Ломбардимен кездесті

1208
0
Бөлісу:

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Федералдық жиналысындағы Қазақстан – Швейцария достық тобының тең төрағасы Филиппо Ломбардиді қабылдады. Төраға Қазақстан Швейцарияны Еуропадағы маңызды әріптес ретінде қарастыратынын, елдеріміз арасында сындарлы саяси үнқатысу қалыптасқанын атап өтті. Төрағаның пікірінше, Президент Н.Назарбаевтың Швейцария басшысымен алдағы келіссөздерінің екі ел арасындағы ынтымақтастықты өрістетуде маңызы зор.
Тараптар парламентаралық ынтымақ­тасты тереңдетудің келешегін талқылады. Қ.Тоқаев Ф.Ломбардиді Сенат сай­лауының нәтижелерімен таныстырып, оның барысында Парламенттің жоғары Палатасына 16 депутат сайланғаны айтылды. Сайлауды байқауға халықаралық және отандық 518 байқаушы, еліміздегі және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 244 өкілі қатысты.
Жүздесушілер халықаралық күн тәртібін, сауда-экономикалық және гумани­тарлық ынтымақтастық мәселе­лерін талқылады.
Сенат төрағасы Орталық Азиядағы суға қатысты жобаларды қолдағаны үшін Швейцарияға ризашылығын білдірді. Осыған байланысты Қ.Тоқаев
EXPO – 2017 халықаралық көрмесі аясында су ресурстары жөніндегі бірлесіп ұйым­дастырылған аймақтық конферен­цияның маңыздылығына тоқталды. «Шара Орталық Азиядағы су ресурстары жөнін­дегі үнқатысуларды институттан­дыру мүмкіндіктерін зерделеу үшін ерекше алаң болды», – деп атап өтті Сенат басшысы.
Әңгіме барысында Қазақстан мен Швейцария аймақтарының ынтымақ­тастығын дамытудың келешегі де талқыланды. Алматы облысы мен Тичино кантоны арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум екі мем­лекет арасында достық қатынастарды дамыту үшін оң ықпал етеді.

Ершат ӘЗІРЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*