«ҚҰРЫШ ТҰЛҒА» Елбасы туралы жаңа кітап жарық көрді

1745
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі туралы «Құрыш тұлға» атты жаңа тарихи-танымдық кітап көпшілікке таныстырылды. Партия бастамасымен жарық көрген туынды Мемлекет басшысының қайраткер ретінде қалыптасқан Теміртау, Қарағанды кезеңін қамтиды. Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, Елбасымен бірге еңбек еткен, оқыған әріптес-достары және ғалым-жазушылар қатысты. Кітаптың авторы – Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, бұған дейін «Елбасының алтын бесігі» атты еңбегімен танымал белгілі публицист Айтбай Сәулебек.

Жиынды жүргізген «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасы бірінші орын­ба­сарының кеңесшісі Жанна Құр­ман­ға­лиева жаңа еңбектің маңызы мен мә­ніне тоқталып өтті. Оның айтуын­ша, автор бұл еңбекте сирек кез­де­сетін мұрағат қорларынан алынып, ақи­қат-шындыққа негізделген тың де­ректерді, куәгер тұлғалардың жү­рек­жарды сөздерін, бұрын жарыққа шық­паған түрлі құжаттарды ұсы­нады. Деректемелік негізде жазылған туын­ды «От-өзен», «Білім белесінде», «Өсу жолында», «Өрлеу», «Шың­да­лу», «Партком хатшысы» және «Сам­ғау» деген жеті бөлімнен тұрады. Сон­дай-ақ әсем безендірілген атал­ған еңбекте Елбасының сирек кез­де­се­тін суреттері де берілген.
Кітаптың алғысөзін «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының бірінші орын­басары Мұхтар Құл-Мұхаммед жазған. Елбасының Қазақстан та­рихындағы ерекше рөлін айшықтап, тәуел­сіз еліміздің қол жеткізген та­быс­тарына терең талдау жасаған Мұх­тар Құл-Мұхаммед алғысөзін: «Ел­басы өмірінің әр кезеңін үлгі-өне­ге тұтатын қазақстандықтар бұл кі­тапты қызыға, құмарта оқитыны анық», – деп аяқтайды.
«Құрыш тұлғаны» жазу үшін ав­тор Мәскеу, Омбы, Алматы, Қара­ған­ды, Теміртау және Астана қала­ла­рындағы Елбасының қызмет­тес­терімен, курс­тас­тарымен, мұраттас-достарымен арнайы кездескен.
Елбасының әріптес-досы, тәуел­сіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов кітапты оқып отырып, жастық шаққа бір саяхаттап қайтқанын айтты.
– Кітапты қарап отырып жастық ша­ғым, өткен өмірім бәрі көз алдыма келді. Жай күндері байқай бермеуіміз мүмкін. Өткеннің көзіндей болған осындай естеліктер адамды еріксіз ойландырады, толғандырады. Бұл кітапқа арқау болған оқиғалар осы­дан 57-58 жыл бұрын болған. Ол кез­де біз жалындап тұрған жастар едік. Бір-біріміздің ыстығымыз бен суы­ғымызға бірдей жүгіріп, қуаныш пен қиын-қыстау кезеңдерді бірге бө­лістік. Сол кезден-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының көшбасшылық қасие­тін байқайтынбыз. Қандай болсын мерекелік іс-шара немесе кештерде сол ортаның гүлі болып Нұрекең жү­реді. Содан бері әлі де достығымыз үзіл­мей, ағалы-інілі болып бірге келе жатуымыз да Елбасының қара­пайым­дылығы мен халқына деген етене жақындығының нәтижесі деп білемін, – деді ол.
Мемлекет басшысымен әріптес бол­ған техника ғылымдарының док­торы, профессор Қабидолла Саре­ке­нов: «Елді әлемнің көшіне ілестіріп қана қоймай, жаһан санасатындай дең­гейге жеткізген Елбасына арнап қан­ша еңбек жазып, фильм түсірсек те артық етпейді. Өйткені оның бәрі та­рих деп білемін», – деді.
Сонымен қатар іс-шара бары­сын­да Елбасымен бірге еңбек еткен, оқы­ған азаматтар: Қуаныш Омашев, Ермек Төлеубаев және Тоқтархан Ыс­қақов сөз алып, ойларымен бөліс­ті. Одан бөлек, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған мен Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы кі­тапханасының атқарушы дирек­торы Бейсенбай Жұмабеков те атал­ған кітаптың ұлт руханиятына қо­сыл­ған сүбелі үлес екеніне назар ау­дарып, оның оқырман қауымның көңілінен шығатынына сенім біл­дір­ді.
Жаңа еңбекті «Деловой мир» бас­пасы басып шығарды. Алдағы уақыт­та кітап «Нұр Отан» партиясының барлық облыстық және жергілікті филиалдарына және кітапханалары­на таратылады.

Еламан ҚОҢЫР
суреттерді түсірген
Рустам АМАНТАЙ

Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ,
тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі, Елбасының курстасы:
– Президентіміз жас күнінен өте алғыр, батыл, ой­ға алған нәрсесін жүзеге асырмай қоймайтын қайсар болды. Ол сол кездің өзінде-ақ елдің қамын ойлап, халықтың хал-жағдайын ойлайтын. Осының бәрі атаның қанымен, ананың сүтімен берілген асыл қасиеттер. Елбасының қазақ халқы үшін, Қазақстан үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бір кездері домнаның ыстық жалыны бетін шарпыса да мойымаған Нұрсұлтан Әбішұлы әлі күнге елім, жерім деп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп келеді.
Елбасымыздың қазақтың бағына туған қайталанбас біртуар тұлға екенін бүгінде бүкіл әлем мойындайды. Осы ретте тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында АҚШ-та болған мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Сол кезде Елбасымыз қазақтың халық әндерін орындап еді. Сонда жанымызда отырған АҚШ билігінің өкілдері бізге қызыға да қызғана қарап, «Сіздер мынадай басшымен әлі талай биікті бағындырасыздар» деді. Бүгінде солардың айтқаны айдай келіп, Қазақстан небәрі ширек ғасырдың ішінде әлемде өз орны, өз салмағы бар мемлекетке айналды.

Қабидолла САРЕКЕНОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор, Елбасының курстасы:
– Кез келген адам өмірде бір тұлғаны өзіне үлгі тұтып, соған қарап бой түзейді. Жасыратыны жоқ, біз жас күнімізден Нұрсұлтан Әбішұлынан үлгі алдық. Оның табандылығы, өжеттігі, елі үшін етігімен су кешуге дайын қайсарлығы кез келген жанның бойынан табыла бермейді. Сондай-ақ халықтың асыл құндылықтарын түгелімен бойына сіңірген Елбасы­мыз сол кезде де Қазақстанның болашағына алаңдап, қазақ жастарының еңбек­ке, оқуға көптеп тартылуына күш жұмсап жүрді. Осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың лидерлік қасиетін аңғартса керек.
Халқымызда «Жортқанда жолдасың Қыдыр болсын» деген тамаша сөз бар. Маған 16 жасымда Украинада Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге оқу бақыты бұйырды. Содан бері замандас, дос, әріптес болып араласып келеміз. Сондықтан мен Нұрсұлтан Назарбаевты өміріме Қыдыр болып келген жан ретінде ерекше құрметтеймін. Тіпті жалғыз маған емес, Нұрсұлтан Назарбаев өзі қызметтес болған азаматтардың барлығына дерлік мейір-шапағатын тигізген жан. Біз осындай дара, қайталанбас тұлғамен бірге оқып, бірге жүргенімізді мақтан тұтамыз.

Қуаныш ОМАШЕВ,
ардагер металлург, Елбасының курстасы:
– Ең әуелі маған Нұрсұлтан Назарбаевтың қара­пайымдылығы, қаншалықты уақыты тығыз болса да бізбен байланысын үзбейтіндігі ұнайды. Бірде Елбасы Қарағандыға келіп бәріміздің басымызды қосты. Содан кетерінде «Жиналыңдар, мен сендерді пира­мидаға апарамын» деді. Үйге келіп әйеліме құжат, киімдерімді дайындатқыздым. Ол денсаулығыма алаңдап, бармауымды айтты. Мемлекет басшысы шақырғанда, оның үстіне тұтас дүниенің тарихы тұнған Мысыр пирамидасын көру бақыты бұйырып тұрғанда қалай бас тартасың. Тіпті әріптес достарға да құжаттарын дайындатқызып қойдым. Межелі күні бәрімізді Астанаға алып келді. Сөйтсек, менің Мысыр деп жүргенім Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы екен. Сонау жастық шағымыздан бері қарай шолатын болсақ осындай қызықты жайттар өте көп болды.
Елбасының жүрген жолы, атқарған еңбегі бүкіл әлемге үлгі. Тарихымызда бұрын-соңды мұндай жетістікке жеткен басшы болған емес. Жоқтан бар жасап, Астанадай әсем шаһар тұрғызды. Халықтың арасынан шығып, Қа­зақ­станды әлемнің ұшар биігіне көтерді. Сондықтан да біз жүрген жерімізде Елбасымыздың асыл қасиеттерін, оның жас күніндегі ел үшін жасаған игі істе­рін айтып жүреміз. Бұл біздің міндетіміз. Себебі, Құдай бізге ел бас­қаратын жанмен бірге жүруді нәсіп етті. Бұл бізге бұйырған бақ деп білемін.

Ермек ТӨЛЕУБАЕВ,
Теміртау қаласының Құрметті азаматы, Елбасының курстасы:
– Бүгінде әлемнің көп жерінде, тіпті өзімізбен бірге егемендік алған елдердің кейбірінде тұрақ­сыз­дық, атыс-шабыс болып жатқаны белгілі. Қазақстан керісінше әлемге бейбітшілік пен тұрақтылықтың символы ретінде танылды. Бұл ең біріншіден, Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбе­гінің жемісі.
Елбасының лидерлік қасиеттері сонау Теміртауда жүрген кезде бай­қалды. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев қалың топты соңынан ерте білетін ерекше қабілетімен көзге түсті. Қайнаған оттың ортасында жүрсе де елдік мүд­дені бірінші кезекке қоя білді. Яғни, не істесе де елге пайдасын тигізуді ой­лайтын. Сол ісімен бізге үлгі бола білді. Бізге осындай ерен тұлғамен бірге ең­бек етіп, әріптес болу – үлкен мақтаныш.

Тоқтархан ЫСҚАҚОВ,
құрметті металлург, Елбасының курстасы:
– Елбасының жас кезінен жұмысқа деген қарым-қатынасы ерекше болатын. Біз Нұрсұлтан Әбішұлы екеуміз күндіз оқып, кешкісін жұмыс істейтінбіз. Соған қарамастан, ол жұмыстан қалмай­тын. Әлі күнге сол қалпынан танбағанын көріп отыр­мыз. Бұл Елбасымыздың ерекше қасиеті дер едім.
Нұрсұлтан Назарбаев құдайдың қазаққа берген үлкен нығметі, басымызға қонған бағымыз. Президенттің халықтың жағ­дайын жақсартуға бағытталған бағдарламалары да соған дәлел. Қа­зақ­станның қазіргідей бірлігі жарасқан, әлем қызыға көз тіккен елге айналуы соның жемісі.

Айтбай СӘУЛЕБЕК,
публицист, «Құрыш тұлға» кітабының авторы:
– Алғаш рет Қазақстан магниткасының есігін 1979 жылы аштым. Ол кезде жас журналист едім. Шыны керек, ол кезде металлургтердің жұмысы туралы нақты бір нәрсе түсіндім дей алмаймын. Кейін тағы бірнеше рет барып, сондағы мамандармен жақын әңгімелесудің арқасында бұл саланың қыр-сырын түсіне бастадым. Кейін 1984 жылы «От жүрек­ті жігіттер» деген очерк жазылды. Сондықтан бұл кітап бір күннің, бір жылдың нәтижесі емес, ұзақ жылғы еңбектің жемісі.
Ең алдымен бұл еңбек «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орын­басары Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның тікелей қолдауының арқа­сында жарық көргенін айрықша атап өткім келеді. Одан бөлек, Елбасымен әріптес болған ағаларымыздың да айтқан пікірлері мен деректерінің маңы­зы зор болды. Сондықтан кітаптың басылып шығуына қолдау білдірген аза­маттарға ерекше алғысымды білдіремін.

Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының директоры:
– Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлем бойынша ХХ және ХХІ ғасырдағы ең ірі, беделді саяси тұлғалардың бірі. Әлемдік деңгейдегі қайраткер болғандықтан Елбасының жұмысы мен өміріне арналған сарап­тамалық еңбектердің көптеп жазылуы заңдылық. Соның ішінде шетелдік ғалымдардың да қалам тер­беп, зерттеу жүргізгенін атап өткен жөн. Осы ретте бұл тақырыпты отандық тарихшылар көптеп жазса, терең зерттесе деген тілегім бар. Себебі, олар қазақтың ұлттық құнды­лық­тарын, салт-дәстүрін, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін жақсы біледі. Ше­телдіктер кейбір нәзік дүниелерге атүсті қарап, мән бермеуі мүмкін. Сон­дықтан «Құрыш тұлға» сияқты Мемлекет басшысының өнегеге толы өмірін дәріптейтін еңбектер бізге өте қажет.

Бөлісу:

Пікір жазу


*