ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРДІ

1078
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы «Астана EXPO – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады.

Кездесуде Қазақстан Президентіне EXPO – 2017 көрмесінің өту барысы жөнін­де баяндалып, оның жұмысы аяқталғаннан кейін нысандарын пайдалану туралы ұсы­ныстар айтылды.
А.Есімов Нұрсұлтан Назарбаевқа көрме мен павильондарға келушілер саны туралы мәлімдеді.
– Көрмеге үш айда 2 миллион адамның келуі жоспарланған болатын. Бүгінде келу­шілер саны 2,5 миллионнан асты. Халық­ара­лық павильондарға 5 миллионнан астам адамның келуі көзделген болса, қазір олар­ды 20 миллионға жуық адам аралап көрген. Келушілер үшін ең танымал павильон – «Нұр әлем» сферасы. Оған 831 мың турист кел­ген. Көрме соңына дейін бұл көрсеткіш 1 миллионнан асады деп жоспарланып отыр. EXPO – 2017 көрмесі ашылғаннан бе­рі 68 елдің ұлттық күндері өтті. Сондай-ақ көрмеге 106 мәртебелі мейман келді, атап айт­қанда, 19 мемлекет басшысы, 16 пре­мьер-министр және олардың орынба­сар­лары, 11 парламент жетекшісі және олардың орынбасарлары, 60 министр және олардың орынбасарлары бар. Шет мемлекеттер өз­дерінің павильондарын әзірлеуге 100 мил­лион долларға жуық қаражат жұмсады, – деді «Астана EXPO – 2017» ұлттық ком­па­ниясы» АҚ басқармасының төрағасы.
Сонымен бірге, Елбасыға туризм сала­сын­дағы көрсеткіштердің айтарлықтай өсіп ке­ле жатқаны жөнінде баяндалды. А.Есі­мовтің мәліметіне сәйкес, Астана қаласын­дағы қонақүйлер мен хостелдер саны 27%-ға өскен. Оларға қонақтарды орналастыру көрсеткіші 60%-ды құрап отыр.
Мемлекет басшысы халықаралық көр­мені өткізу елорданы және жалпы ел эконо­микасын дамытуға мультипликативтік оң әсер беретінін ерекше атап өтті.
– EXPO көрмесі экономиканың барлық секторының дамуына серпін беруде. Қо­нақүйлер мен көпшілік тамақтанатын орын­дарда туристер саны артты. Сол се­беп­ті, елорда бюджетіне қосымша қаражат тү­сіп отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Қа­зақстанның 196 компаниясы көрме кешенінің құрылысына қатысты. Бұл 200 мыңға жуық адамды қамтыды. Қазір көрме қызметін қамтамасыз ететін 21 мыңдай адам жұмыс істеуде, – деді Қазақстан Пре­зиденті.
Кездесу барысында «Астана EXPO – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқар­ма­сының төрағасы көрмені дайындауға және өт­кізуге бөлінген қаражаттың үнемделуі жө­нінде мәлімет берді. А.Есімовтің ақпа­ра­ты бойынша, техникалық-экономикалық не­гіздемеге сәйкес, құрылысқа 816 млрд тең­ге қарастырылған. Кейіннен бұл қаражат оң­тайландыру есебінен 452 млрд теңгеге азай­тылды.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаевқа көр­ме жұмысы аяқталғаннан кейін оның ны­сандарын пайдалану жөнінде ұсыныстар ай­тылды. Көрме аумағына «Астана» халық­аралық қаржы орталығын, IT-стартаптар паркін орналастырып, бірқатар орталық пен павильондарды EXPO мұрасы ретінде сақ­тап қалу көзделіп отыр.
Кездесу соңында Елбасы «Астана EXPO – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төр­ағасының жұмысын лайықты бағалап, бір­қатар нақты тапсырма берді.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*