Грузия судьялары Елордада

819
0
Бөлісу:

Грузия жоғарғы сотының төрағасы Нино Гвенетадзе бастаған судьялар делегациясының Қазақстанға ресми сапары басталды. Іс-шара Қазақстанның Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мәмидің жеке шақыруымен өтуде.

Сапар аясында Қазақстанның Жоғарғы сот органының басшысымен екіжақты кездесу өтті. Кездесуде Қайрат Мәми қылмыстық процесті реформалау жөніндегі жұмыстар аясында құқықтық мәселелер бойынша жақында Грузияға барған делегацияны қонақ­жайлықпен қарсы алғаны үшін шетелдік қо­наққа алғысын айтты. Бұл Нино Гвенетадзенің Қазақстанға алғашқы сапары болып отырғаны ескеріліп, соның шеңберінде оның Астана қаласымен танысуға, EXPO – 2017 көрмесін аралап көруге тамаша мүмкіндігі бар екендігі айрықша атап өтілді.
Әңгімелесу барысында Қазақстан Жоғарғы сотының төрағасы Грузия делегациясының бұл сапары еліміз үшін ең маңызды мемлекеттік мереке – Конституция күніне орайлас келгеніне тоқталып өтті. «Жыл сайынғы конс­титуциялық оқы­лымдарға қатыса отырып, сіз Қазақстанның қоғамдық өмірінің барлық салаларында болған зор өзгерістер туралы тереңірек біле аласыз» деді ол. Сонымен қатар ол шетелдік қонақтарды сот жүйесінің құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-қаржылық кепілдемелерін айтарлықтай күшейткен еліміздің Ата заңына енгізілген конституциялық реформа­лардан хабардар етті.
Қ.Мәми грузин тарапының өтініші бойынша іссапар бағдарламасыда Жоғарғы соттың мамандандырылған алқа төрағасымен, сондай-ақ Жоғарғы соттың Ахуалдық орталығының және электрондық сот төрелігінің жұмысымен танысу үшін Астана қаласының сотында болуы көзделгендігін айтты. Қазіргі уақытта соттардың әкімшілік мәселелерін жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығы атап өтілді. Мысалы, бюджет, судьялардың кәсіби ман­сабы, сот істер бойынша білім беруі, ақпарат­тық технологиялар және басқалары тілге тиек етілді. Осыған байланысты, озық шетелдік тәжірибелер белсенді түрде зерделенуде, соның ішінде Грузияның тәжірибесі, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық ұйымдар ішінен серіктестер тартылуда. Екі елдің сот жұмы­сының мәселелері бойынша келелі пікірлер алмасылды.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Грузия сот жүйелері арасындағы ын­тымақ­тастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты. Осыдан кейін шетелдік делегация Қазақстан Жоғарғы сотының судьяларымен және Сот төрелігі академиясының бас­шылығымен кездесу өткізді. Онда Нино Гвенетадзе Грузияның сот жұмысындағы соңғы өзгерістер туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
Іссапар шеңберінде Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Роговпен, бас прокурор Жақып Асановпен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровпен кездесулер ұйымдастырылды.
Бұған қоса, Грузияның жоғарғы сотының төрағасы «Конституция және қоғам мен мем­лекетті жаңғырту» атты халықаралық кон­ферен­цияға қатысты, сондай-ақ EXPO – 2017 маман­дандырылған халықаралық көр­месіне барды.
Сондай-ақ Қазақстан Жоғарғы сотының Төрағасы Қайрат Мәми, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов, Англия және Уэльстің бұрынғы жоғарғы судьясы Лорд Гэрри Вульф Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты және АХҚО арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қ.Мәми Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде АХҚО өз жұмысын 2018 жылғы қаңтардан бас­тайтынын атап өтті. Оның аумағында халық­аралық деңгейдегі судьяларды тарта отырып, ағыл­шын құқығына негізделген сот жұмыс істей­тін болады. Өзара іс-қимыл мәселелері бойынша Жоғарғы сот судьяларының Халықаралық орта­лығы басшылығымен және оның жетекші шетелдік консультанттарымен бірқатар кездесу­лер өтікізгендігі атап өтілді.
Іс-шара барысында меморандумның маңыз­дылығы, сонымен қатар Жоғарғы сот пен АХҚО арасындағы ынтымақтастық туралы Англия және Уэльстің бұрынғы жоғарғы судьясы Лорд Гэрри Вульф және АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз сөйледі.
Соңында Жоғарғы соттың Төрағасы Ұлыбри­танияның бұрынғы жоғарғы судьясы Лорд Вульфқа АХҚО қалыптасуына көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*