EXPO – экономика драйвері

955
0
Бөлісу:

Үш айға созылады деген «EXPO – 2017» халықаралық көрмесінің мәреге жетуіне де айға жуық уақыт қалды. Қазірдің өзінде айтулы шараның ел, Астана экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқандығын статистика жоққа шығармайды. «Астана EXPO – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің мәліметіне қарағанда, нақты сандарға сүйенсек, көрменің экономикалық дамуымызға, инновация, мәдениет саласында, еліміздің танымалдығын арттыруда үлкен нәтиже бергендігін сенімді түрде айтуға болады.

Тек Астананың өзінде эконо­микалық қызметке жан біткені бай­қалады. Бұл мәліметті қала әкімшілігі мен статистика органдары да жоққа шығармайды. Тұрғын үйді пайдалануға беру 33 пайызға, сауда айналымы 20 пайызға өскен. Сауда ойын-сауық орталықтарына келушілердің қатары екі есеге артқан. Әу баста күткен­дегідей, әсіресе, туризм саласының бойына қан жүгіргенін аңғару қиын емес. Туроператорлардың қызметіне жүгіну­шілер саны 78 пайызға өскен. Туристер легінің көбеюіне ашық аспан кеңістігін жариялағанымыз да өз тиімділігін көрсетуде. Әуерейстерінің саны мен жиілігі артты. Хельсинки, Будапешт, Варшава сынды жаңа рейстер ашылды. Күнделікті 7 мың адам әуерейстерімен, 16 мың адам жолаушы көліктерінің көмегімен келіп жатыр. Жалпы, халықаралық көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп жос­парланған болса, бұл меже
4 тамыздың өзінде, яғни, айтулы шараның аяқталуына 37 күн қалғанда бағындырылды. Демек, алдағы бір айда көрмеге келушілердің қатары бұрын­ғыдан да арта түсері сөзсіз.
Ахметжан Есімов шілде айының өзінде қызмет көрсету саласы бойынша салықтың түсімі 2,5 есеге артқанын тілге тиек етеді. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік саласында да өсім байқалады.
– EXPO – 2017 – шетелдік қо­нақтардың, туристердің, ресми деле­гациялардың көптігі жағынан ел тари­хындағы ең ірі халықаралық көрме. Әр күні түрлі мемлекеттердің ұлттық күндері өтуде. Көрмеге барлығы 115 мемлекет пен халықаралық ұйым­дардың өкілдері қатысуда. Олар өздерінің инновациялық зерттеулері мен алуан түрлі мәдени бағдарла­ма­ларын ұсынуда, – дейді А.Есімов.
Биылғы Астана экономикалық форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев EXPO құрылысына еліміз 1,3 миллиард доллар қаражат жұмса­ғандығын айтқан болатын. Сондай-ақ демеушілік қолдау білдіргендер де бар. Бір айта кетерлігі – EXPO құрылысын негізінен, отандық компаниялар жүр­гізіп, отандық құрылыс материалдары пайдаланылды.
EXPO – 2017 халықаралық көрмесі бірінші кезекте инфрақұрылымның: жол, қоғамдық көлік, коммуналдық шаруа­шылық, әуежай мен вокзал, EXPO құрылыс нысанының дамуына тың серпін берді. Қаншама жаңа жұмыс орындары ашылып, ел тұрақты жұмыспен қамтылды.
Елордада шағын және орта кәсіп­керліктің дамуына ықпал етті. Халыққа қызмет көрсету саласы, қонақүй бизнесі мен ішкі туризм дамыды. Мұндай жағдайда белсенді мәдени қарым-қатынас дамып, елімізді өзге мемлекеттердің тануы арта түседі.
EXPO – 2017 аясында 6 мыңға жуық түрлі шаралар өткізілу жоспар­ланған. Көрме аяқталған соң, бұл ин­фра­құрылымның бәрі ел мүддесі үшін пайдаланылады. Нысандар «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығына бері­леді. Елбасының тапсырмасымен көр­ме базасында IT-орталығы мен БҰҰ-ның қолдауымен Халықаралық «жасыл технологияны» дамыту орталығы жұмыс істейтін болады. Демек, EXPO-дан бастау алған игі шаралар одан әрі жалғасын тауып, ел эконо­микасының дамуына алдағы уақытта да оң ықпалын тигізеді деген сөз.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*