Жаппай кәсіпкерлік жарқын келешекті түзеді

1345
0
Бөлісу:

Алдағы бес жыл ішінде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге алпыс мыңға жуық отбасы қоныстанатын болды. Бұл туралы кеше Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиында 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасының және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов өнімді жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 2017 жылдың 7 айындағы жұмыстың қорытын­дыларын шығарды. Оның дерегінше, Өнімді жұмыспен қамту мен жаппай кәсіп­керлікті дамыту бағдарламасы аясында 2017 жылы бюджеттен 85,3 миллиард теңге жұмсау қарастырылған.
– Қазіргі уақытта бағдарламаға қатысуға 276,2 мың адам ниет білдіріп, оның ішінде 248,4 мың адам немесе 90 пайызы бағдар­лама қатысушылары қатарына қосылды. 200 мың адам немесе қатысушылардың 80,5 пайызы – жұмыссыз, 48,4 мың адам немесе 19,5% пайызы өзін жұмыспен қамтығандар саналады. Жеті ай ішінде жұмыспен қамтылған 213,9 мың адамның 83,4% пайызына немесе 178,3 мың адамға міндетті зейнетақы жарнасы аударылып тұрады. Дегенмен еңбекпен қамтылған­дардың ішінде 56,1% пайызы немесе 119,9 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты, – деді вице-министр.
Бағдарлама бірнеше бағыттан тұрады. Оның бірінші бағыты аясында «техни­калық-кәсіби біліммен және қысқа мерзімдегі кәсіби оқумен қамтамасыз ету» көзделген. ҰБТ-дан өтпеген және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап, тегін кәсіби және техникалық білім берумен қамтамасыз етіледі. 21 мыңға жуық жас бағдарлама есебінен 2,5 жылға техникалық-кәсіби оқуға жіберіледі, олардың оқулары­ның ақысы әрі шәкіртақысы, жол жүруге жұмсайтын ақшалары төленеді және күніне бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ биылғы 1 сәуірден бастап, нарықта сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіптер бойынша жұмысшы мамандарды қысқа мерзімді кәсіби оқыту жұмыстары басталды. Бүгінде қысқа мерзімдік курс­тарға 27,7 мың ересек адам бағытталған. Алматы мен Қызылорда облыстарында жұмыс берушілер жанындағы оқу орталықтарында да оқу басталыпты.
5 өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай облыстарында пилоттық режимде мобильді оқу орталықтары арқылы қысқа мерзімге арналған кәсіби оқыту сынақтан өтпек. Қазір Ақтөбе, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мобильді оқу орталықтарын жеткізу бойынша қызмет көрсетушілермен шарттар жасалса, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында байқау про­цедура­­лары өткізілуде.
Екінші бағыт «жаппай кәсіпкерлікті дамытуға» бағытталған. Бұл мақсатта жаңа бағдарламада несиелеу ауқымы кеңейіп, оған тек ауыл емес, қала тұрғындары да қатысатын болып шешілді. Несиенің ең жоғарғы сомасы 18 млн теңгеге дейін өсті, берілу мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруа­шылығымен немесе ауыл шаруашы­лығы кооперативін құрумен айналысқан жағдайда 7 жылға дейін ұзайды. Түпкі қарыз алушыға жылдық несие мөлшер­лемесі 6 пайыздан аспайтын көрінеді.
Бағдарламаға «Даму» қоры, «Қаз­Агроның» еншілес ұйымдары – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Аграрлық несие корпорациясы» және «Қазагрогарант» қаржы институттары жұмылдырылған.
Несиелердің қолжетімділігін арттыру мақсатында несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілді: істі жаңадан бастап жатқандар несиесінің – 85% пайызына дейін, бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлерге – 50% пайызына дейін мемлекет кепілдік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйры­ғымен бекітілген «Ауылда шағын несие беру ережелерінде» шағын несие алуға қажет құжаттардың саны жеке тұлғалар үшін 30-дан 14-ке дейін, заңды тұлғалар үшін 9 құжатқа дейін қысқартылды.
Нәтижесінде, 7 айда ауылда 3 102 шағын несие берілген, оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 2 581 адам, «Аграрлық несие корпорациясы» (шағын несиелеу ұйымдары мен несиелік серіктестіктер) арқылы тек 521 адам несиеленген. Бұл ретте 1 886 адам бағдарлама қаражаты есебінен шағын несие алған (5800 шағын несие). Ең көп шағын несие Оңтүстік Қазақстан (922) және Павлодар (144) облыстарында берілген.
Үшінші бағыт «халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді және еңбек ресурс­тарының ұтқырлығын арттыру ар­қылы еңбек нарығын дамытуды» көздейді. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасынан 213 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылыпты. Соның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 18 мың адам (жоспардың 109,7%-ы), қоғамдық жұмыстарға – 61 мың адам (78,5%) орналас­тырылған. 15 мың жас маман (жоспар­дағыдан 88,2%) «жастар тәжірибесіне» қатысуда. Тағы шамамен 120 мың адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс берушілердің бос жұмыс орын­дарына орналасты.
Қазақстандағы еңбек ресурстары шектен тыс көп өңірлерден адамдарды жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру науқаны да осы бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Еңбек ұтқырлығын арттыру шаралары аясында бағдарламаны тәжіри­беде шыңдау мақсатында, елдің солтүстік және орталық облыстарындағы жұмыс берушілердің қатысуымен жұмыс қолы артық өңірлерде 5 өңіраралық бизнес-форум өткізу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында көшті қабылдайтын солтүстік өңірлердегі жұмыс берушілердің атсалысуымен «өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкелері» өтті.
Жалпы алғанда, биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 442 отбасы көшірілді, олардың 172-сі – еңбекке жарамды адам­дары мол аймақтардан көшірілген ішкі қоныс аударушылар.
Айтқандай, осы бағытта бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізу, азаматтардың ерікті қоныс аударуын одан ары ынта­ландыратын қосымша шаралар жос­парлануда екен. Біріншіден, қоныс аудару­шыларға көшуге және баспана жалдауға субсидия беру, сондай-ақ қоныс аударушы­ларды орналастыру мәселелерін толық шеше отырып, тұрақты жұмысқа қабыл­дайтын жұмыс берушілерді де субсидиялау көзделуде. Екіншіден, «Тұрғынүйқұрылыс­жинақбанкі» арқылы қоныс аударушыларға қарыз бен субсидия берудің оңайлатылған жүйесі ендірілмек. Үшіншіден, байқау өткізусіз-ақ, оларға бау-бақша өсіруге, коммерциялық мақсаттарға және ауыл шаруашылық қызметіне тегін жер телімдерін беру қарастырылады. Бұған қоса, «Бизнес-бастау» жобасы бойынша оқудан соң жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру, қоныс аудару жеріне қарамастан «Серпін – 2050»-дің «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша түлектерді бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу ұсынылуда.
Үкімет отырысынан кейін жур­налистерге сұхбат берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Нұрымбетов қосымша шаралар арқасында 2018 жылдан бастап, 2022 жылға дейін оңтүстік облыстардан 59 мың отбасыны еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныстандыруға болатынын мәлім етті. Яғни, қазіргі квота өседі.
– 2017 жылға осы «еңбекке жұмылдыру» бағытына 710 млн теңге қарастырылған. Бұл ақша 288 отбасының қоныс аударуын қамтиды, себебі қазіргі уақытта ішкі қоныс аударуға квота қарастырылған. Көрсетілген сома көшуге берілетін материалдық көмек пен 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдауға жұм­салған шығындарды өтеуге берілетін субсидиядан тұрады. Оның мөлшері елді мекеннің орналасқан жері мен отбасы мүшелерінің санына байланысты әр отбасыға 34 мыңнан 68 мың теңгеге дейінгі аралықта қаражат беріледі, – деді вице-министр.
Жауапты министрлік оңтүстік аймақ­тардан халқы азайып, жері бос қала бастаған теріскейге көшушілер легін арттыра түсуді ойластыруда.
–Талдау жұмыстарын жүргіздік, оның қорытындысы көрсеткендей, еліміздің солтүстік өңірлеріндегі қазіргі демогра­фиялық жағдай сақталса, тек таяу 5 жылдың ішінде ондағы экономикалық белсенді халық саны 167 мың адамға азаяды. Сол себепті, солтүстік өңірлерге көшуге ниет білдірген адамдардың бастамасына қуатты қолдау білдіруіміз қажет. Енді қарас­тыры­лып қойған субсидияларға қосымша құралдарды ұсынып отырмыз және қар­жыландыру мәселелерін пысықтап жатырмыз, – деді вице-министр.
Үкімет отырысында Өнімді жұмыс және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өзге де ведомство басшы­ларының есептері тыңдалды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің ай­туын­ша, 2017-2021 жылдар аралығында ең­бек нарығының талаптарын ескере оты­рып, 320,5 мың адам техникалық және кә­сіп­тік білімі бар кадрлар даярлауға тартылады.
–Аймақтарда кадрлар даярлау бойынша үміткерлер тізімін құратын 1844 мобильді топ құрылды. Сервис және қызмет көрсету, техникалық, технологиялық, ауыл шаруа­шы­­лығы салаларында 586 біліктілік бойын­ша жұмысшы кадрларын даярлау үшін 317 білім беру ұйымынан және 271 басымдықты мамандықтан тұратын тізім анықталды. Бағдарламаның қатысушылары санатына оқу орындарына түспей қалған 9-11 сынып­тардың түлектері, жұмыс іздеп жүргендер, өмірдің қиындығына тап болғандар, аз қамтылған отбасылардың мүшелері және басқа да санаттағы азаматтар жатады. Бағдарлама қатысушыларына шәкіртақы төленеді, бір рет ыстық тамақ беріледі және жолақысы төленеді, – деді Е.Сағадиев.
Оның ақпарынша, қазіргі кезде кадрлар даярлауға үміткерлерден 12 771 өтініш келіп түсіпті.
Осы күні Үкімет отырысында «Биз­нестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері де талқыға са­лынды.
– 2017 жылы бұл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 49,1 млрд теңге бөлінді. Оның 30 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттер арқылы қарастырылған. Өткен жылдың қорытын­дылары бойынша Бірыңғай бағдарламаның қатысушылары 204 млрд теңге сомасында салық төледі. Олар шығарған өнімнің жиынтық пайдасы 3,3 трлн теңгені құрады. 47,5 мың жұмыс орны сақталды және құрылды, – деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Ол 1 шілдедегі жағдай бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқасында 1024 кәсіпкер өз жобаларының қаржы­ландыру шарттарын жақсарта алғанын атап көрсетті. Арзандатылған несиелер сомасы 90,1 млрд теңгені құрады. Берілген субси­диялардың жалпы көлемі 17,5 млрд болды.
–Бұлар сыртында 505 кәсіпкер 17,1 млрд теңге сомаға несиелер бойынша кепілдік ала алды. Кепілдіктердің жалпы мөлшері 6,8 млрд теңгені құрады. 15 млрд теңге сомаға шағын және орта бизнес субъектілерінің 25 жобасына жетіспейтін инфрақұрылым жүргізілді. Жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 221,4 млн теңге сомаға 114 мемлекеттік грант берілді, – деді министр.
Бұдан басқа, 14 мың жаңа және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер бизнес-тәжірибелерден өтті және кәсіпкерлік негіздерін оқып үйренді.
Ағымдағы жылы несиелерді кепіл­дендіруге және мемлекеттік гранттарды беруге облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті бюджеттерінде шығындар көзделіп отыр. Бұл өзгерістер жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімді­лігін арттыруға бағдарлайды.
– Биыл бюджеттік қаражатқа қосымша қажеттіліктер жергілікті бюджеттердің есебінен қаржыландырылуда. Істің мұндай беталысы әкімдіктерді неғұрлым нақты есеп жүргізуге және кәсіпкерлердің нақты жобаларына қаржы бөлуге ын­таландырады. Бұл мүмкіндіктерді қазірдің өзінде Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері пайдаланып отыр, бұларда 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінген, – деді еліміздің бас экономисі.
Оның айтуынша, экономиканы несиелеудің ішкі нарығындағы ағымдағы жағдай «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына тұжырымдамалық өзгерістер енгізуді талап етеді. Мәселен, министрлік мемлекет субсидиялайтын несиенің ең жоғарғы межесін бір деңгейде ұзаққа бекітпеуді ұсынады.
–Несиелер бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін енгізу қажет. Бүгінде субсидиялау жүзеге асырылатын несиелер сыйақысының шекті көлемі 19 пайыздан аспауға тиіс. Бірақ еліміздегі қарыздардың өзіндік құнының бағдары болып табылатын Ұлттық банктің базалық ставкасы небары 10,5% пайызды құрайды. Іс жүзінде мемлекет несие қаржыларының құнын едәуір артық төлеп отыр! – деді Тимур Сүлейменов.
Бұдан басқа, 180 миллионға дейінгі несиелерді субсидиялау кезінде Өңірлік үйлестіру кеңестерін қатыстырмау ұсынылып отыр. «Бүгінде 180 млн теңгеге дейінгі несиелерді ӨҮК-сіз кепілдендіру тәжірибесі бар. Бұл берілген несиелер санын осындай өзгерістер енгізілген күннен бастап екі еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік берді», – деді министр.
Оның айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін қазіргі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр. Бірыңғай бағдарламадан сондай-ақ ірі кәсіпкерлік субъектілері алып тасталмақ: «Өңірлердегі бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігі ірі кәсіпкерлік субъек­тілерінің ауқымды жобаларына мемлекеттік қолдау көрсету салдарынан орын алып отырғанын атап өту қажет. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік қолдау шараларына мұқтаж шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қайта бағдарлайды, 180 млн теңгеге дейінгі кәсіпкерлік жобалары бойынша қабылданған шешімдердің жеделдігін арттырады», – деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер Бақытжан Сағынтаев жұмыспен қамту мен бизнесті қолдау бағдарламаларын орындау бойынша ағымдағы жағдайды саралап, сондай-ақ оларды жақсарту және одан ары іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Бақытжан Сағынтаев министр­ліктердің есептеріне сәйкес, бүгінгі таңда бағдарламаны іске асыру бойынша әр облыстың қандай орында келе жатқаны айқын көрініп тұрғандығын атап өтті.
Үкімет басшысы әкімдерге жұмысты жалғастыруды және бағдарлама құралдарын жетілдіру бойынша айтылған ұсыныстарды ескеруді тапсырды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*