Криптовалюта кім үшін тиімді?

2610
1
Бөлісу:

Астана экономикалық форумының аясында Президент Н.Назарбаев бүгінде әлемдік экономикалық саясат заман талабына толық жауап бере алмай отырғанын айтқан еді. «Бүкіләлемдік ішкі жалпы өнімнен 2-3 есе көп қарыздың жыл сайын өсіп келе жатқаны, екіншіден, әлемдік экономика дамуының баяулауы, үшіншіден, әлемдік саудадағы кері процестер оған қосымша болып отыр» деді ол. Елбасы форум барысында жаһандық экономиканың қазіргі үлгісі ескіргенін айта келіп, бүкіл әлемге ортақ электронды валютаны енгізуді ұсынды. «Әлемдік қаржы архитектурасын трансформациялау қажеттілігі жетілдіріліп отыр. Халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесіне байыппен қарайтын уақыт жетті. Ол әлемді валюталық соғыстардан, алаяқтықтан арылуға, сауда қарым-қатынастарында қателіктерден жалтаруға, нарықтағы құбылмалықты төмендетуге мүмкіндік береді» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Виртуалды валютаның артықшылығы
Мемлекет басшысының қаржы тех­но­логияларын қолдағаны – елімізде олардың қарқынды дамуына жол ашық деген сөз. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демекші, «болашақтың валютасы» аталып жүрген мұндай қаражат бізге не береді?
«Цифрлық транзакциялардың артық­шылығы ол банктік транзакцияларға қа­ра­ғанда тез жүреді әрі делдалды қажет ет­пейді» деп есептейді әлемдегі ең алғаш­қы биткоин-банктің иесі Bit Trust Services компаниясының басқарушы директоры Магдалена Исбрандт. Оның айтуынша, бұл жағдайда комиссия мүлдем болмайды немесе өте төмен деңгейде болады. Барлық тран­закциялар туралы ақпарат бірыңғай ашық реестрде тіркеліп отырады. Бірақ электронды валюта жүйесінде жасалған операцияларды бақылау қиын. Себебі, әлемдегі ең танымал криптовалюта бит­коин арқылы транзакция жасау үшін еш­қандай дербес мәліметтер қажет емес.
Криптовалютаны саудалайтын көпте­ген биржалар криптовалютада инфляция болмайтынын айтады. Себебі, оның құны қарапайым ақша секілді планетамызды өндіріліп жатқан алтын қорына байла­ныс­ты емес. Бірақ биржалар ұсынған ақпарат көздерінде «биткоин алтын қорына қара­ғанда сенімдірек, себебі, ол 21 млн моне­таға дейін ғана шығарылатыны» айтылған. Одан бөлек, криптовалютадағы жүйені еш­қандай мемлекеттік орган немесе қан­дай да бір орталықтандырылған ұйым ба­қы­ламайды. Желіні пайдаланушы кез келген тұлға кімге және қандай мөлшерде қаражат жіберемін десе де шектеу жоқ. Сарапшылардың айтуынша, крипто­валю­та жүйесі – қазіргі таңда ең сенімді жүйе. Ол «блокчейн» деп аталады. Бұл иннова­ция­лық жаңалықтың туындауына дәл осы крип­товалюта себепші болған. Бірақ оның мүм­кіндіктері тек электронды қаражаттың ая­сында шектеліп қалған жоқ. Бүгінде оны көптеген мемлекеттер мен ірі корпо­рациялар зерттеп жатыр.

Әлемдік тәжірибе
Әлемде криптовалютаны заңдастыру 2016 жылдардан бері байқалып келеді. Еу­­ропа елдері инновацияға ашық бол­ған­дықтан, криптовалютаны экономикаға енгізудің түрлі жолдарын қарастырып, тә­жірибелер жүргізіп жатыр. Дегенмен көп­шілігі әлі де бағытын айқындай алған жоқ. Мысалы, Чехия билігі крип­то­валю­та­­дағы стартап жобаларға тыйым салмаса да, жұмыстарына кедергі келтірмейді. АҚШ-та бұл тұрғыда аздап болса да алға жыл­жу бар. Аздап дейтініміз, ол жерде крип­товалюта жергілікті деңгейде ғана мойындалған. Атап айтқанда, Нью-Йорк шта­ты 2015 жылдың 3 маусымынан бері крип­товалютадағы бизнеске BitLicense ли­цензиясын беретін жергілікті заң қа­былдаған. Аляска штаты бұл бизнесті заң­мен бекітуге әрекет жасап келеді. АҚШ-пен көршілес Канада блокчейн тех­нологиясына негізделген ұлттық валю­та­сын шығару жолдарын қарастыруда.
Батыс қашанда инновацияның ал­дында деген көзқарас қалыптасып қалға­ны­мен блокчейн технологиясын пайда­лану­да Оңтүстік-Шығыс Азия елдері алда келеді. Мысалы, Қытай криптовалютадағы бірлі-жарым компаниялармен жұмыс істейді. Тіпті Қытай билігінің кез келген ше­шімі биржалардағы криптовалюта кур­сына, оның ішінде, биткоинға айтар­лық­тай әсер етеді. Бірақ Қытай крипто­валю­таны қалай белсенді пайдаланса да, Жа­пония әлемдегі ең алғашқы мемле­кет­тің бірі болып биткоинды заңдастырып, та­рихта қалды. Дегенмен онда да әлі тал­қы­ланып бітпеген, шикі мәселелер аз емес.
Wirex блокчейн-платформасының не­гі­зін қалаушы Дмитрий Лазаричев БАҚ-қа бер­ген сұхбаттарының бірінде ком­па­нияларға лицензия беру жұмыста­рын жеңілдету үшін Жапония билігі Bitflyer мен Coinflux атты екі ірі крипто­валю­та­лық биржамен жұмыс істейтіні жайлы айтқан. Оның мәлімдеуінше, күншығыс елі­нің билігі олардың жұмыс істеу прин­цип­терін қадағалап, лицензия беру ереже­ле­рін мұқият зерттейді. Осылайша, ком­па­нияларға билік пен биржа бірге талап қоя­ды. Бірақ билік компанияның сол ел­дің резиденті болуын қатаң бақылайды.
Қарап отырсақ, Оңтүстік Корея да сол ба­ғытта кетіп барады. Жақында өткен президент сайлауынан кейін көптеген ком­пания мен шенді тұлғалар тара­пы­нан мұнда да «криптовалюта заңдасты­рылуы мүмкін» деген болжамдар айтыла бас­тады. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі эко­но­ми­ка­лардан бөлек, Филиппин де крип­товалю­таны төлем құралы деп қабыл­даған. Сонымен бірге, Малайзия Жапо­ния­­дағы криптовалютаны заңдастыру жұ­мыстарының нәтижесіне қарап шешім шы­ғармақ деген ақпарат бар.

Қазақстандағы криптовалюта
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Пре­зидент Н.Назарбаев халықаралық валюта туралы «валюта қарапайым, ол пайда­лану­шыға ыңғайлы болуы тиіс» деген еді. Де­мек, Елбасы соңғы уақытта қалыптасып ке­ле жатқан цифрлық мәдениет пен блок­чейн технологияларының маңыздылығын пайымдап, халықаралық валютаны крип­товалютада құруды ұсынды. «Блокчейн сын­ды технологиялардың дамуын, цифрландыруды есекере отырып, крип­товалюта түріндегі есептік бірлік құруға да болар еді», – деді ол.
Мемлекет басышысы әлемге ортақ вир­туалды валюта енгізуді ұсынғанымен, елі­мізде ол заңды мәртебеге ие болған жоқ. Ұлттық банк бұл тақырыпты әлі де зерт­теу үстінде. Осы мақсатта қаржы рет­теуші құрамында криптовалюта мен ақша сур­рогаттары секілді қаржылық техно­логияларды саралайтын жұмыс тобы бар. Бірақ жыл басында Ұлттық банк еліміздегі криптовалютамен жұмыс істейтін ком­паниялардың қызметі туралы ескерту жа­сады: «Ұлттық банк қазіргі уақытта Қа­зақстанда криптовалюталарды пай­даланып, халыққа инвестициялық қызмет көр­сететін ұйымдардың жұмыс істей­тіндігін хабарлайды. Бұл ұйымдар қазақ­стандықтарға криптовалюталарды сатып алу мақсатында қолма-қол ақша енгізу жолымен, сол сияқты қолма-қол ақшасыз тәртіппен интернет желісі арқылы олар­дың бағдарламаларына қатысуды ұсы­нады». Бір сөзбен айтқанда, біздегі крип­товалютада пайда табуды көздейтін ком­паниялардың қызметінде қаржы пи­рамидаларының элементтері бар.
Әлемдегі ең ірі инвестициялық банкке кредит нарығына арналған блокчейн-плат­форма құрған қазақстандық Талғат Тас­қожаев отандық БАҚ-қа берген сұхба­тының бірінде бізде мұндай технологияны дамытуға ешқандай кедергінің жоқ екен­дігін айтады. «Тек (отандық IT-ма­ман­дар­дың – авт.) нені білу керек, нені істеу ке­ректігінен хабары жоқ. Астанада өтетін жас бағдарламашылардың кездесуінде дәл осы тақырыпты айтпақшымын. Өйткені біздің мамандардың америкалық әріп­тес­терінен еш кемшілігі жоқ. Тек олар бұл әлемдік үрдіске әлі қосылған жоқ», – дейді ол.
Демек, Ұлттық банк ұсынған ақпа­раттар мен мамандардың пікірін сарапқа салсақ, криптовалюта керек. Бірақ біздің елімізде ол тек инвестициялық қызметтер ұсынатын қорлардың деңгейінде ғана да­мып жатыр. Жапонияның үлгісіндегі вир­туалды валюта туралы бізде тек түсінік қа­на бар. Елбасы айтқандай, егер бұл тех­нологияны экономикамызға енгізе ал­сақ, онда онлайн-төлем жүйесі дамып, кө­леңкелі нарық және жемқорлықпен ашық күрес жүргізу мүмкіндігіне ие болар едік.

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*