260 миллиард инвестиция қайдан келді?

1318
0
Бөлісу:

Инвестиция кез келген мемлекеттің экономикасын көтеруде жетекші рөл атқаратыны белгілі. Қазақстан – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін болашағынан үміт күттіретін салаларға сырттан келетін қаржыны ұтымды үйлестіруден өз тәжірибесі бар мемлекеттердің бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жиырма бес жылында ел экономикасына сырттан тартылған тікелей инвестиция көлемі  1 млрд АҚШ долларынан 260 млрд АҚШ долларына дейін өскен. Мемлекет басшысы  Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында: «Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс» деп, бұл ең алдымен, әлем мемлекеттерінің Қазақстанға деген құрметі мен сенімін білдіретінін атап өтті.

2016 жылы Дүниежүзілік банк жария­ла­­ған «Экономикалық тәуелсіздік» рей­тин­­гін­де Қазақстан 200-ден астам мем­ле­кет­тің ішін­де 42-орынға тұрақтап, ТМД шең­­бе­рін­де көшбасшы атанды. Мәселен, Еу­ра­зия­лық экономикалық одаққа кіретін Бе­ларусь мемлекеті мен Ресей 104 және 114-ші орындарды иеленген. Аталған ба­ға­лау индекстерінде еліміз сот жүйесінің да­муы, кәсіпкерлік жүргізудегі еркіндік, қар­­жылық тәуелсіздік, салықтық жеңіл­дік­тер аталымдары бойынша үздік нәтиже көр­­сетіп, Польша, Түркия, Бельгия мен Румынияны артта қалдырған.
Forbes журналының «Кәсіпкерлік жүр­гізу үшін ең үздік ел» рейтингінде Қазақ­стан 58-орында болғанымен, «Инвестор­лар­ды қорғау» көрсеткіші бойынша тізімді бас­тап тұрған 3 елдің қатарына кіріп, атал­ған рей­тингте үздік деп танылған Швециядан (19-орын) оқ бойы озды.
90-жылдары Қазақстанға келген тұң­ғыш ин­весторларға жерасты шикізаттарын өн­діру қызығушылық тудырса, жыл өткен сайын шетелдік кәсіпкерлер үшін дайын өнім шығару саласының тартымдылығы ар­­тып келеді. Сөзімізді статистикалық де­рек­термен түйіндесек, 1991-2009 жылдары Қа­­зақстан экономикасына құйылған
1 трлн 221 млрд 239 млн теңге инвестиция­ның 122 млрд 508 млн теңгесі өңдеу сала­сына ба­ғытталса, 2010-2015 жылдары тар­тылған 5 трлн 804 млрд 300 млн теңге кө­ле­міндегі қар­жының өңдеуші секторға ар­налғаны – 624 млрд 408 млн теңге.

Қазақстанда қолайлы инвес­тициялық климат орнату мақсатында, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ҚР Инвестициялар және даму ми­нистрлігінің жанында «Бір терезе» жүйесі жұмыс істейді. Қазірдің өзінде шетелдік инвесторлардан келіп түскен 5,5 мың өтінішті қарап үлгерген жүйенің басты мақсаты – кәсіпкер­лерді артық қағазбастылықтан арылтып, әкімшілік кедергілерді барынша қысқартуға жағдай жасау.
Жалпы, инвесторлардың белгілі бір нарықты қаржыландыруға ынталы болуына бірнеше фактор әсер етеді: елдегі саяси тұрақтылық, қаржылық қайтарымы жөнінен сәтті деп баға­ланған нысандардың болуы (эконо­микалық салалар), кәсіп жүргізудің қолайлылығы, кәсіби білікті жұмысшы күші, мемлекеттік қолдаулар, ынталандыру шаралары, т.б.
Қазақстанның 130-дан астам ұлтты бір шаңырақ астында біріктіріп отырған бейбітшілігі мен Еуропа мен Азия арасындағы ірі транзиттік әлеуеті, шикізатты шетелден тасымалдау мәселесінің жоқтығы, дайын еңбек нарығы, мемлекеттік үйлестіру шара­ларының ұтымдылығы 25 жылдағы инвестиция көлемінің бірнеше есе артуына себеп болды. Тіпті мұнай бағасының күрт төмендеп, әлем елдері экономикалық қиындықтарды басынан кешірген жылдары да елімізге ағылған инвесторларды жоғалтып алған жоқпыз.
Инвесторлар үшін қарастырылған жеңілдіктерді одан әрі оңтайландыру мақсатында, 2017 жылдың қаңтар айынан бастап, 55 мемлекетпен «визасыз режим» орнатылып, заң жобасына Қазақстанда кәсіпкерлікті бастау бойынша рұқсат алу шараларын қысқарту туралы өзгертулер енгізілді және ірі инвесторлардың қатысуымен болатын даулы оқиғаларды шешу үшін арнайы Сот коллегиясы құрылды.
Қазақстанға келетін тікелей инвестициялардың 4,1% – құрылыс, 11,1% – сауда, 18,4% – өңдеу өнер­кәсібі, 23,6% кәсіби және ғылыми-техникалық сала, 34,3% – тау-кен өндірісіне салынады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздің экономикасына қаржы құятын ең ірі 6 елдің қатарына : Нидерланды (7,7 млрд $), АҚШ (3,4 млрд $), Швей­цария (2,6 млрд $), Франция (1,1 млрд $), Қытай (1 млрд $) және Ұлыбритания (685 млн $) кіреді.
Биылғы Жолдауда ел Президенті Н.Назарбаев: «Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Ны­сандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет. Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын за­манауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомо­бильдерін ірі құрылғылардан құрас­тыратын зауыт. Қажетті инфрақұры­лым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын. Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвес­тициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек» деген нақты тап­сырмалар берген болатын. Осы орайда әзірленген Инвестиция тарту мен сақтап қалу бойынша Ұлттық стратегия жобасы мен барлық трансұлттық корпорациялармен Үкіметтің атынан келіссөздер жүргізетін жаңадан құрылған Kazakh Invest ком­паниясының қызметі отандық өндірістің тамырына қан жүгіртетін көлемді жобаларға мұрындық болады деген үміт бар.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*