Жаңа тәсіл белсенді жұмысты талап етеді

1217
0
Бөлісу:

Жоғары оқу орындарына түсу үшін ерікті-волонтер болып жұмыс істеу шарты қойылуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында журналистермен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова хабарлады. Баспасөз конференцияда мемлекеттің халықты әлеуметтік қорғау саясатының биылғы бірінші жартыжылдықтағы қорытын­ды­лары шығарылып, алдағы жоспарлар жария етілді.

– Мектеп түлегі өзіне кәсіп таңдап, әлеуметтік қызметкер немесе әлеуметтік педагог факультетіне құжаттарын тапсырғанда, оның халыққа көмек көрсетуі, атап айтқанда, ерікті болып жұмыс істеу тәжірибесі міндетті түрде болғаны жөн. Ол әлеуметтік қызметкер ретінде маманданғанға дейін әлеуметтік лифтпен жүріп өтуге тиіс. Мәселен, ол, медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыс жасауға, мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім көрсетуге секілді белгілі бір тәжірибе жинақтауы тиіс, – деді вице-министр.
Министрлік басшылығының байла­мынша, бұл шара – жоғары оқу орындарын осы мамандық бойынша бітіргенімен, онда екі-үш айдан артық жұмыс жасай алмайтын, дайын емес адамдарды жүйеден дер уақытында шығарып тастауға жол ашады екен. Себебі, әлеуметтік педагог немесе әлеу­меттік қызметкер мамандығын алған түлектердің 50% өз мамандығы бойын­ша жұмыс жасамайды.
Светлана Жақыпова өз сөзінде Үкіметтің әлеуметтік сала бойынша жүргізіп жатқан жұмысы, мемлекет көмегін алушы барлық тараптар үшін мін­деттер ауқымын жүзеге асыруда кешен­ді әрі жүйелі көзқарасты қажет ететінін айтты.
– Бүгінде екі миллион қазақстандық зейнеткер өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өскен зейнетақы алып үлгерді. Келесі жылдан бастап, 460 мың мүгедек үшін жәрдемақы инфляцияға қатысты жыл сайынғы индексациядан 16%-ға өседі. Жекелеген азаматтар санатына жәрдемақыны өсіруден бөлек, әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғы­р­ту­ды және де көбінесе жария айтыла қой­майтын тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­тан зардап шегушілер, сотталып келгендер, белгілі бір тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар сынды топ­тар­­мен жан-жақты жұмыс істеуді жөн көріп отырмыз, – деді ол.
Вице-министрдің мәліметінше, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері – 14 466 теңге, ең төменгі зейнетақы – 31 245 теңге құрап, 2017 жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша базалық зейнетақы алушылар саны – 2 116 609 адамды, ынтымақты зейнетақыны алушылар қатары 2 099 638 адамды межеледі.
Бірақ бұл көрсеткіштер келесі жылы әр зейнеткер үшін өзгереді. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіру тұрғысында белсенді жұмыс атқаруда.
– Қазіргі зейнетақы төлемдерін тағайындау тәсілі өзгерді. Жұмыспен қамтудың қағаз жүзіндегі түріне итерме­лей­тіндіктен әрі қарай барлық зейнет­ақы түрінің мөлшері зейнетақы жүйе­сіне қатысу мерзімі мен азамат­тардың жинаған қаржысына байланыс­ты болады. Бүгінде зейнетақы зейнет жасы­на жеткендерге, еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз бәріне бірдей тағайындалады. Келесі жылдан зейнет­ақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай беріледі деп көзделуде. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақ­тау­шы зейнетақы жүйесіне зейнетақы ауда­рымдарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынады, – деді С.Жақыпова.
Оның түсіндіруінше, мұндай әдіс, 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнатуға тиіс. 1998 жылға дейінгі 33 жылдан асатын өтілі бар тұлғаларға немесе 1998 жылдан кейінгі өтілін ескере отырып, базалық зейнетақы ағымдағы көлемімен салыс­тырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 12 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнет­кер­лер­дің аталған тобы ынтымақты және жинақ­таушы зейнетақыға қоса, 28 мың теңгені иемденетін болады.
2018 жылдың 1 шілдесінен 2,1 мил­лион зейнеткер үшін базалық зейнетақы 1,8 есеге жоғарылайды. 44,7% ең төменгі күнкөріс деңгейінен 74%-ға көп, ал 45,2% ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100%-ға көп алатын болады. Сонымен қатар зиянды және қауіп­ті еңбек жағдайында жұмыс істейтін азамат­тардың зейнетке ерте шығу шара­лары қарастырылған.
– Егер жұмыскердің өзінің 1998 жылдан аударатын міндетті зейнетақы жарнасының сомасы, сондай-ақ оған жұмыс берушілерінің 2014 жылдан жасай­тын жарнасы және ерікті зей­нет­ақы аударымдарының сомасы зейнет­ақы аннуитетін сатып алуға жеткілікті болса, яғни ер адамның БЖЗҚ-дағы жинағында – 7 098 035 теңге, әйел адамда – 9 890 035 теңге жинақталса, онда ол азамат зейнетке 50 жасында-ақ шыға алады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегіне қарағанда, мұндай құқықты зиянды еңбек жағда­йын­дағы 640 адам пайдаланған. 2019 жылға таман тағы 1000 адам сәйкес аннуитетті сатып алуға қажетті қорға ие болады, – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лі­гінің басшылығы.
С.Жақыпова жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекке де егжей-тегжейлі тоқтала кетті. 2018 жылдың 1 қаңтардан, Елбасының Ұлт жоспары аясындағы тапсырмасына сай, Қазақстан атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа сипатына көшеді. Бұл тұста еңбекке жарамсыз, мемлекет қолдауына мұқтаж азаматтың барлығы сомасы көбейген жәрдемақы алатыны жоспарлануда.
Еңбекке қабілетті азаматтарға әлеуметтік қолдаудың 2 пакеті қамта­ма­сыз етіледі – әлеуметтік көмек және жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу. Сонымен бірге, мемлекет есе­бінен оқу, шағын несие алу, еңбек ресурс­тары тапшы өңірлерге қоныс аудары мүмкіндігі болады.
Жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекке Қазақстанда төртінші жыл «Өрлеу» жобасы іске асырылуда. Қанат­қақты өңірлерде жоба өз тиімділігін дәлел­дегендіктен, бүгінде онымен бар­лық облыс қамтылуда. «Өрлеу» жобасын жүзеге асыруға биыл барлығы 7,1 млрд теңге қарастырылған. Жылдың алғашқы жартысында жобаға қатысқан 107087 адамның 95% жұмыспен қамтылды. Жобаға қатысушылардың жан басына шақ­қандағы орташа табысы 4949 теңгеден 15 325 теңгеге өсті. Тұрақты жұмыс орындарына жобаның барлық еңбекке қабілетті қатысушыларынан 73,3% орналасқан.
Осылайша, жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу арқылы әлеуметтік жәрдемді алушылардың жауапкершілігі күшейіп, жұмыс іздеу мен өзін қамтудағы ынтасы жоғары­ла­мақ. Сондай-ақ аз қамтылған азамат­тардың ел экономикасы мен қоғам өмірін жақсартуға атсалысуы ширамақ. Нәтижесінде, бұның бәрі азаматтардың тұрмыс-тіршілігін көркейтуге септігін тигізетіні көзделуде.
Әлеуметтік қызметтер жүйесін жаң­ғы­рту мәселесін тілге тиек еткен вице-министр бұл реформа 2009 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанына назар аударт­ты. Реформа жемісі ретінде біріншіден, азаматтардың қызмет көрсету ұйымын таңдау мүмкіндігі берілді. Бұған дейін адамдарды 100-600 адам өмір сүретін интернат-үйлерге жіберетін болса, қазір аталған қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар көрсетуде. Бүгінде 106 үкімет­тік емес ұйым 6 мыңнан астам адамды қамтуда. Бұл қадамсыз мемлекет тағы 60 жаңа интернат-үй салуға мәжбүр болар еді; Екіншіден, көптеген ата-ана балаларын отбасында сақтап қалуға ниетті болғандықтан, мамандан­ды­рыл­ған күндізгі бөлімшелер ашылды. Бүгінде бұрын интернат-үйлерде болған алты жүзден астам бала отбасыларына оралып, қызметті күндізгі бөлім­ше­лер­ден алуда. Үшіншіден, арнаулы әлеу­меттік қызметтердің тегін көлемін алу құқығы жоқ азаматтар үшін қоса қар­жы­ландыру мүмкіндігі ұсынылуда.
Қазіргі сәтте сұраныс күшейген­дік­тен, адам саудасы мен зорлық-зомбы­лық құрбандары, белгілі бір тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар сынды санат­тарға арнаулы әлеуметтік қызмет­тер ауқымын кеңейту қажеттілігі туын­дады.
Осыған байланысты, «Болашаққа көзқарас: Қоғамдық сананы жаңғыруы» бағдарламалық мақаласы аясында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесі бағыттарды қамти­тын жаңа Әлеуметтік қызметтер жүйе­сін әрі қарай дамыту тұжырым­да­ма­сын әзірледі. Ол бағыттар аясында ауылдағы қызметтер қолжетімділігін қамтамасыз ету. Себебі, бүгінде үкіметтік емес ұйым­дар негізінен қалаларда жұмыс істеуде. Бұл түйткілді тарқату үшін жеке секторды тарту көзделуде. Сондай-ақ жеке секторды тартуға қатысты қызмет­тер тарифі мен стандарттарды қайта қарастыру. Бұл қағидаттар мемлекеттік меди­­циналық-әлеуметтік мекеме­лер­мен бірге, үкіметтік емес ұйымдардың нақ­ты шығындарын ескере отырып жасалмақ.
Нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі арқасында жаңа стандарттар жасалып, кадрлар даярлау мен қайта даярлау жүйе­сі сүзгіден өтпек. Бұдан тыс, қар­жы­­ландыру тетігінің өзгеруі арқасында еңбекақыны ұлғайту мәселесі көтері­лу­де. Алдағы уақытта Қазақстанда әлеу­мет­­тік қызмет көрсетудің жаңаша ұйым­дастырылуы мемлекеттің, азамат­тың және отбасының ынтымақтаса әрекеттесуіне арқа сүйемек.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*