Киберәлем ядролық қаруға қол созды

1160
0
Бөлісу:

Әлемге қазір үлкен қауіп төніп тұр. Хакерлік шабуыл нәтижесінде ядролық зымыран кездейсоқ атылып кетсе, бұл ядролық державалар арасындағы «ақырзаман қаруы» қолданылатын ІІІ Дүниежүзілік соғыстың басталуына соқтыруы ғажап емес. Кеше Астанадағы биік мінберден жаһан жұртшылығына қайырылған Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары өкілі адамзатты осыдан сақтандырды. Бұдан құтылудың жалғыз жолы – Елбасы ұсынған «Ядролық қарусыз әлем құру» болмақ.

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Пагуош ғалымдар қозғалысының ғылым мен жаһандық мәселелер бойынша 62-конференциясы өз жұмысын бастады. «Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл» деген тақырыпты арқау еткен ғалымдардың әлемдік форумының ашылу сал­танатына және алғашқы күнгі жұмысына Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Бұл ғылыми құрылтайда Па­гуош ғалымдар қозғалысына қа­тысу­­­шы­лар, сондай-ақ БҰҰ-ның, халықаралық ұйымдардың, Қа­зақ­стандағы дипломатиялық кор­пус­тардың өкілдері, көрнекті саяси қайрат­керлер мен қауіпсіздік сала­сын­дағы халықаралық сарапшы­лар бас қосты. 29 тамызға дейін со­зы­­ла­тын конференция жұмысына әлем­­дегі 46 елден 200-дей делегат қатыс­пақ.
Айта кетер жайт, бұл қоз­ғалыстың осылай аталуына Канададағы Па­гуош (Pugwash) елдімекені себепкер: 1957 жылдың 7 шілдесінде сол жер­де бірінші рет ғалымдардың ха­лық­аралық кездесуі өтіп, онда тек ғылымның ғана емес, сондай-ақ әлемдік саясаттың маңызды қыр­лары, соның ішінде ядролық соғыс қаупі талқыланған. Қазір бұл – беделді халықаралық үкіметтік емес ұйым және бейбітшілікті, қарусыз­дануды, қауіпсіздікті, халықаралық ынтымақтастықты жақтайтын әртүрлі ғалымдарды, саяси және қоғам қайраткерлерін біріктіреді.
1995 жылы Пагуош қозғалысына және оның негізін қалаушылардың бірі Дж.Ротблатқа халықаралық саясатта ядролық қарудың рөлін төмендетуге бағытталған көпжылғы күш-жігері үшін тең үлеспен «Нобельдің бейбітшілік сыйлығы» тағайындалды.
Форумдағы сөзінде еліміздің Жоғарғы палатасының басшысы ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстағы және ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайтудағы Қа­зақстан­ның жетекші рөлін атап өтті.
Ол кең-байтақ Қазақстан жерінде дүниежүзіне әйгілі Пагуош ғалымдар қозғалысының конференциясын және оған қатысушыларды қарсы алу үлкен мәртебе екенін атап өтті.
– Баршамызды атом соғысы мен ядролық техногендік апаттар қатері болмайтын әлем құруға де­ген ұмтылысымыз біріктіріп отыр. Қазақстан тәуелсіздікке қол жет­кіз­ген сәттен өзіне алған халық­аралық міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ядролық қару­ды таратпау ісіне сүбелі үле­сін қосып келеді. Сондықтан әлем­дік қоғамдастық Қазақстанды ядро­лық қаруға қарсы қозғалыстың көш­басшысы деп таниды. Қазақстан Республикасының іргесін қалаушы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл адамзаттың бейбіт өмір сүруі мен тұрақты болашағы үшін күрес жолындағы аса көрнекті үлесінің тарихи маңызы зор, – деді спикер.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Мем­лекет басшысының 1991 жылы Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қарудың қуаты жағынан әлемдегі төртінші арсеналынан бас тарту туралы шешімдері «жаһандық қауіпсіздікке қарай жасалған жауапты қадамның теңдесі жоқ үлгісі» екендігін атап көрсетті.
Қ.Тоқаев қазіргі халықаралық ахуалдың шиеленісуін ескерте келіп, Қазақстан Президентінің Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларациясын қабылдау, сондай-ақ адамзаттың ХХІ ғасырдағы басты мақсаты ретінде БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай, 2045 жылы толықтай ядролық қарудан арылу туралы ұсыныстарының маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстан «ядролық нөлге» қол жеткізуге бағытталған іс-қимылға саналы балама жоқ екеніне нық сенеді!», – деді ол.
Сенат басшысы Президент Н.Назарбаевтың жаһандық ядролық текетірестің қаупі мен сұрапылдығы туралы ескертілген «Әлем. XXI ға­сыр» манифесіне конференцияға қатысу­шылардың назарын аудар­ды. Ол қауіпсіз әлем құру үшін халық­аралық сенім шаралары мен ынтымақтастықтың маңызды екеніне тоқтала келіп, осындай әлем құрылысын қалып­тастыруда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ерекше рөлін атап өтті.
Қ.Тоқаев Қазақстанда МАГАТЭ-нің халықаралық «тө­мен байытылған уран банкі» құрылғанда, атом энергетикасын дамытатын барлық елдердің уран отынына деген сұраныстары кепіл­дендірілген түрде қанағат­тандырылатынына сенім білдірді. Өйткені халықаралық агенттік әлемдегі атом электр стан­саларына қажетті уран отынын осы банктен, Өскеменнен орталықтан­дырылған түрде жеткізе­тін болады. Тиісінше, өзге елдер үшін енді уранды өз бетінше өндіруге және байытуға деген қажеттілік қалмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы «уран банкінің» ашылу салтанаты Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен, алдағы аптада, 2017 жылғы 29 тамызда өтетінін хабарлады.
Ол «ядролық қарудың немесе олардың құрауыштарының халық­аралық террорлық ұйымдар қолына түсуіне қатысты тәуекелдер мен оған қарсы іс-қимыл» қазіргі за­ман­­ның күн тәртібіне шығып отыр­­­ғанын баса айтты. Сондықтан оның байламынша, «ыдырағыш ма­териал­дардың өндірісіне, пай­далануы мен жойылуына халық­аралық бақы­лауды күшейту» төтен­ше маңызды. Қ.Тоқаев сон­дай-ақ осы саладағы тиімді тексеру тетік­тері мен құрал­да­рын жасау­дағы жұмыстарды жалғастыруға шақырды.
– Біздің бақуатты болашағымыз көп жағдайда, энергияны, соның ішінде атом қуатын алудың сенімді әрі қауіпсіз технологияларына бай­ланысты болып келеді. «Чер­но­быль» мен «Фукусима» мы­салы көрсеткендей, атом энергетика­сындағы инженерлік қателіктердің бағасы тым жоғары болып шығуы кәміл. Сол себепті, сәулелі қуат алу­дың жаңа технологияларын жасау кезінде олардың барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық шараларды қарастырған жөн, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында ғалымдардың Пагуош қозғалысының осы кон­ферен­циясы ядролық қауіпсіздік мәселелерін сындарлы шешуге лайық­ты үлес қосады деп үміттене­тінін білдірді.
«Біз бейбітшілік пен барлық халықтардың әл-ауқаты үшін бұл қозғалыс жұмысына таяуда құрыл­ған Пагуош қозғалысының қазақ­стандық комитеті арқылы белсенді қатысуға ниеттіміз!» деп түйіндеді сөзін Сенат төрағасы Қ.Тоқаев. Қазақстандық Пагуош комите­тінің төрағасы – Владимир Школьник.
Пагуош ғалымдар қозғалысы­ның Бас хатшысы Паоло Котта-Рамусино Қазақстанның үлгі-өнеге ретінде де, заманауи жаңа бастамаларды ілгерілетуші ретінде де өте маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті.
– Біз бүгін Қазақстанда – атом қаруының сыналуы салдарынан үлкен қасіретті бастан кешкен елде тұрып, ядролық қаруға қарсы тұрудың қаншалықты қажет екенін терең түсінеміз. Ядролық оқтұмсықтар шабуылдау мақсатында жасалатыны және жетілдірілетіні мәлім. Сол себепті де, ядролық жаппай қырып-жою қаруларына толық тыйым салуға, сондай-ақ олардан жаппай арылуға қол жеткізу өмірлік маңызға ие, – деді Котта-Рамусино мырза.
Ол қазіргі кезде әлемде «АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қытай, Франция, сондай-ақ Үндістан, Пә­кістан, Солтүстік Корея ядролық қаруға ие екенін» жеткізді. «Біз­дің конференция аясында ғалым­дар әлемді ядролық қарудан та­зарту үшін не істеу керектігін, оның тәсілдемелері мен жөн-жоба­ларын қарастырады. Бұған қоса, біз Қазақстанда ашылатын төмен байытылған уран банкінің қызметін де тілге тиек етеміз. Біз бұл банкті құру идеясын бүкіл әлемге насихаттап, таратуға ниеттіміз», – деді Пагуош ғалымдар қозғалысының Бас хатшысы.
«Соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғас­тыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр. Соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға кесел жұқтыруға дайын тұр!» деген болатын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде. Бұл манифест БҰҰ мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды.
Елбасының осы ойларын одан әрі сабақтаған БҰҰ-ның қарусыздану мәселелері бойынша жоғарғы өкілі Идзуми Накамицу ядролық мемлекеттердің өздеріне қауіп төніп тұрғанын ескертті.
– ХХІ ғасырдағы әлем – ақ­па­рат­тық-коммуникациялық техно­ло­гия­лар көз ілеспес жылдам­дық­пен дамып жатқан кезең болып отыр. Осы орайда адамзат алдынан яд­ро­­лық қаруға қатысты бірқатар мәсе­­ле­лер бой көтеруде, – деген Идзу­ми ханым бұларға ғалымдар да бас қатыруға тиіс екендігіне екпін түсірді.
«Өйткені бейбітшілік пен қауіп­сіздікке алапат қауіп төніп тұр. Қазіргі кезде ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектің таралуы бұл қауіпті ушықтыруда. Атап айтқанда, хакерлердің араласуы салдарынан ядролық оқтұмсығы бар, қашықтан басқарылатын зымырандардың кездейсоқ атылып кетуі жаһандық қырғынға соқтыруы ықтимал», – деген БҰҰ өкілі.
Идзуми Накамицу әлемдегі ядролық қарудың 90 пайызы АҚШ пен Ресей қолында шоғырланғанын, тиісінше, ядролық қарусыздану да осы елдердің қимыл-қарымына байланысты болатынын мәлім етті.
Ресей ғылым академиясының академигі, ядролық қарусыздану саласының зерттеушісі, РФ Халық­аралық қауіпсіздік орталығының басшысы Алексей Арбатов бұл пікірмен келісе отырып, алғашқы жіберілген ядролық зымыран адамзат тіршілігінің аяқталуына соқтыруы ықтималдығын айтады.
«Өкінішке қарай, ядролық соғыстың не екенін, онда бірінші сағатта-ақ 70-80 миллиондай адам қаза табатынын, одан кейінгі бірнеше аптада бүкіл әлемнің көзі жойылатынын түсінетіндер тым аз. Қазір Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынасқа әскери-саяси тайталас-конфронтация қайта оралғанда, саясаткерлер, әскерилер және ақпарат құралдары ядролық қару қолдануды шындап қарастыра бастады. Оларды тыңдасаңыз, «ядролық алапат қарумен қор­қытып, өрекпіген қарсыластың кеудесін басуға», ал егер қақтығыс ушықса, «дәл көздеп, ядролық оқтұмсықпен жаудың қандай да бір әскери объек­тісін нысаналы әрі көрнекті түрде талқандауға, сөйтіп, оны дегеніңе иліктіруге болады». Бірақ шынында, ядролық қару қолданылса, қарсы жақтың оған үстемеленген ядролық соққымен жауап беретінін ешкім ескергісі келмейді», – дейді ғалым. Яғни, ядролық қару бір де бір елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді.
Ол Кеңес Одағы бар кез­де державалардың ядролық зы­мы­рандары бір-бірінің ірі қалал­а­рын нысанаға алып тұратынын еске салды.
«Содан бергі ширек ғасырда ештеңе де өзгерген жоқ. АҚШ пен Ресейде тұрғындарының саны бірнеше миллионға жететін он шақты қала бар, ал бұл екі мемлекеттің қо­лындағы ядролық арсеналдар сол қалаларды жер бетінен толық жойып жіберуге жетеді. Өйткені әлгі алып қала­лардың саны он шақты ғана, ал екі елдің әрқайсысының иелі­гіндегі ядролық оқтұмсықты зымырандардың саны шамамен 1,5 мың. Бұлар ядролық соғыстың бірінші сағаттарында-ақ ірі қалалар мен олардың айналасындағы 70-80 миллион адамды жер жастандырады. Алайда ядролық соғыста жеңімпаз болмайды. Ондай шайқастың зардабы әлем үшін қасіретті болмақ: кейінгі радиоактивті ластану, миллиондаған шаршы шақырым жерлердің өртке орануы, күл мен улы түтіндердің атмосфераны жабуы шамалы уақыттан соң, қалған бүкіл әлем үшін алапат апатқа айналады», – дейді академик А.Арбатов.
Сондықтан ғалымдар Елба­сының «ядролық қарудан толы­ғымен ада әлем құру» бастамасын қызу қол­дай­ды. Тек барлық мем­лекеттер, соның ішінде қазір­гі ядролық державалар да Қазақ­стан үлгісінде осы «ақыр­заман қаруынан» толық бас тарт­са ғана, адамзат «ядролық апокалип­сис­тен» құтылады.

Елдос СЕНБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*