«Алтын белгі» иегерлерінің жеңілдігі жойылады

1465
0
Бөлісу:

Білім және ғылым министрлігі ғимаратының жанына бірқатар талапкерлердің ата-аналары жиналып, мемлекеттік білім гранттарын бөлуге қатысты түсіндіруді сұраған болатын. Осыған орай БҒМ биылғы грант бойынша сұрақтарға қосымша түсіндіру жүргізуді ұйғарды.

Азаматтар мен ақпарат құрал­да­рының сұрақтарына ведомствоның Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова жауап берді.
– Кез келген ата-ана мен талапкер білім грантынан үмітті екені түсінікті. Биылғы жылы министрлік бакалавриат бойынша грант санын тағы 6 мыңға өсіруге қол жеткізді. Алайда таңдау барысында әр талапкер әртүрлі мамандық бойынша бөлінетін гранттар саны да әрбасқа болатынын ескергені жөн. Нәтижесінде, әр мамандық бойынша білім грантын алу үшін қажетті бал деңгейі де біркелкі болмайды. Негізі, бұл жағдай – осы жылы орын алған жаңалық емес. Былтыр да, алдыңғы жы­лы да осылай болған. Сол себеп­ті талапкерлер қандай маман­дық­қа бәсеке деңгейі қандай бола­тынын білулері үшін әр мамандық бойынша бөлінетін гранттар көлемі жыл сайын ҰБТ өткізілгенге дейін анықталады, – деді Г.Көбенова.
Мамандық таңдау талапкерлер мен олардың ата-аналарының дербес таңдауы болып табылады. Оны мемлекет таңа алмайды. Бұл ретте әлі күнге ата-аналар мен жастардың таңдауы көбіне заң­герлікке, қаржыгерлікке, сондай-ақ экономикалық мамандықтарға түседі екен. Оларға мемлекет аз грант бөледі, тиісінше, бір орынға таласатын талапкерлер саны да көп болады. Бұл ол мамандық бойын­ша мемлекеттік білім грантын алу үшін қажетті бал санын көтеріп жібереді.
Мұның сыртында, ми­нис­тр­ліктің түсіндіруінше, талап­керлердің көбі нақты бір танымал жоғарғы оқу орнын таңдайды. Салдарынан грант алу үшін қажетті ҰБТ ұпайлары тек әртүрлі мамандықтар бойынша ғана емес, сондай-ақ нақты бір ЖОО-ға қарай да қатты өзгешеленеді.
– Сонымен қатар ата-аналар осы гранттар саны аясында ауыл жас­та­рына, сондай-ақ ЖОО-ға түсу кезінде жеңілдіктерді пайдаланатын басқа да санаттағы адамдарға квоталар қарас­тырыл­ғанын да ескеруге тиіс. Бұл санаттағы тұлғалар ҰБТ-дан алған ұпайлары санының төмен болғанына қарамастан, грант иегері атанады,– деді БҒМ өкілі.
Ол «Алтын белгі» иегерлерінің де артықшылығы, бірақ бұл ар­тықшылық алда жойылатынын жариялады.
– «Алтын белгі» иегерлері қолданыстағы заңға сәйкес, жеңілдік алатын санатқа жа­тады. Әйткенмен, министрлік олардың ҰБТ балдарын өзге талапкерлердікімен теңестіретін заң жобасын енгізді. Бірақ ол әлі қабылданған жоқ. Жаңа заң күзде қабылданады деп күтіп отырмыз, сонда «Алтын белгі» иегерлеріне берілетін жеңілдіктер жойылып, басқалармен тең дәрежеде қарастырылады, – деді Гүлзат Көбенова.
Ұлттық тестілеу орталығы кеше қоғамдық қабылдау бөл­месін ашқан. Ол ҰБТ нәти­желерін түсіндіру үшін әр ата-ананы қабылдауға дайын екен. Бұған қоса, ата-аналар мен талапкерлерге қазіргі уақытта Астанадағы қауырт желінің
+7 (7172) 69-50-76, 69-52-61 нөмір­леріне қоңырау шалып, қажетті ақпарат алуына болады.
– Білім және ғылым министр­лігі аса жоғары бал алған, бірақ грантқа ілікпеген талапкерлерге ЖОО-лардың өз гранттарын бөлуіне ұсыныс жасайды. Соны­мен қатар, министрлік биыл әр облыс әкімдерінің де төл гранттарын бөлуі мүмкіндігіне қол жеткізді. Алдағы 2 апта ішінде әкімдіктермен осы бағытта жұмыс жасауды бастаймыз. Бірде-бір талапкер назардан тыс қалмайды, – деп уәде етті БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Г.Көбенова.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*