Премьер Еуразиялық аптаны ашты

1145
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Астанадағы «Еуразиялық аптаның» ашылу салтанатына қатысты. Бұл жыл сайынғы халықаралық көрмелік форумды Еуразиялық одаққа мүше елдер және Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымдастырып отыр.

Үкімет жетекшісінің байламынша, мұндай ауқымды шаралар мемлекеттік сектор мен бизнес-қоғамдастық ара­сында­ғы тығыз ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, сондай-ақ елдер арасындағы интеграциялық үдерістерді ары қарай нығайтуға мүмкіндік береді.
– Мәселен, форумға Қазақстаннан әртүрлі салалар бойынша экспортқа бағдарланған шамамен 80 компания қа­тысуда. Бұл біздің елдерімізге жаңа өзара тиімді контрактілер түзуге көмектеседі. Қазірдің өзінде Қазақстанда ЕАЭО ел­дерімен бірлескен 8 мыңнан астам кәсіп­орын жұмыс жасауда. Мұны жақсы көрсет­кіш және кәсіпкерлеріміздің өзара ық­пал­дасуымызды қолдауы деп са­наймын, – деген Б.Сағынтаев бірлескен кәсіп­орын­дар тізімінің одан әрі кеңейетініне сенім білдірді.
Үкімет жетекшісі «ЕАЭО елдерінің экономикалары жаңа өмір шынайы­лығына жақсы бейімделгенін» мәлім етті.
– Биылғы жылдың басынан бері негізгі көрсеткіштердің өсуінің оң дина­микасы байқалуда. Атап айтқанда, ЕАЭО жалпы ішкі өнімі бірінші тоқсанда 0,8 пайызды құрады. Бұл жерде өнеркәсіп­тің одан да жақсы қарқынмен – 2,7 пайызға ға өсуі қуантады. Еуразиялық одақ елдерінің сыртқы сауда көлемі бірінші жартыжыл­дықта 28 пайызға жуық ұлғайды, – деді Премьер.
Оның айтуынша, қолайлы ішкі жағдайлар тек өзара ғана емес, сондай-ақ үшінші елдермен сауда-саттықтың ар­туына да ықпал етті: «Мәселен, Вьетнам­мен арамызда тауарларға өзара бажсыз сауданы аша отырып, біз осы елмен сауданы елеулі жандандырдық. Биылғы жылдың бірінші жартысы ЕАЭО ел­дерінің Вьетнаммен тауарайналымы 26,2%-ға жуық өскенін көрсетіп
отыр», – деген Б.Сағынтаев одақтың осы бірінші тәжіри­бесі өзге елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңей­тудің берік негізін қаларына сенім білдірді. Қазір Еуразиялық одақ Израиль, Сербия, Иранмен еркін сауда келісімі бойынша келіссөздер жүргізуде екен.
Жалпы, «Еуразиялық аптаға» қатысу үшін Астанаға 42 елден мемлекеттік билік органдарының, бизнес-қауымдастық өкілдері келді. Олардың жалпы саны 2000 адамнан асады деп хабарланды. Бұл ретте форумға Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Еуропа, Африка және Солтүстік Америка мемлекеттері ынта-ықылас танытты.
«Еуразиялық апта» бағдарламасы 30-дан астам диалогтық іс-шарадан тұрады. Олар экономиканың ЕАЭО ортақ нарығы үшін стратегиялық маңызы бар 13 сала­сын қамтымақ. Панелдік сессияларда, семи­нарлар мен алқасөздерде 17 елден 300-дей спикер сөз сөйлейді деп жос­парланған. Апта аясында одақ елдері губернатор­ларының саммиті өтпек. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь және Ресейдің 20 өңірінен аймақ басшылары өңіраралық коопера­ция мәселелерін талқыға салады.
Премьер Б.Сағынтаев форум аясында агроөнеркәсіптік кешендегі халықаралық ынтымақтастықты және экспортты дамытуға септесетін бірқатар құжаттарға қол қою ұсынылып отыр­ғанын жеткізді.

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*