Қарт Каспийден сәлем

1570
0
Бөлісу:

EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл» атты Маңғыстау облысының мәдени күндері басталды. Шарада тарихи-өлкетану және қолөнер шеберлерінің көрмесі, сахналық қойылымдар, шығармашылық кештер мен концерттер өтеді.

Маңғыстау облысы әкімінің орын­ба­сары Мақсат Сқақов елордаға маңғыс­тау­лық 600-ден аса өнерпаз келгенін айтты. Төрт күн ішінде 34 шара өтпек. Мәдени күн­дер Этноауылдағы қолөнер шебер­лері­нің көрмесі мен шеберлік сағаттарынан басталды. Киіз үйлерге жайғасқан шебер­лер әр бұйымның жасалуын таныстырды.
Rauza тігін шеберханасының иесі Айнұр Қилыбаева қой жүнінен ұлттық нақыштағы киім­дер тігеді. Үш жыл бұрын шағын шеберханасын ашқан ол бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Баяғы әжелерімізден қалған дәстүр бойын­ша қойдың жүнін илеп киімдер тігеміз. Көбіне облыстағы басқарма бөлім­дері, әкімшіліктер әртүрлі кәдесыйларға тапсырыс береді. Қазір халық та таза жүн­нен тігілген киімнің пайдалы екенін біліп қалды. Шеберханамызға бас сұғатын адам қа­расы көбейіп келеді. Астана тұр­ғын­дары үшін жібек матаға жүннен ою са­лып ті­гілген орамалдар, бас киімдер, ба­ла­ларға арналған шәркейлер мен түрлі кә­десый бұйымдарын алып келдік, – деді Айнұр Қилыбаева.
Бір орамалдың бағасы – 5 мың теңге. Бас киімдер 3 мыңнан басталады. Тігу қиын­дығы мен көркемделуіне сәйкес, баға өсіп отырады.
Сапалы домбыралар жасайтын Нұржан Сәт­бекұлы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында жұмыс істейді. Домбыра жасау 15 жасынан бергі сүйікті кәсібі. Бір күні әкесінің дом­бырасы сынып қалып, шауып домбыра жа­сап береді. Әкесін қуанту үшін төргі бөл­менің қабырғасына іліп қояды. Алайда ас­пап жасау ісіне тек 2000 жылдан бастап, анық кірісе бастайды.

– Аспаптарды жасауда көбіне малай­зия­лық қызылағаш, америкалық жаңғақ пен африкалық палисандр ағаштарын арнайы шетелден алдырамыз. Көрмеге әкел­ген домбыралардың өз иесі бар. Мұн­да тек аспаптың қандай түрлерін жа­сайтынымызды көрсету үшін алып кел­дік. Базарға барып сатпаймыз. Тек тап­сырыспен жасаймыз. Өнер адамдары күй ойнауға, ән-терме айтуға деп өз­де­рі­не ке­регін белгілеп алады, – дейді ше­бер.
Зергерлік өнерді серік еткен Сағи­дол­ла Оразов елордаға әшекей бұйым­дары­мен келген. Сөреден көбіне әйел­дер­ге арналған топтамаларды байқадық. Өңіржиек, білезік, сақина мен сырғадан тұ­ра­тын топтамалардың барлығы күмі­с­тен жасалып, бетіне алтыннан ою-өрнек­тер түсірілген.
– Әшекей бұйымдарды шәкірт­терім­мен бірге жасаймыз. Өзім зергерлікпен айналысып жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. Астана тұрғындары жақсы сатып алып жатыр. Көбінің көзі жұмысы күр­делі әшекейлерге түседі. Алайда олардың ба­ға­сы да қымбат. Маңғыстауда жергі­лікті халық ше­берханамызға келіп сатып алады, – де­ді ол.
Сондай-ақ осы күні EXPO – 2017 көр­­­месіндегі Амфитеатрда Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Лұқпан Жолдасов, Кәм­шат Жолдыбаева, Ғалымжан Жол­дас­бай сынды эстрада жұлдыздарының қа­тысуымен концерт өтті. Онда 350-ден астам өнерпаз өнер көрсетті.

Көркем ӨМІРӘЛІ

Бөлісу:

Пікір жазу


*