Ауғанстанмен сауда дамуда

1367
0
Бөлісу:

Кеше Үкімет үйінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ел Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында заманауи ғылымды дамытудың басымдық бағыттары, ғылымды одан әрі қаржыландыру мәселелері, сондай-ақ елімізде фармацевтикалық кластерді дамыту мақсатында әзірленген Білім және ғылым министрлігінің «2018-2020 жылдарға арналған Бірегей дәрі-дәрмектерді әзірлеу мен оларды зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру» бағдарламасының ғылыми-техникалық жобасы талқыланды.

Еске сала кетейік, Жоғары ғылыми-тех­ни­калық комиссия Үкімет қаулысымен 2011 жылғы 20 сәуірде құрылған және ол Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган. ЖҒТК отырыстары қажеттілігіне бай­ланыс­ты жылына кем дегенде екі рет өткі­зіледі.
Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев елімізге жұмыс сапарымен келген Ауғанстан Ислам Республикасының атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулламен кездесу өткізді.
Кездесу барысында сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері және 2015 жылғы қарашада Ауғанстан президенті А.Ганидің Астанаға сапары барысында екі мем­лекеттің басшылары жасасқан ке­лісімдердің іске асырылу барысы тал­қыланды.
Сондай-ақ өңірдің транзиттік әлеуетін жақсарту шаралары және теміржолдар салу саласындағы екіжақты ынты­мақтастық перспективалары қаралды. Бұдан өзге, екі елдің білім беру сала­сын­дағы өзара іс-қимылын жалғастыру мәселесі көтерілді.
Бақытжан Сағынтаев Абдулла Абдулланы ұлттық мерекесі – Ауғанстан Ислам Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Оған қоса, тараптар Астанада өтіп жатқан EXPO – 2017-дегі Ауғанстанның Ұлттық күнін әңгімеге арқау етті.
Ресми мәлімет бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-саттық өркендеп келеді және қазір жарты мил­лиардтық межеге таяп қалды: өзара тауар айналымы 2016 жылдың қорытындысы бойынша 489,4 миллион долларға жетті. Оның ішінде біздің оларға өткізген экспорт – 486,8 миллион долларды, ал олардан тасыған импорт – тек 2,5 миллион долларды құрайды. 2017 жылғы қаңтар – мамырда тауар айналымы 195,8 млн доллар болды, оның ішінде экспортымыз – 195,2 млн, импорт 0,6 млн доллар.
Премьер Бақытжан Сағынтаев өткен сенбіде еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Ол Астанада «Қазақстан Парамаунт Ин­жи­ниринг» ЖШС және «Қазақстан ASELSAN Инжиниринг» ЖШС нысандарын аралады.
Орталық Азиядағы заманауи брондалған дөңгелекті машиналар шығаратын ең ірі кәсіпорын саналатын «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-ін аралау барысында Бақытжан Сағынтаевқа жаңа инновациялық технологиялар қолданыла отырып, шығары­латын өнімдердің үлгілері көрсетілді.
«Қазақстан ASELSAN Инжиниринг» нысанында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа электронды және элек­тронды-оптикалық өнімдер өндірісі паш етілді.

А.ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*