Татарстан президенті – Жетісу жерінде

862
0
Бөлісу:

Татарстан Республикасы мен Қазақстанның Алматы облысы арасында мәдени және экономикалық ынтымақтастық орнату жайында бұған дейін де бірнеше мәрте ресми жүздесулер болған еді. Сол кездесулер барысындағы өзара түсіністіктердің нәтижесі болар Талдықорғанға екі күндік жұмыс сапарымен Татарстан Республикасының президенті Рустам Миниханов бастаған үлкен делегация келді.

Жұма күні таңертеңгісін екі тараптың өкілдері Алматы облыс­тық әкімдігінде жолығып, ежелден бауырлас республика мен Жетісу жері арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты одан әрі ны­ғайту, екі арадағы алыс-беріс пен барыс-келісті барынша күшейту, рухани және іскерлік байланысты дамыту жөнінде келіссөздер жүргіз­ді. Қонақтар бі­рінші кезекте облыстық әкім­шіліктің фойесіне қойылған, Жетісу жерінің барлық жетістігін паш ететін аса ауқымды көрмемен та­нысты. Алматы облысының барын алақанға жайып салған көрмені аралау барысында өркенді өңір табиғатының керемет­тігіне таңдайларын қағып, жайқа­лып тұр­ған жүгері алқаптары мен ұшы-қиыры көрінбейтін егіс­тіктердің көріні­сі­не тәнті болды. Талды­қорғанның бірер жылдағы даму қарқынына қайран қалды. Облыстың инвести­циялық мүмкіндіктерімен де танысты. Мұнан кейін негізгі келіссөздер мәжіліс залында жал­ғасты.
Қонақтардың қадамына құтты болсын айтқан облыс басшысы, кейінгі жылдары бауырлас елмен екі арада аса бір жылы қарым-қаты­настың қалыптасқанын айта келе, осы жолғы сапардың сол бере­келі байланысты берік етіп, жақсарта түсетіндігіне сенімін білдірді. Алматы облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен өңірде жүзеге асып жатқан маңызды бағдар­ламалар мен игі істер туралы жан-жақты әңгімеледі. Екі тарапқа да тиімді болатын жобалар жөніндегі ойлары мен ұсыныстарын да ортаға салды.
Рустам Миниханов Жетісу жұртшылығының, жалпы қазақ елінің қонақжайлығына тағы бір мәрте куә болғанын айтып, алғы­сын білдіріп, Алматы облы­сында Татарстан Республикасының кәсіпкерлерін қызықтыратын жо­балар мен тың істердің жеткілікті екенін жеткізді. Әсіресе «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығының, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен ондағы «Құрғақ порт» құрылысының қарқыны мен нысандардың толық пай­далануға берілгеннен кейінгі аса зор әлеуетіне қы­зығушылықтары зор екенін айта келе, өздерінің осы арнайы экономикалықтан орын алуға ынталы екендіктерін де жа­йып салды. Сонымен бірге, жүгері мен майбұршақ өндірісін өркен­детуге де мүдделі екен. Ба­лаларды ба­лабақшамен қамтуда біздің елде қолға алынып, нәтижесін бере бастаған мемлекеттік және жекеменшіктік-әріптестік тәсіліне қызығушылығын да жасырмады. Сөзінің қорытындысында өзара ынтамақтастықтың екі жаққа да берері мол болатындығын сенімді түрде мә­лімдеді.
Талдықорғанның көрікті жерлері мен соңғы кездері пайда­лануға берілген сәулетті нысан­да­рын да назардан тыс қалдырма­ған шетелдік делегация Алматы облы­сының татар этномәдени орталығы өкілдерімен кездесті. Тілдер сара­йындағы тағылымды жүздесу ке­зінде қазақстандық татарлар мәр­тебелі меймандарға татар тілі мен мәдениетін дамытуға қатысты жүзеге асып жатқан жұмыстар жайында айтып, реті келгенде кө­кейдегі сауалдарын да қойды. Со­лар­дың бірі – қазақтың дүлдүл ақын­дары Біржан сал мен Ақын Сара айтысының Татарстан архивіндегі нұсқасына қатысты қойылды. Рустам Мини­ханов сол арада Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолына өздеріндегі архивте сақтаулы тұрған айтыстың электронды нұсқасы мен кітабын табыс етті. Сол жерде Қазанның бір көшесіне «Жетісу», Талдықорған қаласының бір көше­сіне «Қазан» атауын беру туралы ұсыныс ортаға салынды. Татарстан президенті бүған қатысты ойын: «Астана мен Қазан арасында тура осындай достық пейілдегі ынты­мақ­тастық бар. Сіздердікі де өте тамаша баста­ма. Сондықтан мұндай игілікті істі Алматы облысымен де жалғастыруға ниеттіміз. Ақылда­сып, мән-жайды талқылап алайық. Бұл ұсыныс мін­детті түрде қолдау табады» деп байыпты жауап қайтарды.
Татарстан Республикасы прези­денті бастаған делегацияның жұмыс сапары Панфилов ауданын­дағы «Қорғас» шекара маңы ха­лықаралық ынтымақтастық орта­лығында жал­ғасты. Көрші елден келгендер Қытай елімен шекара­дағы аса ауқымды халықаралық жобаның жай-жапсарына, мүмкіндіктеріне тағы бір мәрте мұқият зер салды.

 Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*