«ДАЛА ҚЫРАНЫ» ЖАТТЫҒУЫ АЯҚТАЛДЫ

1060
0
Бөлісу:

Алматы түбіндегі «Іле» әскери полиго­нын­дағы «Дала қыраны – 2017» халықаралық бітімгершілік жаттығуы аяқталды. 

Қазақстан қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың жетек­ші­лігімен өткен «Дала қыраны – 2017» ха­лық­аралық бітімгершілік жаттығуының аяқ­талу салтанатына оқу-жаттығуға қатысушы мем­лекеттердің өкілдері, соның ішінде әс­кери-дипломатиялық корпустың бас­шы­лары НАТО-ның әскери сарапшылары мен АҚШ, Ұлыбритания Біріккен Корольдігі және Солтүстік Ирландия, Түркия Респуб­ли­касы, Тәжікстан Республикасы және Қыр­ғызстан Республикасының Қарулы күш­терінің бақылаушылары қатысты.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне үн­деуінде атап өткендей, Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік жүйесін одан әрі жетіл­діруін қолдайды және БҰҰ-ның бейбіт­ші­лікті тұрақтандыру бойынша бітімгершілік миссияларының қатарында болатын өз әскери бақылаушыларының санын көбейт­пек. Осыған байланысты біз бірлескен
бі­тім­­гершілік дайындықтарды жалғастыра бе­реміз. Бүгін мәреге жетіп отырған «Дала қы­раны» тактикалық арнайы оқу-жат­тығуы соның негізгі буыны. «Дала қыраны» ха­лықаралық оқу-жаттығуын өткізу – қа­тысушы мемлекеттердің жедел үйлесім­ділі­гін және ынтымақтастықты нығайту дең­гейін арттырудың маңызды құралы болып та­былады, – деп атап өтті Қазақстан қор­ғаныс министрі қатысушылардың алдында сөй­леген сөзінде.


НАТО-ның ынтымақтастық және ай­мақ­тық қауіпсіздік басқармасының дирек­торы, генерал-майор Ян Тофт өз кезегінде, ха­лықаралық деңгейдегі оқу-жаттығуды ұйым­дастырушыларға алғысын білдірді жә­не оқу-жаттығуы шеңберінде «Жедел әлеует тұжырымдамасы» бағдарламасы бойын­ша стандарттарға сәйкестігін дәлел­деген қазақстандық «Қазбат» бітімгершілік батальоны жеке құрамының дайындық деңгейіне НАТО өкілдерінің ресми берген оң бағасын баршаға жариялады.
«Дала қыраны» тактикалық арнайы оқу-жат­тығуы «Қазбаттың» қатысуымен 2003 жыл­­дан бастап өткізіліп келеді. 2012 жыл­дан бастап, «Бейбітшілік жолындағы әріп­тестік» шеңберінде өтетін оқу-жаттығуға қа­тысушылардың көбі тартыла бастады. Біздің бітімгершілік батальонымыз жыл сайын жақсы нәтижелерді көрсетіп жүр. Бұл күндері Қарулы Күштеріміздің «Қаз­бат­тан» басқа бірнеше әскери бөлім­шелер ха­лықаралық жарыстарға қатысып, ал­дыңғы орындардан көрінуде.


Қазақстандық жауынгерлер қазіргі кез­де «Отар» 40-әскери базаның аумағында өтіп жатқан тағы бір халықаралық шара – Ар­мия ойындарына қатысуда. Қазақстан Қарулы Күштері қызметкерлерінің құрама коман­дасы «Мергендер шебі» байқауының ал­ғашқы үш жаттығу нәтижесі бойынша алда келе жатыр. Жарысқа қатысушылар ны­сананы дәл көздеп атудан өздерінің кәсі­би шеберліктерін көрсетті. Байқаудың бұл түріне қатысушы елдердің саны былтыр­ғы­дан көбейіп, Өзбекстан, Оңтүстік Африка рес­публикасы, Таиланд, Бангладеш және Әзір­байжан қосылды.
Қытай елінде Қазақстан, Қытай, Иран, Ре­сей және Оңтүстік Африка Республикасы Қарулы Күштерінің десантшылары өзара жа­рысып жатыр. Қазақстандық десант­шы­лар «Десанттық взвод» байқауының екінші ке­зеңінде Қытай Халық-Азаттық армия­сының жауынгерлерінен кейін екінші орынды иемденді. Алты елдің десантшы-жауынгерлері жеке қаруларымен 3 ша­қырым қашықтыққа марш жасап, уақытқа жүгірді. Сайыс барысында олар оқтан да, оттан да, судан да өтіп, барлық кедергілерді артқа тастады. Біздің десантшылар нағыз жауынгерлік рухтарын, қайсарлықтарын көрсетті.
Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің теңіз­шілері Халықаралық ынтымақтастық жоспарына сәйкес, Баку қаласында әзірбайжандық теңізшілермен тәжірбие ал­масып, бірлескен суасты дайын­дық­тарынан өтуде. Бірлескен жаттығулар бары­сында олар су астындағы апатты жағдайлар және іздестіру-құтқару жұмыстарының техникаларын пысықтап, тәжірибе жи­нақтауда. Жаттығудың бағдарламасына терең судың түбінде дәнекерлеу жұмыс­тарын жүргізу, арнайы «БК» барокамерасын және «Скуба» су астында тыныс алу құра­лын пайдалану кіреді. Қазақстан Қарулы Күштерінің әр саладағы жауынгерлік бөлім­шелері осылайша, өз бағыттары бойынша халықаралық жарыстарға қатысып, әлемдік деңгейдегі сынақтардан өтуде. Жауынгер­леріміздің үлкен додада көрсетіп жатқан нәтижелері жаман емес.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*