Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Конституция күніне орай құттықтауы

1573
0
Бөлісу:

Қымбатты отандастар!

Баршаңызды халқымыз үшін маңызы зор мереке – Конституция күнімен құттықтаймын!
Осыдан 22 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата заңымыз Қазақстан Республикасының зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі базалық негізін қалады.
Конституция тәуелсіздігіміздің берік тірегіне, табысты дамуымыздың және Қазақстанның халықаралық деңгейдегі биік беделінің кепіліне айналды.
Ол еліміздің басты құндылықтары ретінде қоғамдық-саяси бірлікті, келісім мен тұрақтылықты қалыптастырды.
Саяси жүйенің тиімділігін арттыру және мемлекеттігіміздің мызғы­мас­тығын қамтамасыз ету бағытында елімізде жүргізілген консти­туциялық реформа жаңа жаһандық өзгерістерге жауап береді.
Конституциямыз Қазақстанның әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуы жолында жаңғыру үдерісін одан әрі іске асырудың, демокра­тиялық бастамаларымызды нығайтудың, азаматтардың әл-ауқатын көтерудің және қоғамды біріктірудің маңызды факторы болып саналады.
Барша қазақстандықтарға шын көңілден бейбіт өмір, табыс және құт-береке тілеймін!

Бөлісу:

Пікір жазу


*