Ұлттық тәрбие туған жер, Отаннан басталады

970
0
Бөлісу:

Қоғам дамуы үшін әлеуметтік мәселелер, халықтың тұрмыстық  деңгейі, мораль, философия, өнер, әдебиет барлығы бір уақытта дамуы керек. Осы тұрғыдан келгенде   Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызы айрықша. Себебі, мақалада ұлттық дәстүрді сақтаудан бастап, отансүйгіштікті қалыптастыру, руханиятымызды жаңғырту хақында салмақты ойлар айтылған. Солардың негізгісіне тоқталсам.

Мақалада «Туған жер» бағдарламасы орынды көтерілген. Бүгінгі таңда, әсіресе, жастар тәрбиесінде ұлттық патриотизм, атамекен, туған жер ұғымдарын жоғалтып бара жатқанымыз жасырын емес. Жаһанданудың да әсері болды. Қа­лыптасқан ұлттық мәдениетімізден айырылып бара жатқандаймыз. Тәуелсіздік бізге ұлттық рухымызды көтеріп, толық азаттық жолындағы үлкен қадам болды. Тәуелсіздік алған 25 жылдықта қыруар жұмыстар атқарылды. Алайда ел жаңару бастауында рухани жаңғыру тұруы керек. Бұл дегеніміз – әдебиетте, өнерде жаңа ұлттық сипаттағы туындылар болуы қажет дегенді білдіреді. Мәселен, бейнелеу өнері, қолданбалы өнер салаларында қоғамды дамытатын рухани жаңа бағыт, нышан қажет-ақ. Жаңа өнер туындылары өмірге келмей, рухани жаңғыру болмайтыны анық. Себебі, әлемдегі, Батыс Еуропадағы ең үлкен жаңғыру өнерден, атап айтқанда, Леонардо да Винчи, Микеланджелоның туындыларынан басталды. Сол сияқты бізге де өзіміздің ұлттық жолымызды іздеу керек. Елбасының сөз еткен рухани жаңғыру ұғымының ауқымы кең. Біз бұл ұғымды әр салада кеңейтіп, тәуелсіздігімізді өркендетуге апаратын жол іздеуіміз керек. Кеңес Одағы кезіндегі құндылықтар, мораль, философия бүгінгі заман талабына сай келмейді. Себебі, әлемдік тарихта құлдырап, күйреген мемлекеттің құндылығы негізінде, ешқашан жаңа мемлекет құрылмаған. Сондықтан бізге жаңа құндылықтар қажет. Бұл жағынан келгенде Отан, атамекен, туған жер ұғымының тереңдігін ұғынып, ана тілімізді, ұлттық дәстүрімізді сақтау ұлттық, патриоттық тәрбие негізі болатынын естен шығармаған абзал. Ағылшындарда «Бала дүниеге келерден бір ғасыр бұрын тәрбие қалыптасады» деген астарлы сөз бар. Яғни, бұл ұлттың дәстүрі бірінші қалыптасатынын аңғартады. Шығыс даналығында мынадай сөз бар: «Егер, сен жас ұрпаққа қандай тәрбие беріп жатқаныңды айтсаң, мен жүз ұрпақтан кейін елдің қандай болатынын айтамын». Бұлар қоғам үшін тұрақты дүниелер. Сондықтан рухани даму бастауында ұлттық дәстүр тұру керек. Ислам өркениетінің прогрессивті, моральдік дүниелерін алу қажет. Мәселен, АҚШ өзінің Ата заңын дайындаған кезде Інжілден ар, намыс, мораль туралы бөлімдерін түгелдей енгізген. Соның арқасында АҚШ Конституциясы 270 жылдан бері бір бабы өзгерген жоқ. Тек қана 26 бабына қосымша өзгерістер енді.
Мақалада келесі көтерілген мәселе «Киелі Қазақстан» бағдарламасының мән-маңызын ұғыну керек. Киелі жерлерді іздеп, анықтау қажет-ақ. Десе де, кез келген мемлекеттің басты құндылығы – адам екенін ұмытпаған жөн. Еліміз үшін жанын берген батыр бабаларымызды ұлықтауды да қолға алған абзал. Дүниежүзінде ХХІ ғасырдағы негізгі бағыт – инновация мен адам капиталын дамыту. Сондықтан біздің рухани жаңғыруымыз да осы бір бағытқа қызмет ету керек. Ғылымның, елдігіміздің дамуына атсалысқан қаншама азаматтар болды. Меніңше, әуелі соларды жас ұрпаққа дәріптеген дұрыс. Киелі жерлерді іздестіру тек сонымен шектелмей, сол жерлерімізді ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу жолында жүзеге асу қажет. Сонымен бірге, туристік кластерді дамыту да сөз болады. Осыдан 7-8 жыл бұрын Азия елдері музейлерінің қауымдастығына кіру жөнінде мәселе көтергенбіз. Өзбекстандағы Бұхара, Хиуа, Хорезм бұл қауымдастыққа кіріп, сол кластерда тұр. Қынжылтарлығы, біздің музейлер бұл ұйымға әлі де кірмеді. Сондықтан туризмді өркендету үшін осындай халықаралық ұйымдармен жұмыс жасау қажет. Тағы бір айтатыны, Шымбұлақтағы қонақүйлер Куршавель­дегіден қымбат. Бұл да сырттан турист тартуға кедергі. Сол сияқты Бурабайдағы демалыстың бағасы да көңіл көншітпейді. Қызмет көрсету сапасын көтермесе, мәселе оңынан шешілмейді. Сондықтан жақын елдерден турист тартудан бастаған жөн. Бір мысал, Грекияға биылдың өзінде 24 млн турист келген. Дәл сондай, Египетке, Париждегі Луврға жыл сайын миллионда­ған саяхатшы келеді. Бізде бұл бағытты қалыптастыру үшін «Алтын адам» сынды тарихи ескерткіштерімізді туристік бағытқа бейімдеп, жұмыстар жасалу керек. Еліміздің қай аймағын алсақ та, барлығы туристік бағытты дамытуға сұранып-ақ тұр. Сол себепті, әр өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, тартымды жобалар жүзеге асырылса. Жетісу жерінде, еліміздің оңтүстігінде қаншама жерлер бар. Көкшетау жақта Ботай мәдениеті табылғанын еш ұмытпауымыз керек. Әлемде ең бірінші рет жылқыны қолға үйретіп, қымыз алған жер де – сол. Бұл жерлердің маңызын тарихи ескерткіштер ретінде көтеруіміз керек.
«100 жаңа есім» бағдарламасы да қоғамға үлгі болар азаматтарды жинақтау мақсатында қолға алынды. Бірақ ол мін­дет­ті түрде 100 емес, одан да көп не аз да болуы мүмкін. Сондықтан мұндағы мақсат – осы атқа лайықты тұлғалар іріктелсе, яғни, сан емес, сапаға мән берілсе. Рухани жаңғыруда тағы бір ескеретін жайт, осы уақытқа дейін сызу пәні түгелімен алынды. Кезінде Еуропада реннесанс, яғни, жаңғыру жа­саған азаматтар суретшілер мен архитек­торлар болған. Сондықтан мектеп бағ­дарламасында бұл пәнді сақтау керек. Рухани жаңғыру балабақшадан бастау алып, мектепте одан кейін жоғары оқу орнында дами түседі.
Елбасымыз рухани жаңғыруға қатысты үлкен міндеттер қойып, алдымызға мақсаттар қойды. Сонымен бірге, дамыған 30 елдің қатарына кіруді басты меже етіп қойдық. Дамыған елдер алдымен адам капиталын шығарады. Мұнда адамды жан-жақты дамыту: білімі, денсаулығы, тұрмыс деңгейі сынды 57 критерийлері бар. Біз соған көңіл бөлуіміз қажет. 30 дамыған елге кірудің ең бірінші критерийі – адам капиталының деңгейі. Екінші мәселе, инновацияны дамытып, экономиканы соған ауыстыру қажет. Рухани жаңғыру осы бағыт-бағдарды ұстанса құба-құп.

Жанұзақ ӘКІМ,
Халықаралық адам институтының президенті

Бөлісу:

Пікір жазу


*