Швейцария Президентімен кездесті

1121
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Швейцария Конфедерациясының президенті Дорис Лойтхардпен кездесті. Елбасы EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Швейцария Ұлттық күнінің ашылуына қатысқаны үшін Дорис Лойтхард ханымға ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Швей­цария президентінің Астанаға бірінші рет сапар жасап отырға­нын айтты.
– Жуырда 1 тамызда Швей­царияда ұлттық мереке – Кон­федерацияның құрылған күні атап өтілді. Сізді осы салтанатпен құттықтаймын. Сіз бүгін EXPO – 2017 көрмесіндегі еліңіздің ұлттық күнін аштыңыз. Сізге ұнады деген үміттемін. Сіздің EXPO – 2017-ға сапарыңыз біз үшін өте маңызды, – деді Қа­зақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы қалыптасқан ынты­мақ­тасты атап көрсетті және екі­жақты экономикалық һәм саяси қарым-қатынастардың ары қарай тереңдей түсетініне сенім білдірді.
– Швейцария Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды серік­тесі. Біз осы қатынастарымызды қадір тұтамыз және оларды одан әрі дамытқымыз келеді. Елдеріміз арасында тауар айналымы өсуде. Біз елдегі швейцариялық биз­нестің қатысымының кеңеюіне мүдде­ліміз. Қазір Қазақстанда 300 кә­сіпорын жұмыс жасайды. Олардың саны бұдан да көп бола алады. Сіздің сапарыңыз біздің экономикалық және саяси қа­тынастың ары қарай тереңдеуіне септесеріне үміт білдіремін, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Швейцария Конфе­дерациясы президентіне Қазақ­стан­дағы сапары кезінде тама­ша­лай алатын Астанадағы ар­хи­тек­туралық құрылыстар, сәулет туын­дылары туралы әңгімелеп берді.
– Соңғы он бес жыл ішінде тұр­ғызылған қалаға бірінші сапа­рыңыз сіз үшін қызықты болды деген ойдамын. EXPO объекті­лерін біз 3 жыл ішінде жасап шық­тық. Осында, Астанада көп­теген бірегей жобалар жүзеге асы­рылды, олардың әлемде теңдесі жоқ. Мәселен, атақты сәулетші Норман Фостердің бірегей пирамидасы бой көтерді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сондай-ақ көрме кешеніндегі сфера пі­шіндес «Нұр Әлемді», «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығының ғимаратын, «Нұрлы жол» жаңа вокзалын, «Астана Опера» опера және балет театры мен басқа да нысандарды атап өтті.
Өз кезегінде Дорис Лойтхард Елбасыға осы кездесу үшін ал­ғысын білдірді және Қазақстан Президентін EXPO – 2017 көр­месін табысты ұйымдастыруымен құттықтады.
– Шынында да, «Нұр Әлем» сферасы керемет қайран қал­ды­рады. Меніңше, көрме кешенінде орын тебетін «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығы өте жақсы даму перспективасына ие. Сондай-ақ мен қарым-қатынас­тарды тереңдету бойынша біздің бизнес тарапынан үлкен қызы­ғушылық барын растаймын, – деді Швейцария Конфедера­циясының президенті.
Осы күні Лойтхард ханым елор­­дадағы ЕХРО – 2017 жа­һан­дық көрмесінде өз елінің Ұлттық күнінің ашылу салтанатына қа­тысқан болатын. Сондағы сөзінде ол EXPO – 2017 көрмесіне арқау болған «Болашақ энер­гиясы» бүкіл әлемнің орнықты келеше­гінің іргетасын құрайты­нын қадап айтты.
Лойтхард ханымның сапары Қазақстан мен Швейцария ара­сындағы дипломатиялық қаты­настардың орнауының 25 жыл­дығы аясында өтіп отыр. Атап өтер жайт, Швейцария – жасыл экономиканы дамытуға ден қойып, 2050 жылға дейінгі «Энер­гетикалық стратегия» қабылдаған мемлекет. Оның тәжірибесі және жаңа технологиялары қазақ елі үшін құнды.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*