Индустрия 4.0: дамыған елдерді қуып жетеміз

1304
0
Бөлісу:

Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асырушы органдардың бірінші басшылары есеп беретін баспасөз конференциялары­ның жаңа циклі басталды. Кеше Үкіметтің баспасөз орталығында Жолдаудың «экономиканың қарқынды технологиялық жаңғыртылуы» атты бірінші басымдығын іске асыру барысы туралы Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев және Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М.Тілеуберді баян етті.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Мемлекет басшысының жолдауда берген тап­сырмасын орындау мақсатында ведомство отандық өнеркәсіптердің Индустрия 4.0 технологиясына өтуге дайындығын тех­никалық талдауды алдағы айда аяқтайды.
Министр Индустрия 4.0 техноло­гиясына көшу процесі бүкіл әлем бойынша әзірге бастапқы кезеңде тұрғанын еске салды. Атап айтқанда, тіпті дамыған және тез дамушы елдердің басым көпшілігі өздерінің ұлттық цифрлық трансформа­циялану стратегияларын тек бертінде, соңғы 3-4 жыл аясында ғана іске асыруға кірісті. Мысалға, Германия – 2011 жылы, АҚШ – 2012, Жапония, Қытай, Еуропалық одақтың басқа да бірқатар елдері – 2014-2015 жылдары тиісті стратегиялық құжа­тына өмірге жолдама берді. Халықаралық сарапшылардың мойындауынша, Ин­дустрия 4.0 аясында қандай ірі өзгерістер жүретініне қатысты әлі күнге толық түсінік жоқ. Өнеркәсіптердің жаңа стандартқа түбегейлі көшуі тек алдағы 10-15 жылға болжанып отыр. Демек, министрдің мәлімдеуінше, қазақ еліне осы саладағы озық елдерді қуып жетуіне әзірге мүмкіндік бар.
– Бізде бұл процестен қалмаудың мүмкіндігі бар. Бұл мәселенің қиындығына қарамастан, біз Индустрия 4.0 техноло­гиясының Қазақстан үшін тек сын-қатерлер ғана емес, сондай-ақ жаңа мүмкіндіктер де әкелетінін көріп отырмыз. Соның ішінде тиімділікті елеулі арттыру, жаңа бизнес түрлері мен экспортқа бағытталған өндірістерді құру мәселелерін айтуға болады, – деп атап өтті ол.
Министрлік жыл басынан бері тиісті шараларды әзірлеу бойынша белсенді жұмыстар атқаруда екен.
– Биылғы қыркүйек айында халық­аралық сарапшылармен бірге өнер­кәсіптердің Индустрия 4.0 технологиясына өтуге дайындығының техникалық тал­дауын тәмамдаймыз. Жыл соңына қарай Үкімет қаулысымен Индустрия 4.0 элементтерін 2025 жылға дейін қадам-қадаммен енгізу жөніндегі жоспарды қабылдаймыз! – деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар министрлік ERG, KazZinc, ArcelorMittal, «Қазақмыс» және басқа да жүйе құраушы ірі компаниялар­мен жұмыс жүргізуде.
– Бүгінде аталған кәсіпорындар өз­дерінің цифрлы жаңғыру жоспарларын дайындап, «ақылды кеніш» сияқты бағдарламаларын іске асыруға кірісіп кетті. Оларда енді үлкен деректердің (Big Data) талдауы, алдыңғы қатарлы датчиктер мен сенсорлар, ERP, MES секілді ин­теграцияланған ақпараттық жүйелер, роботтандырылған операциялар және тағы да басқа технологиялар енгізілетін болады. Мысалы, ERG компаниясы алдағы 7-8 жылда цифрландыру жобасына шамамен 800 миллиард теңге инвести­циялауды жоспарлап отыр, – деп мәлімдеді Министр Ж.Қасымбек.
Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша түрлі елдерде Индустрия 4.0-ді енгізу ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімін орта есеппен 1,5%-ға қосымша ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан өнеркәсібін Индустрия 4.0-ге көшуге ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар өнімділіктің артуына және еңбек қауіпсіздігінің жоғарылауына, отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттігінің артуына және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалпы экономиканың жақсаруына оң септігін тигізеді.
Өз кезегінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жеделдетілген тех­нологиялық жаңғырту елдің энергети­калық секторының тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін мәлім етті. Оның айтуынша, бұл министрлік те Елбасының жолдауында айтылған жеделдетілген технологиялық жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Атап айтқанда, минералды-шикізаттық базаны кеңейту аясында көмірсутекті шикізат мәселелерін реттеу үшін бірқатар жаңа тәсілдер әзірленген. Мысалға, келісімдердің түрлері оңтайландырылды, жер қойнауын пайдалануға келісім жасау мерзімдері қысқартылды, рәсімдер жеңілдетілді және әкімшілік кедергілер жойылды. Жер қойнауын пайдалану саласының ашықтығы мен болжамдығын арттыру мақсатында шикізат қорлары бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне көшу жүзеге асырылуда.
Шикізатты кешенді қайта өңдеуді тереңдету бойынша міндеттерді орындау үшін биылғы екінші жартыжылдықта Атырау МӨЗ-і мен Павлодар МХЗ-ын жаңғырту жобалары аяқталады. Келесі жылы Шымкент МӨЗ-і жаңғыртылатын болады.
– Мұнай өңдеу зауыттарын жаң­ғыртқаннан кейін мұнай өңдеу көлемі 14,5-тен 17,5 миллион тоннаға дейін өседі. Ақшыл мұнай өнімдері – бензин, дизель отыны, авиаотын өндірісі ұлғайтылады. Еліміздің ішкі қажеттіліктері толық қамтамасыз етіледі және жанар-жағар май бойынша импортқа тәуелділік жойылады деп күтілуде, – деді Қ.Бозымбаев.
Экономиканың жеделдетілген тех­нологиялық жаңғыртылуы үлгісінде отын-энергетикалық кешен жобасы бойынша бірқатар бастамалар іске асырылуда. Нақтырақ айтсақ, мұнай-газ өнеркәсібін­де, кен орындарында мұнай беруді арттыру және геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, оның ішінде теңіз жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл мұнай өндіру көлемінің 2025 жылға қарай 107,3 млн тоннаға дейінгі және газ өндіру көлемінің 77,3 млрд текше метрге дейінгі өсімін қамтамасыз етеді.
Мұнай өңдеуде энергия тиімділігін арттыру, 3 жылдық жөндеуаралық кезеңге көшу жобалары (яғни, мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын емес, тек үш жылда бір рет жөндеуге жабылады), сондай-ақ ішкі нарыққа мұнай жеткізудің тартым­дылығын арттыру бойынша шаралар енгізілуде. Бұл ақшыл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттырады және олардың сапасын К4 және К5 экологиялық стан­дарттарына дейін жеткізеді.
Мұнай-газ химиясында жылына жалпы қуаты 2,3 млн тонна қосымша құны жоғары өнім шығаратын 4 мұнай-газ химиясы зауыттарын салу шаралары іске асырылуда.
Атом энергетикасында «жылу шығара­тын құрастырылымдар» өндіретін зауыт салу, уран өндіретін кәсіпорындарда ІТ-технологияларды енгізу, сондай-ақ уранның минералды-шикізаттық базасын толтыру үшін барлау жұмыстарын күшейту бойынша жобалар іске асырылады.
– Отын-энергетикалық сектор бас­та­малары бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 2017–2025 жылдары 19 триллионнан астам теңгені құрауға тиіс, олардың 97%-дан астамы жеке қаражат есебінен қамтамасыз етіледі, – деді Министр Қанат Бозымбаев.
Елбасы жолдауындағы осы міндеттерді жүзеге асыруға сыртқы саясат ведомствосы да белсенді тартылуда. СІМ қазір ин­вестициялар тарту және экспортты іл­герілету бойынша ұлттық стратегияларды әзірлеуге атсалысуда.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, ең алдымен ЕАЭО, ШЫҰ ішінде халықаралық ынтымақтастық аясында еліміздің ұлттық экономикалық мүдделерін қорғау және ілгерілетуді қамтамасыз ету, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын Жібек жолы эконо­микалық белдеуімен ұштастыру, EXPO – 2017 базасында ІТ-стартаптар халық­аралық технопаркін құру, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын, «Қазақстан­ның ұлттық технологиялық бастамасы» стратегиялық жоспарын, дамыған елдердің ең үздік стандарттары мен тәжірибелерін енгізу арқылы бизнесті қайта реттеу бойынша жүйелі шаралар әзірлеу де тұрақты жұмыстар жүргізіледі.
Шетелден инвестициялар тарту бойынша жұмыстарды күшейту үшін 10 басымдықты елде – АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, ҚХР, Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан, Иран және Италияда инвесторлармен мақсатты жұмыс жүргізіледі. Бұл үшін Инвестиция­лар және даму министрлігінен СІМ-ге инвестициялық кеңесшілерді тағайындау туралы шешім қабылданған. АҚШ, Германия, Франция, Түркия, БАӘ, ҚХР және Ресейде Kazakh Invest ұлттық компаниясының бөлім кеңселерін ашу мәселесі пысықталып жатыр.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*