Баспана қолжетімді болады

Биылғы жеті айда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 6,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындылары шығарылған баспасөз конференциясында мәлім болды.
Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Склярдың мәліметінше, жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көзі есебінен елімізде жалпы ауданы 6,2 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй іске қосылған. Бұл 54 мың баспана екен.
– Бұл «Нұрлы жер» бағдарламасының жылдық жоспарының 61%-ын құрайды. Сондай-ақ ол 2016 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, 8,2%-ға көп. 2017 жылдың 7 айында барлық қаржыландыру көздерінен тұрғын үй құрылысына 445,2 миллиард теңге бағытталды. Оның тек 75,8 миллиард теңгесі ғана – мемлекеттік инвестиция. Мемлекет қаржысы есебінен жалпы көлемі 541,3 мың шаршы метрді құрайтын 8 мың 829 пәтер салынды. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 948,2 мың шаршы метр болатын тағы 16 мың 176 пәтерді тапсыру жоспарланып отыр, – деді вице-министр.
Көпқабатты тұрғын үйді қолданысқа беру бойынша Астана көш бастады: 7 ай ішінде елордада 1 миллион 680,2 мың шаршы метр жаңа баспана ел игілігіне тапсырылыпты. Оған 981,6 мың шаршы метрлік көрсеткішімен Алматы қаласы ілесті. Көшбасшылар қатарына Маңғыстау (592,7 мың шаршы метр) және Оңтүстік Қазақстан (348,9 мың шаршы метр) облыстары да енді.
Жеке тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Маңғыстау, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары алға озды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл әкімдіктерге 25 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына арналып, 6 мыңға жуық арендалық пәтерлердің құрылысы басталды. Олардың жартысы жыл аяғына дейін іске қосылуға тиіс. Арендалық үйлермен баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ әлеуметтік осал топтарға жататындар қамтылады. Жалдау ақысы, сатып алу құқығынсыз, әлеуметтік тұрғын үйдің 1 шаршы метрі үшін шамамен 100 теңгені құрайды.
«Нұрлы жер» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі көпқабатты емес, жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға қолдау көрсету болып отыр. Мемлекет азаматтарға бөлінген жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Жыл сайын желілерді салуға 80 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Олардың 50%-ына дейінгісін жеке тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді жеткізуге бағыттау көзделеді. Бұл 15 жыл ішінде жыл сайын орта есеппен 40 мың жер телімін қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен жабдықтауға мүмкіндік береді.
– Бағдарламаның жеке тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі екінші міндеті аясында жоспарланған 60 мың жер телімінің жартыжылдық қорытындысы бойынша 23,5 мыңы инженерлік желілермен қамтамасыз етілді.
4 облыс орталығында бірыңғай сәулет стиліндегі жеке үйлер құрылысының қанатқақты жобалары іске асырыла бастады. Ондай баспананың құны шаршы метріне 120 мың теңгені құрайды. Бұған 90 пайызға дейін отандық құрылыс материалдарын пайдалану есебінен қол жеткізіледі, – деді Р.Скляр.
Пилоттық жобаның бұл дайын үйлерін сатып алу құқығы әкімдіктерде бұрыннан жер телімі кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Олар баспананы не өз қаражатына толық сатып ала алады немесе ТҚЖБ-дан жылдық 5% ставкамен қарыз алу арқылы иеленуіне де жол ашық.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» (ТҚЖБ) салымшылары мен әкімдіктерде кезекте тұрғандар үшін кредиттік тұрғын үй салу бойынша үшінші міндет аясында жоспарланған 15 мың пәтердің 6 140-ы қазірдің өзінде бой көтеріпті. «Нұрлы жер» жеке құрылыс салушыларды қолдауды да қарастырады. Құрылыс компаниялары субсидияланған арзан заем алу үшін жалпы құны 50 миллиард теңге тұратын 24 жобасына қатысты банктердің қарауына өтінім енгізген. Әзірше олардың 7,4 миллиард теңге тұратын 2 жобасы мақұлданды.
Жаңа бағдарламаның тағы бір бағыты жеке құрылыс компаниялары салып жатқан және пайдалануға берген жаңа тұрғын үй кешендерінен баспана сатып алғысы келетін кез келген қазақстандыққа, қанша үйі мен пәтерінің барлығына қарамастан, арзандатылған ипотека беруді көздейді. Осы арқылы ипотека беру нарығы жандандырылуда.
– Халықтың ипотекалық заемдары бойынша нарықтық ставкаларды төмендету үшін республиканың 11 өңірінде жұртшылықты 10 пайыздық жеңілдікті мөлшерлемемен несиелеу басталды. Бүгінгі таңда 10 банк осыны іске асыруды жоспарлап отыр. 3 банк, атап айтқанда «БанкЦентрКредит», «АТФ банк» және «Сбербанк» бұл ипотеканы белсенді түрде беруде. Олар азаматтардың 1,5 миллиард теңге ипотека алу үшін 145 өтінішін қабылдады, – деп баяндады инвестициялар және даму вице-министрі.
Бұл ретте, оның түсіндіруінше, банктің ипотекасының ең жоғарғы көлемі 17 пайыздан аспауға тиіс, оның 7 пайызын мемлекет өтейді, сонда субсидияны есепке алғанда, тұтынушы үшін соңғы мөлшерлеме 10%-ды құрайды. Астана және Алматы қалаларында сатып алынатын пәтер құны 20 миллион теңгеден, ал өңірлерде – 15 миллион теңгеден аспауы шарт.
Вице-министр Роман Склярдың байламынша, «Нұрлы жер» тұрғын үй құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Өйткені Қазақстанда бағдарлама іске қосылғалы бері «құрылыс нарығында тұрғын үйдің шаршы метрі бағасының айтарлықтай төмендегені байқалуда».
«Өңірлерде бағдарлама бойынша шаршы метрінің құны 140 мың теңгеге дейін баратын баспаналар салынып жатыр. Астана, Алматы қалаларында және еліміздің батыс өңірлерінде – шаршы метр құны 180 мың теңгеге дейін тұрады», – деді ол.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөліктерінің бірі – Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры. Бұл – құрылыстың аяқталуын кепілдендіру және қазақстандықтарға құрылысқа өркениетті жолмен, үлескерлікпен қатысуға мүмкіндік беру үшін құрылған «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың хабарлауынша, 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап, аталған қор арқылы бірінші жоба іске асырылады. Бұл астаналық «Миллениум парк» тұрғын үй кешеніндегі 100 пәтер болады. ТҚЖБ салымшылары оны шаршы метріне 290 мың теңге болатын бағаға сатып ала алады. Оларға арнайы кепілсіз несие желісі қолжетімді болмақ.
Тағы бір жаңалық: жыл соңына дейін Қазақстанда «Е-шаңырақ» атты электронды платформасы іске қосылады. Оның аясында электронды форматта «пәтер иелері кооперативтері» (ПИК) шығындары қадағаланады. Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, «жүйенің басты мақсаты – шығындарды бекіту, қаражаттарды жұмсау мәселелерінде ПИК-тер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ басқарушы ПИК-терді таңдауды айқын ету» болмақ.
«Қазір біз Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен, «Зерде» компаниясымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Жыл соңына қарай жоба пилоттық режимде іске қосылады», – деді М.Жайымбетов.
Оның айтуынша, электронды платформа іске кіріскеннен кейін оның аясында әр қаладағы барлық ПИК-тер бір жерде біріктіріліп, олардың жұмысы реттеледі. Осылайша, «КСК-лар мен пәтер иелері арасындағы тұрғын үй қатынастарына қатысты көп жылдық түйіндер шешілуі тиіс».
Елдос СЕНБАЙ