепті Ата заң еліміздің алға дамуының ең негізгі шешуші факторының бірі.
Заманның өзгеруіне байланысты Конституция болашақты алдын ала болжай білетін құжат болу керек. Соған орай биыл Елбасымыздың тапсырмасымен конституциялық реформа жарияланды. 1995 жылы қабылданған Конституцияда негізі биліктің барлығы президенттің қолына жинақталған болатын. Алдымен экономика, кейін саясат деген ұранмен Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен үлкен жұмыстар атқарылды. Елбасына барлық құқықтар берілді. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде еліміз демократияның даңғыл жолына келді. Қоғамдық институттар, мемлекеттік емес ұйымдар, парламентаризм дами түсті. Осыдан мемлекеттік биліктің арасындағы билік тармақтарын қайтадан бөлісу мәселесі қолға алына бастады. Елбасының инициативасымен өзінің бірқатар міндеттерін Парламентке, Үкіметке беру мәселесін қолға алып, ел ішінде талқылау болып, Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілді. Кейбір мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау Үкіметке берілді. Мұның өзі Парламентке қосымша мүмкіндіктер берді. Ел президентінің өз билігін биліктің басқа тармақтарына беруі ешбір жерде әлі болған емес. Бұл демократияны дамытуға ықпал етеді, Үкіметтің жұмыс істеуге қабілетін арттыра түседі, қолбайлау азаяды. Бірақ біз әлі де күшті президенттік мемлекет болып қала береміз. Өйткені, 25 жылдық тәуелсіздік кезеңіндегі тарихымыз президенттік биліктің әлі де керек екенін дәлелдеп отыр.


Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Парламент сенатының депутаты:

Конституция негізі – адами құндылықтар

– Ел Конституциясының қабылданғанына биыл 22 жыл толып отыр. 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдумда халқымыздың 90 пайыздан астамы Конституциямызға дауыс берді. Конституция – еліміздің саяси-құқықтық құжаттарының бірі. Содан бері тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. 22 жыл ішінде заман ағымына орай Конституциямызға біршама толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Бірақ Ата заңымыз өзінің негізгі барлық баптарын сақтап қалды. Конституцияда ең негізгі құндылық – адам, оның өмірі, бостандығы және құқықтары деп көрсетілген. Сондықтан да ол тек саяси-құқықтық қана емес, экономикамыздың дамуында да өзіндік рөлі бар құжат. Бүлдіршіндерімізден бастап барлық азаматтарға Конституциямыздың негізгі баптарын таныстыру, үйрету – үлкен міндет. АҚШ-та болғанымызда, кез келген азаматтың өзінің Конституциясын мақтан тұтатынын аңғардық. Сол сияқты да барлық азаматтарымыз Ата заңымызбен мақтанып, оны құрметтеуі тиіс. Бұл орайда Конституциямыздың негізгі құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – ортақ мақсат. Конституцияны құрмет тұту – кез келген Қазақстан азаматының борышы. Конституциямыз әлемдегі жас Ата заңдардың бірі ғана емес, халықтың мұң-мұқтажын ойлайтын, адами құндылықтарды негізге алған құжат. Бұлай деп отырғаным, азаматтарымыз қандай кәсіппен айналысса да, елдік бастамалар көтерсе де, Ата заңымызға қайшы келмейді. Сондықтан әлемдегі демократиялық Конституциялардың бірі деп толық айта аламыз. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.


Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, профессор:

Сыртановтан басталған жол

– Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырда үш Конституциямыз болды. 1913 жылы Әлиханның тапсырмасымен Барлыбек Сыртанов «Қазақ елінің уставы» атты еңбек жазды. Алғашқы Конституция 28 баптан тұратын. Алаштың тағдыры жұртқа белгілі. Сондықтан ол Конституцияның ғұмыры ұзаққа бармады. Ал Кеңес үкіметі кезінде 1937 және 1978 жылдары екі рет Конституция қабылданды. Бірақ бұл таптық жіктелуге негізделген, пролетариат диктатурасын нығайтатын коммунистік партияның жетекшілік, басшылық рөліне негізделген Конституция болатын. Оның да уақыты өтті. Шын мәнісіне келгенде, бұл қазақтың тұрмысына келе бермейтін құжат болатын.
Тәуелсіздік алғалы бері біз екі Конституцияны (1993 және 1995 ж.ж.) қабылдадық. Әрине, Ресейдің құрамында болып, отарлық езгіні көрген елге тәуелсіздік алғаннан кейін бірден Ата заң жасап алу ауыр болатыны анық. Алғашқы Конституциядан гөрі 1995 жылы қабылданған Конституциямыз тәуелсіз еліміздің нағыз құжатына айналды. Ол еліміздің әлеуметтік, құқықтық, саяси, экономикалық қырларын қарайтын, сол қатынастарды реттейтін маңызды құжат екені даусыз. Бүкіл қабылданған заңдар осы Ата заң аясында енгізілді. Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақытта осы Конституциямыздың күшінің, ықпалының арқасында еліміз өркендеді, мемлекет ретінде қалыптасты. 1978 жылғы Конституцияда адамның құқықтары мен міндеттері құжаттың соңына қарай 3-4 баппен ғана айқындалса, 1995 жылғы Конституцияда адами құндылықтар алғашқы бетінен бастау алып, бірнеше баптарда қамтылған. Бұл – екі Конституцияның ерекшелігін көрсететін ерекше фактор.
Екінші ширек ғасырға аяқ бастық. Сондықтан Конституцияның бізге бергені көп болды. Берері де әлі бар. Бірақ заманға орай жаңа ұсыныстар, жаңа қажеттіліктер ұсынылуы мүмкін. Сол себепті тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, мәнді ел болу үшін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған жаңа міндеттерді орындау мақсатында Ата заңымыз әлі де жетілдіріле түседі.


Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:

Ел жетістіктері де – Конституцияның үлесі
– 1995 жылы қабылданған Конституция еліміздің дамуына үлкен ықпал етіп келе жатыр. Бұл – зайырлы, демократиялық мемлекет құруға толық мүмкіндік жасап отыр. Қазақстанды әлем мойындап, үлкен биіктерден көрінуінде де оның үлесі бар. Әлемде болып жатқан өзгерістерге орай конституциялық реформалар да сұраныс пен талапқа сай жасалып тұрады. Осыған орай бірнеше рет конституциялық реформалар орын алған болатын. Биылғы реформаны Президент өзі бастама көтеріп, президенттік өкілеттіктерді Үкіметке, Парламентке беру жөнінде шешім қабылдады. Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, өзгерістер енгізілген болатын. 1995 жылы Конституция қабылданғанда президенттік басқару жұмысын күшейтудің маңызы жоғары еді. Өйткені Елбасының жылдам шешім қабылдауға, жарлықтар шығаруға өзі араласуы уақыт қажеттілігінен туындаған болатын. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр асқан уақытта Конституцияда көрсетілген зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасудамыз. Барлық мәселе реттеліп келеді. Сондықтан Президент бастамасымен Парламент көптеген мәселелерді өзі шешіп, Үкіметті қадағалауға мүмкіндік алып отыр. Бір жағынан Үкіметке еркін шешім қабылдауға мүмкіндіктер берілсе, екінші жағынан Парламент Үкіметтің жұмысын қадағалауға біраз мүмкіндіктер алып отыр. Қабылданған өзгерістер жұмыс істесе қарқынды дамуға жол ашылады.
Дамыған, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді басты межеге қойып отырғанымыз белгілі. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да ел өркендеуіне жаңа міндеттер қойылды. Сондықтан осы мақсаттарға жету үшін оған сай болуымыз қажет. Конституция негізгі құжатымыз болғандықтан еліміздің дамуына өз үлесін қоса береді.

Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*