EXPO – экономика драйвері

Үш айға созылады деген «EXPO – 2017» халықаралық көрмесінің мәреге жетуіне де айға жуық уақыт қалды. Қазірдің өзінде айтулы шараның ел, Астана экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқандығын статистика жоққа шығармайды. «Астана EXPO – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің мәліметіне қарағанда, нақты сандарға сүйенсек, көрменің экономикалық дамуымызға, инновация, мәдениет саласында, еліміздің танымалдығын арттыруда үлкен нәтиже бергендігін сенімді түрде айтуға болады.
Тек Астананың өзінде экономикалық қызметке жан біткені байқалады. Бұл мәліметті қала әкімшілігі мен статистика органдары да жоққа шығармайды. Тұрғын үйді пайдалануға беру 33 пайызға, сауда айналымы 20 пайызға өскен. Сауда ойын-сауық орталықтарына келушілердің қатары екі есеге артқан. Әу баста күткендегідей, әсіресе, туризм саласының бойына қан жүгіргенін аңғару қиын емес. Туроператорлардың қызметіне жүгінушілер саны 78 пайызға өскен. Туристер легінің көбеюіне ашық аспан кеңістігін жариялағанымыз да өз тиімділігін көрсетуде. Әуерейстерінің саны мен жиілігі артты. Хельсинки, Будапешт, Варшава сынды жаңа рейстер ашылды. Күнделікті 7 мың адам әуерейстерімен, 16 мың адам жолаушы көліктерінің көмегімен келіп жатыр. Жалпы, халықаралық көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланған болса, бұл меже
4 тамыздың өзінде, яғни, айтулы шараның аяқталуына 37 күн қалғанда бағындырылды. Демек, алдағы бір айда көрмеге келушілердің қатары бұрынғыдан да арта түсері сөзсіз.
Ахметжан Есімов шілде айының өзінде қызмет көрсету саласы бойынша салықтың түсімі 2,5 есеге артқанын тілге тиек етеді. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік саласында да өсім байқалады.
– EXPO – 2017 – шетелдік қонақтардың, туристердің, ресми делегациялардың көптігі жағынан ел тарихындағы ең ірі халықаралық көрме. Әр күні түрлі мемлекеттердің ұлттық күндері өтуде. Көрмеге барлығы 115 мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Олар өздерінің инновациялық зерттеулері мен алуан түрлі мәдени бағдарламаларын ұсынуда, – дейді А.Есімов.
Биылғы Астана экономикалық форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев EXPO құрылысына еліміз 1,3 миллиард доллар қаражат жұмсағандығын айтқан болатын. Сондай-ақ демеушілік қолдау білдіргендер де бар. Бір айта кетерлігі – EXPO құрылысын негізінен, отандық компаниялар жүргізіп, отандық құрылыс материалдары пайдаланылды.
EXPO – 2017 халықаралық көрмесі бірінші кезекте инфрақұрылымның: жол, қоғамдық көлік, коммуналдық шаруашылық, әуежай мен вокзал, EXPO құрылыс нысанының дамуына тың серпін берді. Қаншама жаңа жұмыс орындары ашылып, ел тұрақты жұмыспен қамтылды.
Елордада шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпал етті. Халыққа қызмет көрсету саласы, қонақүй бизнесі мен ішкі туризм дамыды. Мұндай жағдайда белсенді мәдени қарым-қатынас дамып, елімізді өзге мемлекеттердің тануы арта түседі.
EXPO – 2017 аясында 6 мыңға жуық түрлі шаралар өткізілу жоспарланған. Көрме аяқталған соң, бұл инфрақұрылымның бәрі ел мүддесі үшін пайдаланылады. Нысандар «Астана» халықаралық қаржы орталығына беріледі. Елбасының тапсырмасымен көрме базасында IT-орталығы мен БҰҰ-ның қолдауымен Халықаралық «жасыл технологияны» дамыту орталығы жұмыс істейтін болады. Демек, EXPO-дан бастау алған игі шаралар одан әрі жалғасын тауып, ел экономикасының дамуына алдағы уақытта да оң ықпалын тигізеді деген сөз.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ