ЕЛ ДАМУЫ – ЕЛБАСЫ БАҚЫЛАУЫНДА

1584
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының қатысуымен даму бағдарламаларының іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Кеңеске Сенат төрағасы, Премьер-министр және оның орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің басшысы және оның орынбасарлары, облыс­тардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ орталық мемлекеттік орган­дардың жетекшілері қатысты.
Отырыс барысында мемле­кеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық жағдайы туралы есептер тыңдалды.
Алғашқы сөз Премьер-ми­нистрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге берілді. Ол «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық даму, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының іске асырылу барысы туралы есеп берді.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Премьер-министр­­­дің бірінші орынбасарының баян­дамасын тыңдап, Үкімет та­рапынан мән беруді қажет ететін мемлекеттік бағдарламалардың жекелеген индикаторлары мен көрсеткіш­теріне тоқталды.
– Соңғы 2 жыл бойы «Арнайы экономикалық аймақ аумағында тауарлар өндіру мен көрсетілетін қызметтер көлемі» көрсеткіші орындалмай отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы халыққа арзан­да­тылған ипотекалық несие және құрылыс салушыларға жеңіл­дікпен несие беру мүмкіндіктерін қарастырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы шикі­заттық емес экспорт және Индустрияландыру картасы аясын­дағы жобаларды іске асы­румен байланысты мәселелерге Инвестициялар және даму ми­нистрі Ж.Қасымбектің назарын аударды.
Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру мәсе­лелері мен атаулы әлеуметтік кө­мек көрсетудің тетіктеріне тоқ­талды.
Күн тәртібіндегі бұл мәселені талқылау аяқталған соң, агроөнер­кәсіп кешенін дамыту бағ­дарламасының іске асырылуы туралы Премьер-министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев А.Мырзах­метов келтірген мәлі­меттерді назарға алып, проб­ле­малық агрохолдингтерге қа­тыс­ты Үкіметтің қабылдап жат­қан шаралары және егін ору жұмыстарына дайындық нәтиже­лері жөнінде сұрады.
Бұдан бөлек, кеңесте «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесі бойынша Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжиннің және еліміздегі цифрландыру мәселесі бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың есеп­тері тыңдалды.
Сонымен бірге, күн тәртібіне сәйкес, өңірлерді дамыту мәсе­лелері талқыланды. Алғашқы бо­лып Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев сөз сөйледі. Қазақстан Президенті елордадағы көлік жүктемесінің проблемаларына, балабақша мен мектептерде орындардың жетіспеушілігіне назар аударды.
Ә.Исекешевтен кейін сөз Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке берілді. Мемлекет бас­шысы қаланың экономикасына шағын және орта бизнесті тарту және инфрақұрылым салу үшін жер­ді және баспананы алу үдерісіне қатысты мәселелерге тоқталды.
Бұдан соң Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин есеп бер­ді. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндіретін кәсіпорындар жүк­те­ме­лерінің төмен екенін айтып, «Нұр­лы жол» бағдарламасы ая­сында өңірдің туристік кластерін дамытуға қаражат қарастыруды тапсырды.
Елбасы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасын талқылау барысында кеңеске қатысып отырған облыс басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда осы өңірдің тәжіри­бесін қолдануды ұсынды.
Алматы облысының дамуы жө­нінде өңір әкімі Амандық Ба­талов баяндады. Қазақстан Президенті Алакөлдің туристік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев­тың есебін тыңдап, Батыс Қазақ­стан облысының әкімі Алтай Көл­гіновке сөз берді.
Мемлекет басшысы облыста ин­вестиция көлемінің 21%-ға төмендегенін айтып, өңірге ин­вес­торлар тарту жөніндегі жұ­мыс­тарды жандандыру қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Қарашығанақ санитарлық-қорғау аймағын кеңейтуге байланысты Березовка ауылының тұрғындарын уақтылы әрі толық көшіру мәселесі талқыланды.
Одан кейін Жамбыл облы­сының әкімі Кәрім Көкірек­баевтың есебі тыңдалды. Қазақстан Президенті облыстағы шағын және орта бизнес өнімі көлемінің төмендегеніне тоқталып, тұрақты нәтижелі жұ­мыспен қамтуды арт­тырудың ма­ңыз­дылығына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасаған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа Қаражал, Жәйрем кенттерінің тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.
Елбасы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің баян­дамасын талқылау барысында өңірдегі бала өлімі проблемаларына назар аударды.
Сондай-ақ Қызылорда облы­сының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысы­ның әкімі Ералы Тоғжанов, Оңтүстік Қазақстан об­лысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев облыс­­тардың, Астана жә­не Ал­ма­ты қалалары әкімдері­нің баян­дамалары мен есепте­рін тыңдап, оты­рысты қорытын­дылады. Соны­мен қатар елі­міз­ді және өңірлерді дамыту бағдар­ламаларын іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау тұр­ғысынан облыстардағы автомобиль жолдары мен әлеуметтік нысандар құрылысының қарқыны төмен екенін атап өтті.
– Биыл 109 білім беру нысаны құрылысына 70 миллиард теңге бөлініп, 70-сін осы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде тек 7 мектеп пен 2 ба­лабақша пайдалануға берілді. Жоспарланған білім бе­ру нысандарының көп бөлігі Ал­маты, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Үкі­мет пен өңірлердің әкімдеріне жос­пар­ланған барлық нысанды уақтылы қолданысқа енгізу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша тұрғын­дардың көп бөлігінің хабарсыз екенін және оған банктердің қатысу белсенділігінің төмендігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев индус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасының іске асырылуының аралық қорытын­дысын жасады, сондай-ақ эко­номикамызды цифрландырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет бас­­шысы бәсекеге қабілетті эк­спорт­тық өндірісті дамытудың маңыздылығына назар аударып, экспорттық стратегияны уақтылы іске асыру қажет екенін айтты.
– Индустрияландыру аясын­дағы басты мәселе – инвестиция тарту. Инвесторлар әлі де әкімшілік кедергілерге тап болуда. Әкімдер өңір­лердегі өз жұмыстарын қайта қа­рап, белсенді қимылдауға тиіс, –
деді Қазақстан Президенті.
Елбасы инвесторлар тартуда Жекешелендіру жоспарын іске асырудың тиімді екенін айтып, Қазақстанның ірі компанияларын мемлекетке мейлінше пайда түсір­мейінше, акцияларын асығыс­тықпен сатпауға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Жұмыс­пен қамту бағдарламасының тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударып, әкімдерге өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл жаппай кәсіпкерлікті да­мытуға 37 миллиард теңге бөлін­­геніне қарамастан, шағын не­сие беру жұмыстарының баяу жүргізіліп отырғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Үкі­мет пен әкімдерге ахуалды терең зерттеп, агрохолдингтердің қа­рызына байланысты мәселелерді шешу жөнінде нақты шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.
Елбасы егін шаруашылығын сақтандыруды одан әрі дамыту, соның ішінде өзара сақтандыру қоғамдарының жұмысын реттеу жөнінде шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесіне ерекше тоқталып, онда көрсетілген барлық міндеттің жалпымемлекеттік маңызы бар екенін атап өтті.
– Қоғамымыз жаңғырудың бұл бағытын жылы қабылдады. Бұл ретте, осы жұмыстарға барша жұртты тарту қажет. Әкімдер бағдарламаның іске асырылуына жауапты екенін ұмытпауы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*