ТАНЫМЫ – ТЕРЕҢ, ТАҒЫЛЫМЫ – ЕРЕН ЕҢ ТАҢДАУЛЫ ОҚУЛЫҚТАРДЫ АУДАРУ ІСІ БАСТАЛДЫ

1902
0
Бөлісу:

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – жаңа жоба, тың бастама! Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жоба – қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша 100 жаңа оқулықтың дүниеге келуіне жол ашады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз алдағы бірнеше жылда гу­манитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгі­лердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз» деген еді.
Осыған орай Алматы қаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында атқарылып жатқан аударма жұмысын талқылау мақсатында «Қазіргі ғылыми аударма теориясы мен практикасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары, аудармашылар, редакторлар, баспагерлер, тілші және әдебиетші ма­мандар қатысты.
Жиын барысында ғылыми терминдер мен ұғымдарды қазақ тіліне аудару, өзге тілдерден енген сөздер қолданысы, терминология, стиль мәселесі сөз болды.
Оқулықтар ағылшын тілінен тікелей аударылады. Көбіне орыс тіліне аударыл­маған оқулықтар таңдап алынғандықтан, аударма оңай жүрмейтіні белгілі.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры:

ӨМІРШЕҢ ОҚУЛЫҚТАР ҒАНА ТАҢДАП АЛЫНДЫ

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросы құрылды. Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз? Жұмыс қалай жүріп жатыр?
– «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып отырған жобаның бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Осы жобаны іске асыру үшін мемлекеттік емес Ұлттық аударма бю­росы құрылды. Осы ұйымның үйлес­тіруімен жұмыс басталып кетті. Биылғы жылға 17 оқулық бекітілді. Оқулықтарды бекіту үшін жоғары оқу орындарынан арнайы ұсыныстар жасалды. 800-ге жуық оқулықтың тізімі ұсынылды. Арнайы критерийлер бойынша осы оқулықтардың арасынан 17-сін іріктеп алдық. Филосо­фия, әлеуметтану, психология, эконо­мика, дінтану, мәдениеттану бағыттарын қамтиды. Осы оқулықтарды аударуға еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан мықты оқытушы-ғалым­дардың арасынан 90 адам жұмысқа кірісіп кет­ті. Бұл жұмыс бірнеше кезеңнен тұра­ды. Келешекте бұл оқулықтарды сту­денттер көбірек пайдаланатындықтан, оқытушылардың өздері таңдап алып отыр. Екінші кезеңде оқулықтарға ғылы­ми редактор экспертиза жасайды. Үшінші кезеңде оқулық әдеби редактордың қо­лына түседі. Оған тіл мамандарын іріктеп алып отырмыз. Әдеби редактор тілдік құрылымдардың сақталуына, граммати­касына, стилистикасына көбірек маңыз береді. Ең шешуші кезең жауапты үйлес­тірушіге тиесілі. Ол аудармашы маман­дармен, ғылыми және әдеби редактормен бірлесе отырып, шешуші жұмыс атқара­тын маман. Осы кезеңнің бәрінен өткен­нен кейін ғана оқулық басуға жіберіледі.
– Термин мәселесінде шешілмеген түйткіл көп. Оқулықтарды аудару проце­сінде де терминдердің өзекті болып тұрғаны белгілі. Аудармашы ғалымдар бұл мәселені қалай шешіп отыр?
– Әзірге термин мәселесінде ғалым­дар, ғылыми редактор, әдеби редактор ақылдаса отырып, жұмыс атқаруда. Келешекте аудармашылардың ассоциа­циясын құру жоспарымызда бар. Соның аясында ғылыми терминдерді іріктеп, жаңа сөздік жасауға да болады. Қазір ау­дармашылар қолданыста жүрген салалық сөздіктердің де арасында күмән туғызатын аудармалар бар екенін жиі айтып жүр. Сондықтан аударма аясында жан-жақты талқыланған терминдерді жинақтап, сөздіктерге айналдыру мәселесін де ойлап жүрміз.
– Ұлттық аударма бюросы аударма саласында белгілі бір тәжірибеге сүйеніп отыр ма?
– Оқулықтарды аударып, басу құқы­ғына ие болу үшін дүниежүзіндегі ең мық­ты әрі ең беделді баспа орталықтарымен жұмыс істеп отырмыз. АҚШ, Ұлыбрита­ния және Ресей баспаларымен келісімге келдік. Бұл ұйымдардан оқулықтардың авторлығын ғана алмай, жасалуы, бет­телуі, аудару методикасын да қолданамыз.
– Оқулықтар қандай критерийлер бойынша жинақталып алынды?
– Ең алдымен, оқулық дүниежүзіндегі ал­дыңғы қатарлы оқу орындарында қолданыста болуы шарт. Екіншіден, бұл оқулықтар кемінде үш рет баспа жүзін көруі тиіс. Яғни, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген оқулық болмаса, онда біздің талапқа сай емес деген сөз. Үш деп шартты түрде қойылды. Біз таңдап алған оқулық­тардың алды он рет қайта басылып шық­қан. Үшіншіден, соңғы үш жылда оқулық студенттер үшін де, оқытушы мамандарға да қажетті, таптырмас оқу құралы болуы керек. Заманауи талаптарға сай болмаса, ол оқулықтың қажеті шамалы. Осының бәрін ескере отырып, әбден електен өткен оқулықтарды ғана таңдап алдық.

Досай КЕНЖЕТАЙ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры:

АУДАРМАНЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ – ТІЛ БІЛУ ЕМЕС

– Біз таңдап алған оқулық – Карен Армстронгтың «Тәңірдің тарихы» атты еңбегі. Бұл кітап иудаизм, христиан және ислам дінінің тарихын қаузайды. Осы тақырыппен айналысып жүргенімізге де 20 жылға жуық уақыт болды. Бұл жөнінде арнайы магистрлік диссертация қорғат­қанмын. Аударманың ең басты шарты – тіл білу емес. Аударманың құбылысын танып білу. Ол ұғымды танып-білмеген адам ешқашан аударма жасай алмайды. Кітаптың мазмұнын бағдарласаңыз, бұл тарихи ұстаныммен жазылған. Бүкіл адамзаттың тарихында үлкен орын алатын археологиялық жазбалары, жазу қашан пайда болғаны туралы оқулықта жан-жақты қамтылған.
Тағы бір дүние, кез келген оқулықты аударғанда өз тілімізге қарай ыңғайлауға болады. Мынау «батыстың термині», «мынау басқа ұлттың термині», «бізге сәйкес келмейді» деген ұғыммен қарайтын болсақ, қазақ тілінің ғылыми байлығын ешқашан байыта алмаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, біздің тілде исламның терминдері жеткілікті. Әлі күнге дейін кейбір тілшілеріміз «бұл арабизм», «бұл иранизм» деп жатады. Біз мұндайдан бас тартуымыз қажет. Араб тілінен енген сөздің барлығы өркениеттік дүниета­нымды, болмысты, табиғатты айшық­тайтын тілдік ойлау жүйесінің негізгі сұлбасы.

Назгүл ҚОЖАБЕК,
Шығарушы редактор:

КӘСІБИ МАМАНДАР ЖЕТЕКШІЛІК ЕТУДЕ

– Экономика саласы бойынша Грегори Мэнкьюдің атақты «Экономикс» оқу­лығының төртінші басылымы, Рикки Гриффиннің «Менеджменті», Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс және практика» оқулығын таңдап алдық. «Экономикс» оқулығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі экономика кафедрасының ұжымы жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыстың барысын Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Б.Ермекбаева өзі қадағалауда. Жұмыс 90 пайызға аяқталды. Екінші кітап – Гриффиннің «Менедж­мент» еңбегі Narxoz уни­верситетінің Экономика және ме­неджмент мектебінің оқытушылары қолында. Экономика және менеджмент мектебінің деканы, профес­сор Самажан Өмірзақов ғылыми редактор ретінде өзі қадағалап отыр. Үшінші «Кәсіпкерлік: теория, процесс және прак­тика» кітабына AlmaU университетінің басқару жоғары мектебінің деканы Гүлнар Күреңкеева жетекшілік етіп отыр. Үш оқулық бойынша сол саланың тәжірибелі мамандары жұмыс жасауда.
Бұл салада терминологияға қатысты қиындықтар аз емес. Үш оқулықты бір жауапты редактордың қолына берудегі мақсат – экономика саласы бойынша терминологияны біріздендіру, бұрынғы терминологиямен ұштастыра отырып, жаңа ұғымдармен толықтыру. Үш оқулық бойынша жұмыс жасауда көп қазақ­шаламауға тырысудамыз. Сөзді сол қалпында қалдыра отырып, осы уақытқа дейін енген орысшаланған нұсқасын емес, ағылшын тіліндегі қалыптасқан халықаралық нұсқасының фонетикалық айтылуын сақтай отырып, енгізуге күш салып жатырмыз. Мәселен, «инициатива» ұғымын көбінесе бастама деп аударып жүрміз. Бірақ оның кейде бастама бол­майтын тұстары болады. Сондай жағдайда «инициатива» сол қалпында қалады. «Кон­фликт» сөзін қақтығыс деп жүрміз. Қақ­тығыс конфликт бола алмайтын, кон­фликт қақтығыс бола алмайтын кездер болады. Сол себепті, біз оны қалдырдық. Тағы бір қиындық тудырған сөз – «перс­пек­тива», ағылшын тілінде perspectives. Пән саласын білмейтін адам аударғанда қиын­дықтар туып, басқа бағытқа
адасып ке­тер едік. Өйткені traditional perspectives – дәс­түрлі көзқарас деген ұғымды береді. Сол пәнді білмейтін адам болса, дәстүрлі перспективалар, дәстүрлі мүм­кіндіктер, әлеуеті, келешегі деуі де ғажап емес. Сон­дықтан осы оқулық­тарды өз сала­сының мамандарына бердік. Ағыл­шын тілінен қанша тікелей аударсақ та, орыс тіліндегі нұсқаларына жүгінеміз. Орыс тілінде «мотивация» сөзі зат есім және етістік мағынасында қол­да­нылады. Біз зат есім түріндегі мотива­ция­ны уәжде­ме деп аударсақ, етістік түрінде ынталан­дыру деп қалдырдық. Ең үлкен қиындық туды­ратын сөз – «процесс» сөзі. «Про­цесс» сөзін үрдіс, үдеріс деп аударып жүр. Біз оны «процесс» күйінде қал­дырдық.

Есенғали РАУШАНОВ,
ақын:

ЕКІ ИНСТИТУТТЫ ЖОҒАЛТТЫҚ

– Әлемдік философиялық мұра 20 том, әлемдік мәдениет 10 том болып, «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Дегенмен Орта Азияда, оның ішінде, жалғыз Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар әдебиеттер мемлекеттік бюджет тарапынан қаржыландырылады. Бұл – Қазақстанның үлкен бір ерекшелігі. Басқа мемлекеттерде кітап шығару – ауыр әрі маңызды іс. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген сөз бар. Қазір үлкен ауқымды іс қолға алынып отыр. Іске сәт!
Бір дүние, егемендік алғалы бері екі институтымыз күн тәртібінен шығып қалды. Біріншісі – аударма редакторлары институты, екіншісі – корректорлар институты. Сол институттар мықты бола­тын. Аудармашылардың қалыптасқан қазақ мектебі болды. Ахмет Байтұрсынов­тан бері келе жатқан мектепті жалғастыру керек. Сол үрдіс үзіліп қалды. Бұл – атүсті қарайтын емес, маңызды ұйым болуға тиіс деп есептеймін. Тілтануға қатысты бөлімде атқарылар біраз шаруалар бар. Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келіп жатқан мамандар өте көп. Барлығы ағылшын тілін жетік меңгерген. Тарихшыларымыз, заңгер­леріміз, экономистеріміз, басқа да мамандарымыз дайын. Алайда аударма саласы бойынша бірде-бір маман «Болашақ» бойынша бітіріп келген жоқ. Келешекте осыны ескергеніміз жөн-ау. Аударма саласы – оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Бізге тіл білетін маман емес, кәсіби аудармашы қажет. Ол екі тілді (қазақ және ағылшын) қатар меңгерсе, ғажап болар еді.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор:

ҚАЗАҚЫ СТИЛЬ САҚТАЛЫП, МАЗМҰН ӨЗГЕРМЕУІ КЕРЕК

– Қолға алынып жатқан жұмысты қуана құптаймыз. Кейінгі жылдары терминология ғана емес, аудармаға да ден қойып жатырмыз. Өйткені қазақ тілінің қоғамның түрлі саласындағы қолданысы осы аудармаға тәуелді, байлаулы болып отыр. Осындай жағдайда Ұлттық аударма бюросына көп үміт артамыз. Ұйым­дастыруға байланысты айтар ұсы­ныстарым бар. Біріншіден, қысқамерзімде еңбектердің 70-80 пайызы аударылыпты. Өте шұғыл жасалып жатқаны, жұмыстың қарқыны бірден байқалып тұр. Екіншіден, әр саланың жетекшілері мен оқулықтар іріктелініп алынды. Дегенмен бұл істе жариялылыққа үлкен мән беру қажет. Мейлі 5 оқулық болсын, мейлі одан да көп болсын, тек қана мамандар емес, көпшілік қалайтын оқулықтар таңдалып алынуы тиіс. Келесі оқулықтарды таңдауда осыны ескергеніміз дұрыс секілді.
Аударманың бір жарым ғасырға жуық тарихы бар. Ыбырай мен Абайдан басталып, бер жағында Әлихан Бөкей­ханов, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов бар. Осының бір ғасырлық тари­хын алып қарағанда, екі түрлі үрдіс, тен­денция байқайсың. Біріншісі – Абай бастаған, Шәкәрім, Алаш зиялылары жалғастырған Жүсіпбек Аймауытовқа дейінгі аудар­машылардың дені аудар­ма­ның түпнұсқасы мен стилін сақтаудан гөрі ұлттық нақыш пен бояуға мән беріп, сөзді де, стилін де қазақ топырағына бейімдеген. Екіншісі, қазіргі аудармада дәлдікке көбірек мән беріледі. Аударма түпнұсқа шылауынан шыға алмау – шала-жансар терминдердің туындауына әкеп отыр. Ең қуантарлық дүние, түпнұсқадан тікелей аударуға көшіп отырғанымыз. Дегенмен тер­миндерге байланысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Мысалы, біз айтып жүрген «өсімдік» деген сөз бұрын оқулығымызда болмаған. Бұл – жасанды сөз. Бірақ қазір өсімдікті қолданысқа енгізіп жібердік. Ешкім оның жасанды екенін байқамайды. Дайын нәрсені ала салу – ең оңайы. Плюс, минус дегендерді қосу, алу, бөлу деп аудардық қой. Халықаралық термин дегенді ұстанып алдық. Қытай тілінде халықаралық термин деген ұғым жоқ. Басқа тілдерде де жоқ. Оны біз зерттеп көрдік. Бәрін термин деп енгізе беруге болмайды. Сонда бізде фонетикалық заңдылық жоқ па?! Ағылшын терми­но­логиясының 75-80 пайызы – француз сөзі. Ресейдің де сөздерінің 70-80 пайызы кірме сөздер. Орыстың кез келген сөзін түбіне дейін зерделесек, батыстың терминдері. Батыстың терминдерін орыс тілінде жасауға неліктен рұқсат берді?
Стиль туралы да бірауыз сөз айта кеткім келеді. Көркем әдебиетті аударуда біраз жақсы дүниелер бар. Алайда ресми және ғылыми техникалық әдебиетті аударуда ойланатын дүниелер жетерлік. 80-90 пайыз оқулықтарды оқыған кезде қазақша тіл білетін адам қиналады. Әрбір сөйлем орыс тіліндегі түпнұсқамен, сөйлем құрылысымен сақталып отыр­ғандықтан, ғылыми әдебиет тілі – өте ауыр. Қысқасы, қазақы стиль сақталып, мазмұн өзгермеуі керек. Осы жағы ескерілсе, құба-құп.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары:

ЗАМАНАУИ ҰҒЫМДАРДЫ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕМЕН БАЙЛАНЫСТЫРА ҚАРАЙЫҚ

– Үлкен жұмыс қолға алынғанын көріп отырмыз. Тіл мәселесіне қатысты біраз қиындықтар бар екенін байқап отырмыз. Әрбір сала мамандары шетелдік заманауи ұғымдарды аударған кезде ұлт­тық дүниемен, стильмен байланыстыра отырып аударса, құба-құп. Себебі, бұл оқулықтарды басқаша жолмен аударудың қажеті жоқ. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдары «Мәдени мұра» бағдарламасы басталғанда қаншама ұлттық мұрамыз бен дүниемізді анықтады. Соның аясында «Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін» шығардық. Сол сөздік осы жобада пайдаланылса дұрыс. Себебі, бұл лексикографиялық емес, лингвокультурологиялық мәдени-танымдық еңбек. Бергісі Алаш, арғысы барлық түркі дүниесіне ортақ тіліміз болған. Бүкіл түркілер сол жазба тілімен бір-бірімен түсініскен. Ол ислам өркениетінің қазақ даласында, түркі даласында гүлденген дәуіріне қызмет еткен тіл болған. Сол тілде діни лексиканың барлығы қазақтың мәдениетін жасаған. Мәшһүр Жүсіпті оқысаңыз, тұнып тұрған діни лексика. Бұл діни дискурста қолданылатын сөздер. Тек қана қазақша жазамыз деп те айтуға болмайды. Бір сөздің әртүрлі дискурстағы модельдері болуы керек. Сондықтан әдебиеттерде осы ерекшеліктерді, тілдік дискурстарын сақтауымыз керек. Мұны бастаған – Алаш зиялылары. Мәселен, Мағжанның «Педагогикасын», Жүсіпбектің «Психологиясын» алып қарасақ, барлық терминдер қазақтың сөзжасамдық ұлттық уәждерін сақтаған. Терминдер пайдалануда осы еңбектерді қолданса игі. Бір өкініштісі, біздің ұрпақ сол ұлттық уәжден алыстап кетті. 15 томдық түсіндірме сөздікте сол уәждерді зерделеп жаздық. Тіл білімі институты жаңа бастаманы қолдап, көмектесуге әрдайым дайын.
Келесі мәселе, мәтін мазмұны әртүрлі болуы мүмкін. Ол кімге арналуына орай түрленеді, бірақ мазмұны сақталады. Менің ұсынысым, осындай жағдайда шығармашылыққа жол беріп, оны түсіндіріп, ағылшын тіліндегі нұсқасын көрсетіп, астына сілтеме шығарып анықтама берген дұрыс. «Қазақ» газетінің редакторы болған Ахмет Байтұрсынов әлемдік ақпараттарды берген кезде осындай құралдарды жақсы қолданған.

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ,
Сүлеймен Демирел университетінің әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі:

СЫННЫҢ БОЛУЫ ШАРТ

– Оқулықтардың дені түпнұсқадан аударылып отыр. Жұмыстың қиындығы неде?
– Кез келген оқулықты түпнұсқадан, оның үстіне ағылшын тілінен тікелей аудару аудармашыға оңай тимейтіні анық. Мұндағы ең бірінші қиындық – терминдер өте көп. Ағылшын тіліндегі мағынасын түсінгенімізбен, қазақ тіліне ауысқанда мазмұны өзгеріп кетуі мүмкін.
– «Әлеуметтану негіздері» оқулығының орыс тіліндегі нұсқасы жоқ па?
– Оқулықтың орыс тіліндегі аудармасы бар. Бірақ біз оған көп маңыз беріп отырған жоқпыз. Негізінен, түпнұсқа бойынша аударма жасауымыз қажет. Рухани жаңғыру бағдарламасының талабы осындай. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына қойылған мақсат – түпнұсқадан қазақшаға аудару. Әрі орыс тіліндегі нұсқалардың көпшілігі сәтті аударылған деп айта алмаймыз. Түпкі мағынасынан ауытқып кеткен терминдер де жетерлік. Сондықтан да түпнұсқадан тікелей аударма жасалғаны дұрыс. Кейбір терминдерді аударғанымызбен, кейбірін сол күйінде қалдыруға тырыстық. Мағынасы өзгеріп кетпегенін қаладық. Термин ғана емес, ағылшын тіліндегі кейбір сөздердің қазақша баламасы жоқ. Онда не істеу керек? Мұның бәрі көпшіліктің ақылдасуымен, кеңесуімен атқарылатын шаралар.
– Түпкі мағынасынан өзгеріп кетпеу үшін терминдердің қазақша баламасын пайдалануға бола ма?
– Контекстке қарай кейде сино­нимдерін пайдалануға тура келеді. Тура мағынасында болмаса да, сөйлемнің мазмұнына дәл келетіндіктен, кей сөзді өзгертіп алдық.
– «Біткен іске сыншы көп» дейді. Ертең бұл оқулыққа да сын айтушылар көбеюі мүмкін бе?
– Сын көп болады. Оның себебі, кейде аудармашылармен келіспейтін тұсымыз да кездесіп қалады. Олардың өзі біздің бекіткен кейбір сөздерімізді қабылдамайды. Олар өздерінің нұсқасын дұрыс деп қарайды, біз өз нұсқамызды дұрыс деп ойлаймыз. Сол секілді, көптің көңілінен шығу мүмкін емес. Бұл жоба да тура Ахмет Байтұрсыновтың зама­нындағыдай дүние. Олар да педагогика, психология, биология оқулықтарын жаңадан дайындап шығарды. Келешекте терминдер де қайта қалыптасуы мүмкін. Бұл оқулықтар жаңа сөздер шоғырын түзетін болады. Сондықтан тәуекелге барғанымыз дұрыс. Әрі бұл сәтті бастама деп білемін. «Көш жүре түзеледі».

Гүлзина БЕКТАС,
Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*