«УЛЫ» ҚАРЫЗДАР 1 ТРИЛЛИОНҒА ҚЫСҚАРАДЫ

1568
0
Бөлісу:

Әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы келер жылы шамамен жарты триллион теңгеге ұлғайтылады. Бұл туралы кеше, Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиында Үкімет мүшелері еліміздің бесжылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамын бекітті. Сондай-ақ алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов әріптес­терінің назарына еліміздің «2018 – 2022 жылдарға арналған әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамы мен негізгі ба­сым­дықтарын» ұсынды. Оның айтуынша, құжат «Қазақстан – 2050» Стратегия­сында, 30 озық дамыған елдің қатарына кіру тұжырымдамасында, бес институ­ционалдық реформада, сондай-ақ Қазақ­станның үшінші жаңғыруында белгі­ленген мақсат-міндеттерді іске асыру үшін әзірленді.
Министр бесжылдық болжам бірін­шіден, 2016 жылғы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) бойынша есептік деректер және ағымдағы 2017 жыл бойынша эконо­ми­ка­лық өсімнің нақтыланған бағалауы негі­зінде әзірленгенін айтты. Атап айтқанда, Қазақстанның номиналды ЖІӨ 2016 жылы 1 триллион 497,4 млрд теңгеге ұл­ғая отырып, 46 триллион 971,2 млрд теңге көлемінде қалыптасты. Былтыр ЖІӨ-нің нақты өсімі 1,1 пайызды құрады.
«Жыл басынан бері экономикалық бел­сенділіктің жақсаруы байқалады. Өт­кен 7 айда ЖІӨ-нің өсуі 4 пайызды құрады. 2017 жылдың қорытындысында біз эконо­миканың 3,4 пайыз деңгейінде өсуін күтудеміз», – деді Т.Сүлейменов.
Екіншіден, бұл болжамда ел Үкіметі әлемдік экономиканың өсуі бойынша жаңартылған болжамдарға сүйеніп отыр. Халықаралық валюта қорының болжа­мына сәйкес, 2017 – 2018 жылдары дамы­ған елдердегі белсенділіктің жеделдеуі аясында әлемдік экономика 3,5-3,6 па­йыз денгейінде өседі.
Үшіншіден, болжамды түзу кезінде әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалдың тұрақтануы негізге алыныпты. Биылғы 7 айда мұнайдың бағасы орташа есеппен бір барреліне 51,7 долларды құрады, 2016 жылы одан едәуір төмен – 44 доллар бол­ған.
2017 жылға арналған консенсус-бол­жамға (халықаралық қаржы ұйым­дарының деректері бойынша орташа бағаға) сәйкес, мұнай бағасы 2018 жылы бір бөшкесі үшін 55,3 долларды құрайды және орта мерзімді перспективада қалып­ты өседі деп болжануда. Бірақ Қазақстан өз экономикалық болжамы мен жос­пар­ларын ұстамды жорамалға құрып отыр.
– Ішкі және сыртқы параметрлердің өзгерістеріне қарай Қазақстан экономи­касының дамуының ықтимал үш сценарийі қаралды. Біздің «оптимистік сценарий» 2018 – 2022 жылдары мұнай бағасының 55 долларға дейін өсуін болжайды. «Пессимистік сценарий» бойынша бағасы бір барреліне 35 долларға дейін төмендейді. 2018 – 2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2018 – 2020 жылдарға ар­налған бюджеттік параметрлерді қалып­тастырудың негізіне «базалық сценарий» алынды: ол мұнайдың бір баррелінің консервативтік бағасы 45 долларды құрайды деп қарастырады, – деді ұлттық экономика министрі.
Әлемдегі елдердің даму қарқыны негізінен ЖІӨ-нің өсімімен өлшенеді. Бұл ретте ел Үкіметі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің нақты өсімін 2018 жылы 3,1 пайыз деңгейінде болжауда. Кейін 2022 жылы 4,2 пайызға дейін артады деп күті­луде. Осылайша, ЖІӨ-нің алдағы бес­жыл­дықтағы орташа жылдық өсу қар­қыны 3,7 пайызды құрауға тиіс. Нәти­же­сінде, 2018 жылы номиналды ЖІӨ 55 триллион 906,2 млрд теңгеден 2022 жылы 75 трил­лион 875,4 млрд теңгеге дейін ұлғаюы міндет. Жан басына шаққандағы ЖІӨ келер жылы 9 мың доллардан 2022 жылы 11,7 мың долларға дейін артуы шарт.
– Алдағы перспективада Индус­трия­ландыру мемлекеттік бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарла­ма­ларын іске асыруды жалғастыру, сондай-ақ үшінші жаңғырудың жобалық бас­қаруын ендіру есебінен өңдеуші өнер­­кә­сібінде
4,2 пайыз, ауыл шаруашы­лы­ғын­да – 5,7 пайыз, құрылыс саласында – 4 пайыз, көлікте – 5,1 пайыз, саудада – 3,5 пайыз деңгейінде анағұрлым жоғары өсу қарқыны күтілуде, – деді министр.
Айтқандай, мұнай өндіру көлемі 2018 жылы 86 млн тоннадан 2022 жылы 88,6 млн тоннаға дейін ұлғаятыны мәлімделді. ОПЕК ұйымы «қара алтын» құ­нын арттыру мақсатында мұнайлы ел­дерді өндіру көлемін ары қарай қыс­қартуға шақырып жүргені мәлім.
Еліміздің шетел нарықтарына өткі­зетін экспорты 2022 жылы 60,6 млрд дол­ларға дейін ұлғаяды деп болжануда. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 47 млрд долларды құрайтыны мәлімделді. Шеттен таситын импортымыз 2018 жылы 34 млрд доллар­дан 2022 жылы 45,5 млрд долларға дейін өседі.
– Орта мерзімдік перспективада осы өсім параметрлеріне жету үшін, үшінші жаңғыруды іске асыру бойынша жобалық басқаруды енгізу жағдайында, әлемнің неғұрлым дамыған 30 көшбасшы елі қатарына кіру мақсатында негізгі күш-жігер экономикалық саясатының келесі басымдықтарына шоғырландырылады. Ақша-кредиттік саясаттың рөлін ынта­ландыру, қаржылық орнықтылығын қам­тамасыз ету және фискалдық орта­лықсыздандыруды ескеретін тиімді бюд­жет­тік-салықтық саясаттың есебінен макроэкономикалық тұрақтылық қам­тамасыз етіледі, – деді экономика министрі.
Мұның сыртында алдағы бесжыл­дықта цифрлық технологияларды қол­дана отырып, жаңа индустрияларға өркен жайғызу, технологиялық қайта жарақтан­дыру, еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, көлік-логис­тикалық инфрақұрылым, құрылыс сек­то­ры секілді дәстүрлі базалық салалар­дың экспорттық әлеуетін арттыру арқылы «экономика жеделдетілген түрде техноло­гиялық жаңғыртылмақ».
Сонымен бірге, ел Үкіметі экономи­каға мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) кеңейту жолымен, бизнестің шығыстарының барлық түрлерін азайту, бәсекелестікті және жеке капиталды дамыту арқылы «бизнес-ортаны түбегейлі жақсартпақ әрі кеңейтпек».
Бесжылдық алдағы қадам бұған қоса, білім берудің қолжетімділігін және сапа­сын арттыру, денсаулық сақтау жүйесін қайта құру, әлеуметтік көмек көрсетудің тиімділігін арттыру арқылы «адами капи­талдың сапасын жақсартуды» қарасты­рады.
Сонымен қатар осы кезеңде елімізде дамыған елдер мүше Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдары мен үздік тәжіри­белерін имплементациялау жолымен «институционалдық жаңару», сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету және кәсі­би мемлекеттік аппарат арқылы «тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру» үдерісі жүрмек.
Үкімет 2018 – 2022 жылдар аралы­ғында «өңірлердің экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту және нығайту, тұрғылықты жеріне қара­мастан, Қазақстанның барлық азаматтары үшін тең өмірлік және еңбек жағдайларын жасау мақсатында «теңгерімді өңірлік дамуға» қол жеткізуге уәде етеді.
Ұлттық экономика министрі осындай макроэкономикалық болжам негізінде «2018 – 2020 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет параметрлерінің бол­жамы» да дайындалғанын мәлімдеді.
– Республикалық бюджеттің кірісі 2017 жылмен салыстырғанда, 636,5 млрд тең­геге ұлғая отырып, 2018 жылы 5 трил­лион 528,4 млрд теңге, 2019 жылы – 6 трил­лион 403,9 млрд теңге, 2020 жылы – 7 трил­лион 175,8 млрд теңге сомасында болжануда. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырым­дамасына сәйкес, республи­калық бюд­жетке берілетін кепілденді­рілген транс­ферт 2018 жылы – 2 триллион 600 млрд теңге, 2019 жылы – 2 триллион 300 млрд теңге, 2020 жылы – 2 триллион теңге мөлшерінде айқындалды, – деді Тимур Мұратұлы.
Бюджет тапшылығын 2018 – 2020 жылдары ЖІӨ-ге қатысты 1 пайыз деңге­йінде айқындау ұсынылады. Бұл Үкімет борышын үш жылдық кезеңде ЖІӨ-нің 25 пайызы көлемінен аспайтын деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді екен.
Болжамды түсімдер мен жоспарлы бюджет тапшылығын ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2018 жылы 9 триллион 217,9 млрд теңгені, 2019 жылы – 9 триллион 798,2 млрд теңгені, 2020 жылы – 10 триллион 219,7 млрд теңгені құрайды деп болжануда.
Егер мұнай бағасы әр барреліне 45 долларды құраса, 2018 – 2020 жылдары Ұлттық қордың жалпы қаражат көлемі болжам бойынша 62,4 миллиард доллар болмақ. Әрине, егер «қара алтын» бағасы 45 доллардан қымбаттаса, бұл сома өспек. Тиісінше, егер арзандаса, көрсеткіш төмендейді.
Бұл болжамды құруға еліміздің қаржылық реттеуіші де қатысқан. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев алдағы 2018 жыл үшін инфляцияның нысаналы бағдары 5-7 пайыз деңгейінде айқын­далғанын айтты.
– Инфляция 2020 жылға қарай 4 па­йызға дейін біртіндеп төмендейді және 2022 жылдың соңына дейін осы деңгейде сақталады. Ұлттық банктің саясаты эко­но­микалық өсудің нысаналы өлшем­деріне қол жеткізуде Үкіметтің шарала­рына септеседі. Атап айтқанда, базалық мөлшерлеме деңгейі экономикалық өсудің ұзақ мерзімді қарқынымен тең, яғни 4 пайыздан жоғары емес деңгейде болады, – деді Д.Ақышев.
Нәтижесінде, біріншіден, «теңгенің нақты бағамы отандық өнім берушілердің баға бойынша бәсекеге қабілеттілігін сақтауды қамтамасыз етеді», екіншіден, «экономика үшін кредиттік ресурстардың қолжетімділігі артады».
Ұлттық банк алдағы бесжылда да теңгені еркін айналымда ұстауға ниетті. Яғни, шетелдік валюталардың бағамын бекітпейді, оны нарықтың еншісінде қалдырады. «Теңгенің серпіні – еліміздің төлем балансының жай-күйі, мұнайдың әлемдік бағасы және сауда бойынша әріп­тес елдердегі валюта­лардың бағам­дары секілді іргелі фак­торлар негізінде айқын­далады. Бұл тең­герімсіздікті бол­дырмауға және эконо­миканың бәсекеге қабілет­тілігін қамтамасыз етуге мүмкін­дік бере­ді», – дейді Д.Ақышев.
Оның айтуынша, Ұлттық банк «Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын» іске асырады. Ол ірі банктердің капиталына мемлекеттің қайтарымды негізде қаржы салуын көз­дейді.
– Әрбір ірі банк акционерлерінің сол банкке мемлекетпен теңбе-тең көлемде қосымша капитал енгізуге келісімі, ак­тив­тердің сапасын жақсартуы және кредиттік белсенділікті қайта жанданды­руы – аталған бағдарламаға қатысудың негізгі талабы болып табылады. Алдағы
5 жыл бойында банктердің жұмыс істе­мейтін қа­рыздарының көлемі 1 триллион теңге­ден астам сомаға қысқарады. Бұл банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен орнықтылығын күшейтеді, сондай-ақ басым салаларға жаңа қарыз берудің кемінде 300 млрд теңге мөлшерінде жыл сайынғы өсуін қамтамасыз етеді, – деп сендірді Данияр Ақышев.
Үкімет отырысында айтылған екін­ші мәселе де алғашқысымен үндесіп жат­ты: қаржы министрі Б.Сұлтанов «2018 – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ұсынды.
– Бұл жобаның базалық сипаттама­лары жаңа Бюджет саясатының тұжырым­дамасы мен 2022 жылға дейінгі әлеумет­тік-экономикалық даму болжамына сәйкес айқындалды. Болжамдар консер­вативтік болса да бюджетке түсетін түсім­дердің құрылымы сапалы түрде өзгерді. Мұнайлық емес түсімдердің көлемі ағым­дағы жылдың жоспарына қарағанда 851,1 млрд теңгеге немесе 19,3 пайызға өсіп, 2018 жылы 5 триллион 271,4 млрд теңгені құрайды. Бұл оң өзгерістің негізгі фактор­лары ел экономикасын жаңғырту, макро­экономикалық ахуалдың тұрақ­тануы және салықтық әкімшілендіруді жақсарту болды, – деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Оның айтуынша, шығыстарды оңтайландыру жүргізілді. Сонымен бірге «бюджет жобасы Үкіметтің алдына қойылған барлық міндеттердің іске асырылуын қамтамасыз етеді».
– Шығыстардың әлеуметтік бағытын нығайту арқылы адами капиталды дамыту жалғасатын болады. Бұл ретте, бұрын алынған міндеттемелердің барлығы орын­далады. Экономикалық өсу техноло­гиялық жаңғыру және экономиканы цифрландыру, аграрлық секторды, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту арқылы қамтамасыз етеді. Сол сияқты бюджет жобасы мемлекеттің қор­ғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамта­масыз етуге де бағытталды, – деді бас қаржыгер.
Республикалық бюджет шығыстары биылғыдан 134,6 млрд теңгеге өсе оты­рып, 2018 жылы 9 триллион 217,9 млрд теңгені құрайды. Рас, мұнда «банк секторын қолдауға арналған шығыстар әзірге ескерілмеген» екен.
Шығыстар құрылымындағы ең үлкен үлес немесе 44,5 пайызы әлеуметтік сек­тор шығыстарына берілген. Осы жылмен салыстырғанда олар 400 млрд теңгеден астамға өскелі отыр. Негізгі өсімді зейнет­ақы мен бала туу жәрдем­ақы мөлшерінің ұлғаюы бермек. Экономи­каның нақты секторын дамытуға 2018 жылы 1,4 триллион теңге көзделген.
Заң жобасын Үкімет мүшелері қол­дады. Енді ол алдағы қыркүйек айында Мәжіліс қарауына тапсырылады.
Үкімет отырысының соңында Премьер Б.Сағынтаев 25 тамызда Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің мәселелері бойынша өткен кеңесте Елбасы жүктеген міндеттерді орындау үшін бірқатар тапсырмалар берді. Пенитенциарлық мекемелерді жаңғырту мен құрылыс жұмыстарына ин­весторларды тарту мақсатында Бақытжан Сағынтаев ІІМ-ге Ұлттық экономика және Қаржы министрлік­терімен бірлесіп, апталық мерзімде қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі зерттеуді, МЖӘ тетігі аясында пенитенциарлық мекемелерді жаңғырту бойынша нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.
Кеден рәсімдерін жеңілдету мақса­тында Қаржы министрлігіне барлық модульдер бойынша «Астана-1» пилоттық ақпараттық жүйесін тестілеу міндеті қойылды, ол 2018 жылдың басында іркілмей жұмыс істеуге тиіс. Сондай-ақ жаңа Кеден кодексін іске асыруға қажетті заңға қосымша актілерді әзірлеу керек. Оларды орындау бизнес қауымдастықта мәселе тудырмауы шарт.
Үкімет жетекшісі Ұлттық экономика министрлігін, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерін 1 қазанға дейін иесіз электр желілерін түгендеуге және 20 қазанға дейін оларды әкімдік­тердің теңгеріміне өткізу бойынша толық жоспарды бекітуге міндеттеді.
Мәдениет және спорт министрлігіне Туристік саланы дамыту тұжырымда­ма­сының шаралар жоспарын және турис­тік кластерлерді дамыту үшін негізгі инвес­торларды тарту бойынша нақты ұсыныс­тарды екі апталық мерзімде Үкіметке ұсыну тапсырылды. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев «Қазақ Туризм» ұлттық компа­ниясын құру рәсімдерін жылдамдатуды жүктеді.
Сөз соңында Премьер Ұлт жоспары­ның «Бірегейлік пен бірлік» төртінші бағытын іске асыру барысына назар аударды. Бұл бағытта Мәдениет және спорт министрлігіне жауапты меморган­дармен және өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойған міндеттерін іске асыруға нормативті-құқықтық актілер мен бағдарламалық құжаттарды қайта бағдарлау туралы тапсырма берілді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*