Тәуелсіздігіміздің мызғымас беріктігі – ортақ еңбекте

922
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында бүгінгі замандастырымыздың жетістіктерін ұлықтап, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасымен жүзеге асыруды тапсырған болатын. Расында, тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтар әр салада бар. Алайда олардың есімдерін көпшілік біле бермеуі де мүмкін. Еліміздің металлургия саласын өркендетуді мақсат тұтып, елдік, ұлттық мәселелерде бой көрсетіп жүрген Қарағандыдағы Теміртау қаласында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатының № 2 домна пешінде еңбек ететін Әлібек Алпысбаев – осындай үлгі тұтарлық жандардың бірі. Алып өндірісте шыңдалып, өз жолын тапқан жігіт бұл күнде білікті металлург атанған. Бұған дәлел ретінде оның 2013 жылы «Жыл металлургі» атағын иемденгенін атап өтуге болады. Қазір ол Теміртау қалалық мәслихатының депутаты болып, қоғамдық мәселелерге белсене араласып жүр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған жерде жұмыс істеуді мақтан тұтатынын айтқан Әлібек Алпысбаев металлург ма­ман­­дығын таңдауы да кездейсоқ емес екенін айтты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбектің қ­адір-қасиеті туралы жиі айтады. Қа­зіргі таңда еңбектің мән-маңы­зының арта түскені ақиқат. Өткен жыл­дан бастап елімізде қыркүйек айы­ның соңғы жексенбісі «Еңбек күні» ретінде аталып өтуде. Бұған ұйыт­қы болған да Мемлекет бас­шы­сы болатын. Елбасы еңбек жо­лын Теміртауда металлург болып бас­тады. Өндірісте еңбек еткен жыл­дар оны шынықтырып, қайрат­керлік, тұлғалық дәрежеге көтерді. Өсе келе Елбасына ұқсап, ме­тал­лург болуды армандадым» дей­ді ол.
Әлібек өндірістегі жұмыстан бө­­лек қоғамдық істерге де белсене ара­­ласады. Ең алғаш 2008 жылы Жас­тар форумына қатысса, 2012 жы­лы облыс әкімінің жастар сый­лы­ғын жеңіп алған. Бұған қоса, «Нұр Отан» партиясының «Партия­ның 50 тұлғасы» жобасына қа­тысуы­ның өзі – үлкен жетістік. Жұ­мыстан қол үзбей жүріп, екі бір­дей жоғары білім алды. Инже­нер­лікпен қоса, заңгерлік те білімі бар. Әлібек Алпысбаев Теміртау ком­бинатында еңбек жолын 2005 жы­лы бастаған.
«Әрдайым ауысымға келген кез­де, Президентіміздің де көп жыл бұ­рын өзінің еңбек күнін осылай бас­тағанын еске аламын. Осы жер­де жас жігіт кезінде өзінің көш­бас­шылық қасиеттерін танытқанын ой елегінен өткіземін. Міне, осының өзі жұмыс істеуге құлшынысымды арттырып, жүктелген жауап­кер­шілікті ұғынуға көмектеседі» деп кейіп­керім әңгімесін одан ары жал­ғас­тырды.
«Тәуелсіздіктің мызғымас бе­рік­тігі бәріміздің ортақ еңбегімізге байланысты. Сондықтан елімізді ең­селі етуге әрқайсымыз үлес қосуы­мыз қажет. Тағы бір айтаты­ным, металлург – бұл киелі маман­дық. Себебі, бұл сала төзімділік пен ептілікті, еңбекқорлықты талап ете­ді. Өндірісімен таныл­ған Те­мір­тауда туып-өскендіктен металлург болғым келді. Уақыт өткен сайын металлург мамандығына деген құр­мет пен сұраныс артып келеді. Қы­зығу­шылық танытып жүрген жастар қа­тары да аз емес. Десек те, әлі де қа­зақ жастарын өндіріске көптен тар­туымыз қажет. Бүгінгі білім жүйесінде металлургтерді оқыту бары­сында өндірістік сабақтардың са­ғаты әлі де аз. Нағыз маман иесі бо­лып, мамандықтың қыр-сырын ұғыну үшін алғашқы курстан бастап өндіріспен тығыз байланыста болу қажет. Бұған қоса, бүгінгі жастар осын­дай жұмысшы мамандықтың мән-маңызын ұғынса деймін» деді ол ішкі ойын ақтарып. Оның ойын­ша, бүгінгі жастар атақты болуды емес, «елімізді көркейтуді, 30 дамы­ған ел қатарына кіру жолында не іс­тей аламын?» деп ойланғандары жөн.
Домна цехында қызмет ете жү­ріп, қоғамдық жұмысты қатар алып жүру оңай емес екені анық. Ком­би­нат­та 12 жылдан астам уақыт жұмыс іс­теп жүрген ол, өндіріс шыдамды­лық­қа тәрбиелейтінін жасырмады. Се­бебі, өндіріс қателікті көтер­мей­ді. Әрбір жасалатын жұмыс алдын ала есептеліп, мұқият қадағалануы тиіс. Метал ең әуелі домна пешіне ке­леді. Сондықтан бұл өндірістегі ең бастапқы кезең. Әлібек Алпыс­баев домна цехында қызмет еткен кез келген жан үлкен өмірлік мек­тебінен өтетінін тілге тиек етті. Өйткені цех сыртындағы өмір мен цех­тағы өмірді салыстыруға бол­май­ды. Мұнда тек шыдамдылары ғана қалады. Оның айтуынша, қо­ғамдық жұмыстарға белсене ара­ласуы үлкен жауапкершілік жүктеді. Өткен жылы қалалық мәслихат депутаты болып сайланғаннан бас­тап, Әлібек Алпысбаев тұрғын­дар­дың мұң-мұқтажын түсініп, ел се­німінен шыға білу маңызды еке­нін алға тартты.
Ол өмірінде өшпестей орын ал­ған сәттердің бірі ретінде «Нұр Отан» партиясының XIV съезіне қаты­сып, Елбасымен жүздескенін ай­тады: «Партияның кезекті съезіне қа­тысып, делегат болдым. Жинал­ған жұрт өз тілектерін жеткізіп жат­қан сәтте, мен де «Нұрсұлтан Әбішұлы, Теміртау домна цехынан сізге жалынды сәлем» дегенім бар. Дәл сол сәтте ол артына бұрылып, жа­ныма келді де «Мені шынықтыр­ған Теміртаудың домна цехының еңбеккерлеріне менен де жалынды сәлем айт. Еңбектерің жана берсін» деп шынайы лебізін білдірді. Елбасының қарапайымдылығына риза болдым. Арнайы келіп, әлгін­дей жылы сөзін арнауы – өзінің жас­тық шағы өткен Теміртауды ұмыт­пай, металлургтер еңбегін ба­ға­лағандық деп ұқтым» деді қысқа қайырып.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*