Елбасы егін алқабын аралады

1238
0
Бөлісу:

Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Зеренді ауданындағы «Ұмай жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруашылығына барды. Осында Елбасы Арқа құты – жайқала өскен алтын дәнді егіс алқабын аралады. 

Мемлекет басшысы алдымен астық ал­қабының жағдайымен, сондай-ақ егін шаруашылығы өнімдерін өндіру және оны са­тумен айналысатын аграрлық кәсі­по­рынның қызметімен танысты. Нұрсұлтан Назарбаевқа алдағы егін ору науқаны жә­не оған ауыл шаруашылығы техника­ла­ры­ның дайындығы туралы баяндалды. 2009 жылы іргесі қаланған «Ұмай жер» шаруа­шы­лығы 26 мың гектардай жерде бидай, май­лы дақылдар өсірумен шұғылданады. Онда 130-ға жуық адам адал кәсіптен нә­сіп табуда.
Сонымен қатар осында Президент об­лыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, емін-еркін әң­гіме-дүкен құрды, олардан ауыл шаруа­шы­лығының қазіргі жағдайы жөнінде сұра­ды.
Өз сөзінде Н.Назарбаев тәуелсіздік ал­ған­нан кейінгі алғашқы жылдары қазақ елі­нің алдында өзінің ұлан-байтақ дала­сын­да не өсіріп, өндіру керектігі туралы мә­селе тұрғанын еске салды. Еліміз бұл сұ­рақтарға жауап тауып, ауыл шаруа­шы­лығының тұралаған барлық салаларын тік көтеріп, өркендете алды. Енді бұл сала өн­діріп жатқан мол өнімді өткізетін сырт­қы жаңа нарықтарды табу міндеті қойылу­да. Елбасы мемлекет тарапынан бұл ба­ғытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жат­қанын айтты.
Шаруашылық еңбеккерлері болса, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасы аясында мемлекет тара­пы­нан қолдау көрсетіліп отырғанын баяндай келе,­ ел Президентіне алғысын жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндірушілермен бірге субсидия беру, аграрлық өнімдер экс­портын дамыту және шаруашылықты тех­нологиялық жаңғырту мәселелерін тал­қылады.
Кездесу кезінде егіншілер дән егуден бас­тап, жиын-терімге дейінгі барлық қа­жетті ауыл шаруашылығы техникаларын Қа­зақстанда жасау мәселесін көтерді. Бұл сала да қазір дамуда. Ауыл шаруа­­шылығы техникаларын құрас­ты­ра­тын «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС ди­ректоры Шота Джахуташвилли Елба­сы­ға өз кәсіпор­ны­ның жылына 300 ком­байн шығаратынын баян етті. Алдағы жы­лы бұл көрсеткішті 500 комбайнға дейін жеткізуді жоспарлап отырған көрі­не­ді. Зауытқа бұл істе ре­сей­лік «Россель­маш» компаниясы серік­тес екен.
Осы орайда Мемлекет басшысы өзі­мізде құрастырылатын техникалардың ба­ғасы және сапасы жөнінен тиімді бола­тынына назар аудара келе, бұл мәселені мықтап қолға алатын, отандық ауыл шаруа­шылығы техникаларын өзімізде шы­ғаратын кез жеткенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев бұл үшін қажетті барлық жағдай жасалып жатқанын атап көрсетті.
Ақмола облысына сапары аясында Қа­зақстан Президенті өңірдегі Шортанды кен­тінде орналасқан «Бурабай» гольф клу­бының ашылу рәсіміне қатысты. Мем­ле­кет басшысы рәсімге қатысушыларды жаңа спорт нысанының ашылуымен құт­тықтап, өңірдің туристік әлеуетін арт­тыру­дың маңыздылығын атап өтті.
Елбасы жаңа жобаның іске асырылуы отан­дық және шетелдік туристердің ку­рорттық аймаққа қызығушылығын одан әрі арттыруға және келушілер санының кө­беюіне септігін тигізетінін айтты.
– Біз Бурабайды Қазақстанның перс­пек­тивті туристік бағытының бірі ретінде да­мытқымыз келеді. Бұл осы өңірге турис­тер мен спорт сүйер қауымды тарту мақса­тын­да жасалып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Көкшетау қаласында Елбасы «Көк­ше­тауминводы» акционерлік қоғамына бар­ды. Қазақстан Президенті минералды су шығарумен айналысатын кәсіпорынды ара­лап көрді.
Мемлекет басшысына кәсіпорын қыз­метінің экономикалық көрсеткіштері, со­ның ішінде өнімділігі, жаңа жұмыс орын­дар саны, тартылған инвестиция кө­лемі жөнінде мәлімделді.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*