Жалпыұлттық жобаға айналды

1518
0
Бөлісу:

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Президент Әкімшілігінің басшысы – ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен, Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтті.

Отырыс алдында комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бас­қару жөніндегі кеңсенің (Жобалық кеңсе) және оның жанында жұмыс істейтін Коммуникациялық орталықтың қызме­тімен танысты. Жобалық кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді. Өз жұмысын бастағалы бері бұл кеңсе министрліктер мен әкімдіктер ұсынған 1170 жобаны пысықтады. Қазір оларды жүзеге асыру басталды.
Отырысты ашқан Президент Әкімші­лігінің басшысы – ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбеков Елбасы ұсынған бағдарламаны жүзеге асыруда соңғы төрт айда нақты қадамдар жасал­ғанына назар аудартты.
– Орталық және жергілікті мемле­кет­тік органдар бұл бағыттағы жұмысқа бел­сенді қатысып жатыр. Сондай-ақ облыс­тарда арнайы комиссиялар, жобалық кеңселер, сарапшылық топтар құрылды. Орталық жобалық кеңсенің жұмысымен жаңа танысып шықтық. Көп жұмыс жасалған. Ұлттық комиссияның арнайы топтары жұмысының алғашқы нәтижелері бар. Біз осы шараларды ұйымдастыруда жаңа деңгейге шықтық, – деді Әділбек Рыскелдіұлы.
Ол латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің жаңа әліпбиі жобасы жасалғанын мәлім етті.
– Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы бойынша 601 нысан бел­гіленді. Олардың 22-сінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар басталды. Туған жер бағдарламасы бойынша кең көлемде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәдениет бағытында ең үздік шығармалар таңдап алынды, – деді Ә.Жақсыбеков.
Ол «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясын­да гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқу­лықтың тізімі жасалғанын және олар­ға аударма жасау шаралары басталғанын атап өтті.
– Бұл – жұмыстың тек басы ғана. Барлық бағыттар бойынша жоспарлап отырған мақсаттарымыз бар. Оны қоғам қолдап отыр. Келешекте үлкен жұмыстар атқа­рылады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалпыұлттық жобаға айналуы керек, – деп түйді Әділбек Жақ­сыбеков.
Отырыста ұлттық комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысын қарады. Бұл ретте жұмыс топтары жетекшілерінің есептері тың­далды. Содан кейін сұрақ қою, пікір ал­масу жүрді, комиссия мүшелері өз ұсы­ныстарын да енгізді.

Мәлім болғанындай, рухани жаң­ғыру бағдарламасының басты мақ­саттары алты арнайы жобада көрініс тапты, олар – «Туған жер», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қа­зақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы», «Заманауи әлемдегі қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» және «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобалары. Әрбір жоба бойынша өлшеуге келетін мақсаттар, нақты жауап беретін тұлғалар бекітілген. Оларға Ақпарат және коммуника­циялар, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Дін істері және азаматтық қоғам министр­ліктері жауап береді.
Тек Астанада ғана емес, барлық өңірлерде «Жобалық кеңселер» құрылған, олар орталық «Жобалық кеңсемен» тікелей жұмыс істейді. Жергілікті жерлерде «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасына облыс әкім­дерінің өздері жетекшілік етеді, ал олардың орынбасарлары бағдарлама міндеттерінің орындалуы үшін дербес жауап береді.
Қазіргі кезде министрліктер мен әкімдіктер ұсынған барлық 1170 жоба мен бастама талдаудан, әрі өзектілігі мен маңыздылығы тұрғысынан ірік­теуден өткен, сондай-ақ олар әлгі атал­ған арнайы жобалар бойынша бөлінген. Әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру бойынша негізгі бағыттар түзілді және жұмыс басталған.
Жалпы алғанда, «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобасы бойынша тиісті жұмыс тобы алдағы күзде жаңа әліпбидің нұсқасын қарауға ұсынатын болады.
Сарапшылар «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімін жасады. Бағдарламаның аясында құрылған Ұлттық аударма бюросы оларды аударуға кірісті.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша респуб­ликалық деңгейдегі 100 және өңірлік деңгейдегі 500 киелі нысан іріктеліп алынды.
«Жаһандағы заманауи қазақстан­дық мәдениет» жобасы бойынша үздік туы­н­дылардың тізімі жасалды. Оған әдебиет саласындағы 216, «театр, кино және хореография» жанрларындағы 48, бейнелеу өнері бойынша 182 және музыка саласындағы 200-ден астам шығарма енгізілді. Туындыларды алдын ала іріктеу қоғамдық талқылау қоры­тындыларын ескере отырып, жасала­тыны айтылды. Одан кейін тізім, іріктеу талаптарына сәйкестігін сараптау үшін сараптамалық топтарға ұсынылады.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына 1500 өтінім келіп түсті, олардан әрі қарай қазақстандықтардың ашық дауыс беруіне ұсынылатын аралық пулдар түзілетін болады.
Отырыста сонымен қатар Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері де атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарла­масына сәйкес, ұлттық комиссия берген тапсырмалар бойынша өңірде нақты жұмыстар жүріп жатқанын баяндады.
– Өңірімізді жақсы тануымыз үшін біздің жоғары оқу орындарында «Өлке­тану» мамандығы ашылды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстанда экспедициялар жұмыс жасауда. Біздің негізгі мақ­сатымыз – қазіргі ұрпаққа тарихы­мызды жан-жақты жеткізу, олардың өз елін, ұлтын, Отанын сүюі үшін патриот­тық тәрбие беру. Ұлы Жібек жолы бойында орналас­қан, өз за­манында атағы айшылық алыс жер­лерге жеткен Көкжар жәрмеңкесі­нің 150 жылдығы, сондай-ақ Есет батырдың 350 жылдығы, Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығы атап өтіледі. Осыған бай­ла­нысты тиісті іс-шаралар қабылданды. Қазір дайындық жұмыстары жүруде, – деді ол.
Б.Сапарбаев облыстағы аудандарда «Туған жер. Туған ел» акциясы өткізіліп жатқанын хабарлады. «Оның аясында кәсіпкерлердің 555 жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы құны 2 миллиард 800 миллион теңге тұратын бұл жоба­лардың арқасында әртүрлі елдімекен­дерде балабақшалар, клубтар, спорт алаңдары, скверлер халық игілігіне тапсырылады. Бұған қосымша, облы­сымыздан шыққан бизнесмендердің қолдауымен, біріншіден, мемлекет пен жекенің әріптестігі не­гізінде, екін­шіден, бизнестің әлеуметтік жауапкер­шілігі аясында өңірде жалпы құны 48 миллиард теңге тұратын 71 бағдарлама жүзеге асуда. Оның тозығы пайдалануға берілді», – деді Ақтөбе облысының басшысы.
Ол тек төл өңірімен және Қа­зақстан­мен шектелмей, Ақтөбе аумағында туған, қазір өзге елдерде тұратын ауқат­ты, кәсіпкер азаматтарға үндеу таста­ғандарын мәлімдеді. Осы орайда «Ақтөбе – құтты мекен» акциясы қолға алынған.
– Ондағы мақсатымыз – өңірден шыққан, осында кіндігі тамған, білім алған әрбір жерлесімізді Ақтөбеге шақырып, өңірдегі өзгерістерді паш ету. Бұл ретте «Актобе – благодатный край» атты арнайы сайт аштық. Қазір біз Қазақстаннан тыс жерде, әлемдегі 15 мемлекетте тұрып жатқан жерлес­теріміз арасынан 200-ден астам тұлғаны жинай алдық. Олар акцияға қатысуға қуана келісті, – деген Б.Сапарбаев ұлттық комиссия төрағасына «Туған жер» жобасы бойынша форум өткізу туралы ұсыныс енгізді. Әкімнің ай­туынша, құрылтай аясында жерлес бизнесмендердің назарына өңірдің барлық әлеуметтік объектілері, сондай-ақ бизнес-жобалар ұсынылмақ. Бұған қоса, жергілікті ма­мандар үшін меди­цина, білім беру, мә­дениет және басқа да салаларда шеберлік-сабақтарын ұйымдастыру көзделуде.
Бердібек Сапарбаев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өңірде 335 іс-шара өткенін және оларға 100 мың­нан астам адам қатысқанын хабарлады.
– Өңір халқы бұл бағдарламаны қолдайды. Себебі, оның жемісі мен тиім­ділігі қазірден көрініп тұр. Соны­мен бірге, ол тұрғындарға, әсіресе, жастарға туған өлкені, оның тарихын жақсырақ танып-білуге мүмкіндік береді, – деп Бердібек Сапарбаев сөзін тәмамдады. Облыс «100 жаңа есім» жобасына 88 тұлғасын ұсыныпты.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың қызу қолдауына ие болған маңызды, әрі ерекше жоба екенін мәлімдеді.
– Бұл еліміздегі саяси реформалар мен экономикалық жаңартулардың қисынды жалғасы. Ұлттық кодты сақтай отырып, тамаша ұлттық салт-дәс­түр­лерді табысты жаңғыртудың басты шарттарына айналдыру – қазақстан­дық қоғамның бүгінгі әлемдік сын-қатерлерге жауабы болып табылады. Елбасы айтқандай, мақсатқа жету үшін біздің санамыз атқарар істерімізден озып жүруге, одан бұрын жаңғырып оты­руға тиіс. Шығыс Қазақстан облы­сында рухани жаңғырудың басты бағыт­тары бойынша мақсатты жұмыс­тар мен шаралар іске асырылуда, – деді әкім.
Рухани жаңғыру бойынша өңірлік бағдарлама 61 жобадан, сондай-ақ «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат тол­қыны» атты 4 қосалқы бағдарламадан тұрады екен.
– Жалпы бюджеті 28 миллиард теңгені құрайды. Биылғы жылы біз соның ішінде, үштілді білімді дамы­туды, археологиядағы ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын және басқаларын 7 мил­лиард теңгеге қаржы­ландырамыз. Облыстағы барлық киелі жерлердің әр­қайсысы бойынша салмақты жұмыс­тар жүргізілуде. Біз киелі жерлердің тізімін жасаумен шектелмей, олардың не себепті киелі саналатынына қатыс­ты ғылыми негіздемелердің болуына қол жеткізбекпіз» – деді Д.Ахметов. Бұған қоса, өңірде «Абай әлемі» сериясы бойынша кітаптар шы­ғарылмақ. Облыс­тағы музейлер, кітап­ханалар және архивтердің қор­лары цифрлы форматқа көшірілмек.
«Бұлардың сыртында «Шығыс Қазақстанның Атласы», жануарлар мен өсімдіктердің «Қызыл кітабы» үлкен таралыммен басылады. Олар әрбір мектеп пен кітапханаға түседі. Барлық жоба­лардың нәтижелері мен материал­дары «Туған жер: Шығыс Қазақстан» интернет платформасында қордала­нады және баршаға қолжетімді болады», – деді ШҚО әкімі.
Даниал Ахметов өңірдегі орыстілді мектептерде қазақ тілі қазір «бірегей жаңа бағдарлама» бойынша оқы­тыла­ты­нын және ол «қазірдің өзінде өте жоға­ры нәтижелер беріп отырға­нын» мәлім етті.
Шығыс Қазақстан облысында «Ата­мекен» қосалқы бағдарламасы аясында демеушілер-меценаттар көмегімен жалпы құны 5,6 миллиард теңге болатын 157 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Әкімдік тағы 8,8 миллиард теңгеге қар­жыландыруды қажет ететін 142 жобаның тізімін әзірледі.
Д.Ахметов «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының өңірде жүзеге асуын жеке бақылауда ұстайтынын айтты.
Талқылауды қорытындылаған Әділбек Жақсыбеков өзге өңірлерді осы екі облыстың озық тәжірибесін қабылдауға шақырды.
– Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы бойынша ұйымдастырудың жақсы үлгі-өнегесін көрсетуде. Бас­шы­лары бұл істі үлкен ынта-ықылас­пен қолға алып, барлық білімдерін, тә­жі­ри­белерін ортаға салды және көңіл той­дырарлық табыс­тарға же­ту­де. Өзге өңірлер олардың тәжіри­бе­лерін
мұқият зерттеп, өздерінде қолданулары керек, – деді Ә.Жақсыбеков.
Атап өтер жайт, Президент жанын­дағы осы ұлттық комиссия Елбасы Жарлы­ғымен қоғамдық сананы жаң­ғырту бағдарламасын жүзеге асыру, елдің әрі қарай да дәйекті түрде мәдени-гума­нитарлық дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Комис­сия құрамына танымал қоғам қайрат­кер­лері, ғалымдар, жазушылар, жур­налистер, Парламент депутаттары, Прези­дент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, облыстар мен Астана, Ал­маты қала­ларының әкімдері, Қа­зақстан халқы ассамблеясының мүше­лері және саяси партиялардың өкілдері кіреді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*