Денсаулық саласында реформа жүруде

Қазақстандықтар дәрігерлерге жылына 50 миллион рет қаралады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында жария етілді. Жиында 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Қазақстанда онкологиялық аурулармен күресудің жаңа технологиялары қолданылатынын хабарлады. Ол елордада ашылатын жаңа орталықта жүзеге аспақ. Вице-министр Қазақстанда онкологиялық аурулардан өлім көрсеткіші төмендеп келе жатқанын, сонымен бірге онкологиялық ауруларды ертерек анықтау көрсеткіштерін жақсарту жұмыстары жалғастырылып жатқанын мәлімдеді.
– Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін дамыған елдермен салыстырғанда бізге әлі де талай жұмыс атқару керек болады. ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштері бізге мақсатты көрсеткіштер қатарынан табылады. Сондықтан әсіресе жаңа технологияларды енгізу тұрғысынан жұмыстар одан әрі жалғастырылады. Бүгінде Астанада «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» жобасы әзірленіп жатыр, аталған мекеме аясында Қазақстанда да, ТМД елдерінде де жоқ технологиялар әзірленетін болады, – деді Л.Ақтаева.
Ол осы жұмыстар нәтижесінде емделушілердің өмір сүру сапасы мен емдеу сапасы едәуір жақсаратынына сенімді.Оның мәліметінше, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру арқасында соңғы он жылда барлық негізгі көрсеткіштер оң динамикаға ие болыпты. Атап айтқанда, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 6 жылға ұзарған. Адам өлімі 27 пайызға кеміген. Ана өлімі – 4 есе, сәби өлімі 1,6 есе азайған. Қатерлі ісік аурулары 20 пайызға, туберкулез ауруынан қайтыс болғандардың саны 5 есе азайған.
Вице-министрдің айтуынша, елімізде жыл сайын медициналық-санитарлық алғашқы көмек дәрігерлеріне, яғни емханаларға 50 миллионға жуық адам қаралады. Яғни, әрбір қазақстандыққа шаққанда, жылына кем дегенде 3 реттен келеді. Бірақ бұл қорқынышты көрсеткіш емес деседі. Керісінше, ел дамыған сайын халықтың дәрігерге көріну саны да артуға тиіс. Халықтың медициналық мекемелерде ұдайы бақылаудан өтіп тұруы «Дені сау ұлтты» қалыптастырады. Мәселен, дамыған елдер кіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы аясында аталған көрсеткіш әр адамға шаққанда 6,7-ге тең.
«Медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын арттыру мен кешенділігін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтаудың барлық қызметін емделушілердің мұқтаждығына шоғырландыра отырып, біріктіру саясаты жүргізілуде», – деді Денсаулық сақтау вице-министр.
Медициналық қызмет сапасын қамтамасыз ету, медициналық көмектің сапасын басқаруды және стандарттауды, денсаулық сақтауда аккредитация мен лицензия берудің дамуын қарастырады. Осы мақсатта Медициналық қызметтің сапасы жөніндегі біріктірілген бақылау комиссиясы құрылды. 2016 жылы осы комиссия диагностика мен емдеудің 281 клиникалық хаттамасын, 40 медициналық технологиясын және медициналық көмек көрсету ұйымының 8 стандартын мақұлдады. 2017 жылдың І жартысында диагностика мен емдеудің 59 клиникалық хаттамасы, 14 медициналық технологиясы мақұлданды.
Ляззат Ақтаева бағдарлама аясында өндірушілермен қарым-қатынас орнатып, тікелей солардан сатып алынатын дәрі-дәрмек көлемі арттырылып жатқанын мәлім етті.
– Бұл үнемделген қаржыны қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға жолдауға мүмкіндік береді. Бірыңғай дистрибьютордың жалпы сатып алуында отандық өндірушілердің үлесі 75%-ды, ал қаржылық тұрғыдан алғанда 30%-ды құрап отыр. Қазіргі таңда «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьютер 909 аталымды жеткізу бойынша отандық дәрі-дәрмек өндірушілермен 23 ұзақ мерзімді келісімшартқа отырды, – деді Вице-министр.
Бағдарламаның «денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды тиімді басқару» бағыты бойынша шетелдік
жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестік орнату арқылы отандық медициналық білім беру жаңғыртылуда екен.
– Осылайша, қазіргі таңда медициналық ЖОО-лардың стратегиялық шетелдік серіктестері анықталды, олардың 5 жылға арналған дамудың стратегиялық жоспарларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Олар аясында оқу бағдарламалары өзгереді, медициналық ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігі кеңейтіледі, университеттік клиникалар құрылады, профессорлық-оқытушылық құрам қайта оқытудан өткізіледі, – деді Л.Ақтаева.
Сондай-ақ ол қолданбалы бакалавриаттың фин моделі негізінде мейірбикелік білім беруді жаңғырту жұмыстары жалғасын тапқанын баяндады. Соған сәйкес, алты пилоттық колледжде 320 адам білім алып жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем саласындағы өзгерістер жайын да жариялай кетті. Енді Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметінің екі деңгейлі үлгісі жасалады.
– Адам өмірі мен денсаулығына ықтимал және тікелей қатер төндіретін шұғыл шақырулар ары қарай да диспетчерлік жедел жәрдемнің еншісінде қалады, тиісінше, оларға жедел жәрдем машиналары аттанады. Созылмалы дерттермен ауыратындардың шақырулары «шұғыл медициналық көмек орталықтарына» бағытталатын болады. Түсіндіре кетсек, емханаларда шұғыл көмек орталықтары бар және олар тәулігіне 24 сағат бойы шақыруларды қабылдайды, – деді Ләззат Ақтаева.
Оның айтуынша, бұл жаңашылдық «сырқаттарға ыңғайлы болуы» тиіс: біріншіден, емханалар сонда тіркелген сырқаттарға әлдеқайда жақынырақ орналасқан. Екіншіден, жедел жәрдем машиналары кезек күттірмейтін ауыр жағдайларға бар күш-жігерін шоғырландыратын болады.
Ерік ЕРДЕНОВ