Бизнесті қолдау кеңейе түсті

1367
0
Бөлісу:

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бағдарламаны іске асыру үшін биыл республикалық бюджеттен 49,1 млрд теңге бөлінген. Еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының орындалуын көздейтін бағдарламаның бүгінгі көрсеткіштері көз қуантады.

Ұлттық экономика министрінің мәлім­деуінше, өткен жылы бағдарламаға қатысушылар 182,8 млрд теңге салық төлеген. Бағдарлама жұмыс істеп келе жатқан алты жыл ішінде республикалық бюджетке 534 млрд теңге көлемінде қара­жат салық түрінде қайтарылған. 2016 жыл­дың нә­тижесінде, сақталып қалған және құрыл­ған жұмыс орнының саны 47,5 мыңға жетсе, жалпы шығарылған өнім кө­лемі 2,6 млрд теңге болды. Бұл көр­сеткіш 2013 жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары, яғни, 1,1 млрд теңге болған еді.
Одан бөлек шілденің басындағы көр­сеткіш бойынша 1024 кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ар­қылы өз жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік алған. Кәсіпкерліктің дамуы кез келген экономиканың негізі екенін ескерсек, мемлекетіміздің бизнеске қолдау көрсетуінен ұтымды нәтижелерге қол жеткізгенін көреміз. Мысалы, Тимур Сүлейменовтің айтуынша, өткен жылы 505 кәсіпкердің бизнесін дөңгеленту мақсатында алған кредиттеріне мемлекет 17,1 млрд теңге көлемінде кепілдеме бер­ген. «Шағын және орта бизнес субъек­тілерінің 24 жобасына қажетті 15 млрд теңгеге инфрақұрылым жеткізілді. Биз­нестегі жаңа бастамаларды іске асыру үшін 221,4 млн теңгеге 114 мемлекеттік грант берілді», – деді министр.
Негізінде бағдарлама үш бағыттан тұ­рады: жаңа бизнес бастамаларға қолдау көрсету, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және экспортқа бағытталған тауарлардың өндірісін қолдау. Соның бірінші бағыты бойынша жыл сайын 400 млрд теңгеге жуық арзандатылған несие беру көз­делген. Осы мақсатта биыл шілдеде төмен пайызбен берілген кредит көлемі 90,1 млрд теңгеге жетті.
Биылғы Жолдауында Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаев бизнесті қол­даудың экономикалық өсімге әсері жайлы және әр өңірдің жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуы қажеттігіне тоқталып өткен еді. Жолдау­дағы екінші басымдық та бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге бағытталған. Президентіміз бұл туралы: «Тек 2014-2016 жылдар ара­лығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның бар­лығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді» деген болатын.
Осы тұрғыда «Бизнестің жол карта­сы – 2020» бағдарламасы бойынша өңір­лердегі кәсіпкерлікке қолдау көр­сету де назардан тыс қалған жоқ. Ми­нистр Тимур Сүлей­меновтің айтуынша, «Моно­қала­ларда, шағын қа­лаларда және ауылдық елдімекендерде мем­ле­кет­тік қолдауға ие болған күннен бас­тап, 2 жыл өткеннен кейін салық­тарды, өнім шығаруды және жұмыс орындары­ның санын 10%-ға арттыруды қамтама­сыз етуге қабілетті кәсіпкер­лердің жобалары қаржылай қолдауға ие бола алады».
Бұған дейін «Даму» қорының субси­диялау департаментінің директоры Тоғ­жан Алмантаева 1 теңге субсидияның мемлекеттік бюджетке 5 теңге болып қайтқанын айтқан болатын. Яғни, кәсіп­керлікке көрсетіліп жатқан қолдаудың қайтарымы бар.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*