Ұлттық мұрағат – ұлттық құндылық

1358
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) атқарушы директоры Эрик Солхеймді және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қару­сыздану жөніндегі мәртебелі өкіл Идзуми Накамицуды қабылдады.

Қ.Тоқаев Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығының жоғары деңгейін атап өтіп, БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Астанадағы EXPO – 2017 көрмесіне белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
«Қазақстан БҰҰ-ның мақсаттары мен міндеттерінен еш айнымайды, қазіргі замандағы маңызды мәселелерді шешудегі ұйымның басты рөлін нығайтуды жақтайды. Қазақстан тұрақты емес мүше болып сайланған БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың ең негізгі тетігі болып табылады» деп атап өтті Сенат төрағасы. Жүздесушілер БҰҰ аясында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ортақ күш-жігерді үйлестіру жол­дарына қатысты пікір алмасты. Климат өзгерістерімен тиімді күрес үшін Париж келісімінің негізгі ережелерін орындаудың маңыздылығы атап өтілді. Сенат басшысы бұл құжатты уақытында ратификациялаған Қазақстанның оның ережелерін іске асыруға қатысуға әзір екенін айтты.
Кездесу барысында «Астана» халықара­лық қаржы орталығының, «Жасыл техно­логияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың және «Болашақ энергиясы» инвестициялық жобалар аясында БҰҰ-мен ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Э.Солхейм Қазақстанның «жасыл эконо­ми­каға» көшу үрдісін қызу қолдауға ниет біл­дір­ді және қоршаған ортаны қорғау мәсе­ле­лері бойынша аймақтық ынтымақтастықты ны­ғайту жайында айтты. Қ.Тоқаев ЮНЕП Хат­шылығының Алматыда Субаймақтық бюро­сын ашу туралы шешімі үшін алғыс айт­ты. Ол бұл қаланы көптарапты диплома­тия үшін аймақтық торапқа айналдыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Пагуош ғалымдар қозғалысының 62-ші конферен­ция­сына қатысу үшін Қазақстанға келген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қару­сыздану жөніндегі мәртебелі өкіл Идзуми Накамицуды қабылдады.
Қ.Тоқаев бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауда, қауіпсіздіктің халықаралық жүйесін нығайтуда БҰҰ маңызды құрал екенін атап өтті. Сенат төрағасы Қазақстан Қарусыздану жөніндегі конференцияның қызметіне зор маңыз беретінін және оны қарусыздану, қаруды таратпау және бақылау саласындағы көптарапты бірден-бір келіссөз алаңы ретінде қарастыратынын айтты.
И.Накамицу ядролық қарусыздану ісіндегі Қазақстанның көшбасшылығына жоғары баға беріп, осы тақырыптағы пікір­сайысқа ғалымдарды тартудың маңызды­лы­ғын атап өтті. Тараптар Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың алдағы уақытта ратификациялануы мәселесін талқылады.
Сенат төрағасы сондай-ақ Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада болып, онда Ұлттық сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығы ұйымдастырған «Ұлы Жібек жолындағы кітап басу» көрмесін тамашалады.
Парламенттің жоғарғы палатасының бас­шы­сы кітапханада қазақ жазуы мен кітап шығару тарихын бейнелейтін кітап көрмесі­мен және кітап қорымен, оқырман залдары­ның жабдықталуымен танысты. Абай Құнан­баев­тың, Ахмет Байтұрсыновтың, Ыбырай Алтынсариннің, Шоқан Уәлихановтың сирек басылымдары мен қолжазбалары, орта ғасырдағы қалың кітаптар мен географиялық карталар Сенат төрағасына таныстырылды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қойылған жәдігерлердің мәдени ағарту мен оны халық­тың жадына сақтаудағы тарихи маңызды­лы­ғын атап өтті. Сенат басшысы көрмені аралау барысында Ұлы Жібек жолы бойында өмір сүрген халықтар өмірін, тарихы мен геогра­фия­лық жағдайларды көрсететін, түрлі кезең­де жарық көрген кітаптармен де таныс­ты. Мұндағы көптеген жәдігерлердің дүние­жүзінде басқа нұсқасы кездеспейді.
«Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат біздің еліміздің және біздің халқымыздың құн­дылықтары болып табылады. Мұнда өте құн­ды дүниелер бар. Бұл – біздің елімізге өте қа­жет жұмыс. Елбасы осы салаға баса назар ау­да­рып келеді. Сондықтан Парламент пен Үкі­мет тарапынан мәдени-ағарту саласын да­мытуға ерекше мән беріледі» деп атап өтті Қ.Тоқаев.

 

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*