Валюта нарығын құбылту кімге керек?

Тамыздың басында валюта нарығындағы өзгерістер біраз елді дүрліктіргені анық. Тіпті кейбір сарапшылар «доллар жылдың соңына дейін 450 теңгеге жетеді» деcе, енді бірі EXPO – 2017 көрмесінен соң ұлттық валюта девальвацияға ұшырайды» деп бөсті. Байқасаңыз, мамандар бүгінгі трендті болжамға айналдыруға құмар. Халықтың көкейіндегісін ақпараттық шуға ұластыратындар да жетерлік. Себебі, болашақта не болып, не қоярын ешкім де дөп басып айта алмайды.
Жеке маманның пікірі жеке мақсатты көздейді
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) Сараптама орталығының басқарушы директоры Павел Афанасьев валюта курсын болжаған әрбір маманның көздеген мақсаты болатынын айтады.
– Қандай да бір азамат пікір айтқан кезде оның түпкі мақсатына қарау керек. Үнемі дей алмаймын, бірақ кейде forex саудасы бойынша қызмет көрсететін компаниялар өткір болжамдар жасауы мүмкін. Осы арқылы олар нарықты құбылтып, адамдардың болашақтағы валюта курсына байланысты пікірін өзгерте алады. Нәтижесінде, биржадағы белсенділік артады. Мысалы, қазіргі АҚШ долларының курсы 326 бір доллар делік, біреу жақын арада теңге 450-500 теңгеге жетеді деп, апсайд болжам жасаса, анық-қанығына үңіле бермейтін адамдар валюта айырбастайтын орындарға қарай жүгіре жөнелетіні анық, – дейді ол.
Шындығында, теңгенің қалай құбылатыны бір ғана мәселенің төңірегінде шешіле салатын дүние емес. Ұлттық валютаның курсына әсер ете алатын негізгі экономикалық факторлар бар. Соның бірі – біздің әлі де мұнай бағасына тәуелділігіміз. Мысалы, сауда сессиясының барысында ресей рублі долларға қарсы 0,5-1,5 пайыздың аралығында өзгерсе, теңгенің курсы рубльмен салыстырғанда бірден жоғары не төмен құбылып отыруы мүмкін. Себебі, Ресейге қарағанда қазақстандық нарықтың ауқымы тар, сәйкесінше, банктердің де, биржадағы валюта саудасына қатысуға өтініш беретіндердің де саны аз. Бірнеше жылдар бойы қор биржасында қызмет еткен Павел Афанасьевтің айтуынша, биржа нарығының өзіндік заңдылықтары бар: сауда сессиясына қатысушылардың саны артқан сайын, өтімділік те арта түседі. Нәтижесінде, биржадағы валюта курсының динамикасын өзгерту де қиындайды.
«Келісіп» пішкен тон келте болмас
Расымен де, бір ғана сарапшының долбары бүкіл нарықты болжауға қауқарсыз. Дегенмен бүкіл болжамды бір жерге тоғыстыру арқылы тенденцияны айқындауға болады. Өткен айдан бері қаржыгерлер қауымдастығы инфляция, теңге мен рубльдің долларға шаққандағы курсы және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі мен мұнай бағасына қатысты қауымдастық мүшелері арасында сауалнама жүргізе бастады. Сауалнамада екі мерзім қамтылған. Біріншіден, респонденттердің осы айдың соңына дейін не күтетіні жайлы, екіншіден, сауалнамаға қатысушылардың жыл соңына дейін қандай өзгерістер болуы мүмкін деген орташа мерзімдік болжамдары келтірілген.
– Біз өте дұрыс дисклеймер ұсынып отырмыз деп есептеймін. Себебі, әрбір сарапшының пікірі – оның субъективті, тәуелсіз көзқарасы. Ол сол болжам жасалған мерзімде ғана маңызды. Сондықтан болжам жасағанда өте мұқият болу қажет. Біздің ақпараттық кеңістігімізде теңге курсы төмендейді, жемқорлық» дегендей, жағымсыз ақпарлар жиі жарық көріп тұрады. Бір қызығы, көпшілікте соны талқылағанды ұнатады. Бірақ шындығына келгенде белгілі бір фундаменталды фон бар және ол біздің сойылымызды соқпауы да мүмкін, мысалы, біз мұнайға тәуелдіміз дегендей. Иә, біздегі импортталатын тауарлардың немесе қызметтің номенклатурасындағы тізім өте үлкен. Оның ақысын біз доллармен төлеуіміз керек. Шетелдік контрагенттерге теңге қажет емес. Міне, осы факторлардың барлығы ескерілуі керек, – дейді сарапшы Павел Афанасьев.
Соңғы бір айда мұнай бағасына әсер еткен бірнеше оқиғалар болды. Қазір сарапшылар нені күтіп отырғанын қарап көрейік. Сауалнама нәтижесі бойынша тамыздың соңында нарық орташа есеппен алғанда мұнай бағасы жоғарылайды деп отыр. Яғни, Brent мұнайының баррелі 52,5 доллар болуы мүмкін. Әзірге бұл көрсеткіш 51 доллардың шамасында. АҚШ долларына шаққанда ресей рублі 60,4 рубльге жетуі мүмкін. Демек, респонденттер екі аптадан кейін рубль небәрі 40 тиынға әлсірейді деп болжайды. Жыл соңында мұнай одан да жоғарылап, барреліне 59,3 долларға, рубль біршама әлсіреп 62,3 рубльге жетеді деген пікірлер де айтылып қалады.
Павел Афанасьевтің айтуынша, шілдеде мұнай бағасы 2,5 АҚШ долларына қымбаттаған еді. Осыған қарамастан, ресей рублі 50 тиынға құнсызданып кетті. Көмірсутек нарығындағы осындай өзгерістер тамыздың соңында Brent маркалы мұнайдың бағасы жоғары болады деген болжамдарға негіз болып отыр. ОПЕК-тің ай сайын жариялап отыратын есебіне сүйенсек, шілдеде мұнай бағасының қымбаттауына оның қорлары төмендеді деген ақпарат пен шикізатқа сұраныстың артуы себеп болған.
Респонденттердің болжамы бойынша теңге курсы тамыздың соңында 333,9 деңгейінде болады.
Алдағы екі аптада 1 рубль 5,5 теңге деңгейінде сақталады деп болжасақ, жыл соңында рубльге шаққандағы ұлттық валютамыз 5,6 теңге болуы мүмкін.
Нарық 2017 жылдың соңында инфляцияның базалық мөлшерлемесі 7,5 пайыз болады деп күтілуде. Бұл Ұлттық банктің белгілеген 6-8 пайыздық мөлшердегі дәлізіне сәйкес келеді. Қазіргі таңда ол 7,1 пайыз шамасында. Респонденттердің болжамы бұл жерде алшақ жатқанын көреміз. Мысалы, біреу 3,5 пайыз болады десе, енді бірі 17 пайызды көрсеткен. Бұл – ең жоғары және ең төменгі көрсеткіш. Бірақ естеріңізге сала кетейін, респонденттердің тек 20-30 пайызы ғана жағдайды нақты болжай алуы мүмкін.
Базалық мөлшерлемеге келер болсақ, Ұлттық банк оны 50 базалық пунктіге төмендетуі мүмкін деген болжам бар. Қазір 10,5 пайыз болса, жыл соңына дейін 10 пайыздық мөлшерлеме болуы мүмкін.
Сарапшылар дұрыс болжам жасай ма?
ҚҚҚ шілдеде жүргізілген сауалнама нәтижесінде респонденттер-дің қаншалықты дұрыс болжам жасағаны туралы талдауды жария етті. Нәтижесінде:
1) Brent (ICE, Generiс): Респонденттердің 17 пайызы шілде айының қорытындысы бойынша мұнай бағасы 51 доллар болады деп дұрыс болжамдаған (қазір баррелі үшін 52,5 АҚШ доллары).
2) USDRUB (Spot T+1): Респонденттердің 28 пайызы ресей рублі бір доллар үшін 60,0-60,2 рубль болады деп дөп басып айтты (қазір 1 АҚШ доллары – 60,15 рубль, орташа болжам – 59,8 рубль болған).
3) USDKZT (Spot T+0): Респонденттердің 22 пайызы АҚШ долларына шаққандағы теңге курсы 327-329 теңге болады деп дұрыс болжаған (қазір 1 АҚШ доллары – 329,15 теңге, орташа болжам – 5324,6 теңге болған).
4) RUBKZT (Spot T+0): Респонденттердің 61 пайызы 1 рубль – 5,5 теңге болады деп күткен (қазір 1 рубль – 5,5 теңге, орташа болжам – 5,5 теңге болған)
5) ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі: барлық респонденттер Ұлттық банктің шілденің ортасында болатын отырысында базалық мөлшерлеме төмендемейді деп есептеген.
6) Бір де бір респондент жоғарыда айтылып кеткен барлық активтер бойынша бірдей дұрыс болжам жасай алмаған: бір респондент ең көп дегенде екі рет қана дұрыс жауап берген (оның өзінде рубль-теңге курсын барлығы дерлік дұрыс болжаған).
Шілденің соңында валюта нарығына әсер еткен түрлі жағдайлар болды. Соның бірі ОПЕК елдерінің кездесуі және онда Нигерия мен Ливия және Кувейттің де мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге қосылуы, сонымен бірге, Сауд Арабиясының мұнай өндірісін тәулігіне 1 млн баррельге қысқартуға уәде бергені еді. Одан бөлек, Ресей Федерациясы Орталық банкінің жылдық базалық мөлшерлемені 9,0 пайыздық деңгейде қалдыруы; Қытай экономикасына қатысты оң статистика, мысалы, Қытай ІЖӨ-нің 2017 жылдың екінші тоқсанында 6,9 пайызға өсуі; Венесуэладағы саяси тұрақсыздық; Moody’s агенттігінің еліміздің рейтингін «тұрақты» деп бағалауы мен қазақстандық бірнеше банктердің рейтингтерінің өзгеруі және Ресейге АҚШ тарапынан жасалған қосымша санкциялар.
Жоғарыда айтылған оқиғалардың көпшілігі сауалнамаға қатысқан мамандардың тарапынан толық ескерілмеген болуы да мүмкін. Дегенмен нарықтың кәсіби қатысушылары тарапынан айтылған мұндай болжамдар қоғамның жекелеген ұйымдардың жетегінде кетпеуіне әсер етеді.
Кәмила ДҮЙСЕН