«ДАЛА ҚЫРАНЫ» ЖАТТЫҒУЫ АЯҚТАЛДЫ

Алматы түбіндегі «Іле» әскери полигонындағы «Дала қыраны – 2017» халықаралық бітімгершілік жаттығуы аяқталды.
Қазақстан қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың жетекшілігімен өткен «Дала қыраны – 2017» халықаралық бітімгершілік жаттығуының аяқталу салтанатына оқу-жаттығуға қатысушы мемлекеттердің өкілдері, соның ішінде әскери-дипломатиялық корпустың басшылары НАТО-ның әскери сарапшылары мен АҚШ, Ұлыбритания Біріккен Корольдігі және Солтүстік Ирландия, Түркия Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Қырғызстан Республикасының Қарулы күштерінің бақылаушылары қатысты.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне үндеуінде атап өткендей, Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік жүйесін одан әрі жетілдіруін қолдайды және БҰҰ-ның бейбітшілікті тұрақтандыру бойынша бітімгершілік миссияларының қатарында болатын өз әскери бақылаушыларының санын көбейтпек. Осыған байланысты біз бірлескен
бітімгершілік дайындықтарды жалғастыра береміз. Бүгін мәреге жетіп отырған «Дала қыраны» тактикалық арнайы оқу-жаттығуы соның негізгі буыны. «Дала қыраны» халықаралық оқу-жаттығуын өткізу – қатысушы мемлекеттердің жедел үйлесімділігін және ынтымақтастықты нығайту деңгейін арттырудың маңызды құралы болып табылады, – деп атап өтті Қазақстан қорғаныс министрі қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде.
НАТО-ның ынтымақтастық және аймақтық қауіпсіздік басқармасының директоры, генерал-майор Ян Тофт өз кезегінде, халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығуды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді және оқу-жаттығуы шеңберінде «Жедел әлеует тұжырымдамасы» бағдарламасы бойынша стандарттарға сәйкестігін дәлелдеген қазақстандық «Қазбат» бітімгершілік батальоны жеке құрамының дайындық деңгейіне НАТО өкілдерінің ресми берген оң бағасын баршаға жариялады.
«Дала қыраны» тактикалық арнайы оқу-жаттығуы «Қазбаттың» қатысуымен 2003 жылдан бастап өткізіліп келеді. 2012 жылдан бастап, «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» шеңберінде өтетін оқу-жаттығуға қатысушылардың көбі тартыла бастады. Біздің бітімгершілік батальонымыз жыл сайын жақсы нәтижелерді көрсетіп жүр. Бұл күндері Қарулы Күштеріміздің «Қазбаттан» басқа бірнеше әскери бөлімшелер халықаралық жарыстарға қатысып, алдыңғы орындардан көрінуде.
Қазақстандық жауынгерлер қазіргі кезде «Отар» 40-әскери базаның аумағында өтіп жатқан тағы бір халықаралық шара – Армия ойындарына қатысуда. Қазақстан Қарулы Күштері қызметкерлерінің құрама командасы «Мергендер шебі» байқауының алғашқы үш жаттығу нәтижесі бойынша алда келе жатыр. Жарысқа қатысушылар нысананы дәл көздеп атудан өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті. Байқаудың бұл түріне қатысушы елдердің саны былтырғыдан көбейіп, Өзбекстан, Оңтүстік Африка республикасы, Таиланд, Бангладеш және Әзірбайжан қосылды.
Қытай елінде Қазақстан, Қытай, Иран, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасы Қарулы Күштерінің десантшылары өзара жарысып жатыр. Қазақстандық десантшылар «Десанттық взвод» байқауының екінші кезеңінде Қытай Халық-Азаттық армиясының жауынгерлерінен кейін екінші орынды иемденді. Алты елдің десантшы-жауынгерлері жеке қаруларымен 3 шақырым қашықтыққа марш жасап, уақытқа жүгірді. Сайыс барысында олар оқтан да, оттан да, судан да өтіп, барлық кедергілерді артқа тастады. Біздің десантшылар нағыз жауынгерлік рухтарын, қайсарлықтарын көрсетті.
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің теңізшілері Халықаралық ынтымақтастық жоспарына сәйкес, Баку қаласында әзірбайжандық теңізшілермен тәжірбие алмасып, бірлескен суасты дайындықтарынан өтуде. Бірлескен жаттығулар барысында олар су астындағы апатты жағдайлар және іздестіру-құтқару жұмыстарының техникаларын пысықтап, тәжірибе жинақтауда. Жаттығудың бағдарламасына терең судың түбінде дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу, арнайы «БК» барокамерасын және «Скуба» су астында тыныс алу құралын пайдалану кіреді. Қазақстан Қарулы Күштерінің әр саладағы жауынгерлік бөлімшелері осылайша, өз бағыттары бойынша халықаралық жарыстарға қатысып, әлемдік деңгейдегі сынақтардан өтуде. Жауынгерлеріміздің үлкен додада көрсетіп жатқан нәтижелері жаман емес.
Қайыржан ТӨРЕЖАН