Үшқоңыр Алатаудың қойнауында…

3622
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп айтқан еді. 

Елбасы да – өз туған жерінің мақтанышы. Үшқоңырдай тамаша жайлауда шыр етіп дүниеге келгенде, Асқақ Алатаудай биік болмыстың бойға қонғаны да туған жерінің қасиеті деп білеміз.
Үшқоңыр – Елбасы балалық шағының аспаны. Болашақ Президенттің бойындағы басқалардан оза шабатын белгілері балалық шағында-ақ бой көрсетіп, бүр жарған беткей де – осы.


Үшқоңыр – Алматы облысы Қарасай ауданындағы төбелі қоныс. Алыстан менмұңдалаған Алатаудың үш шыңы – жайлаудың Үшқоңыр аталуын аңғартып тұрғандай. Көктем-жаз мезгілінде жайлауда жасыл-желек жайқалып, төрт түліктің мол азығына айналады.
Үшқоңыр Майтөбе тауының шығысында 15 ша­қы­рымда, Аршалы кезең асуының (2973 м) солтүстікте бау­райын­да жатыр. Төбенің теңіз деңгейінен биіктігі 1980 метр. Батысында Ұзынқарғалы, шығысында Шамалған өзендері ағып өтеді. Енділеу тауаралық қоныста еріген мұз суынан пайда болған, жағалауы ашық шағын көл жатыр. Қоныс маңында Үшқоңыр және Сауыншы ауылдары орналасқан.
Табиғаты көрікті Үшқоңыр жайлауына демалыс күндері халық көп ағылады. Саф ауа, мөлдір бұлақ, мүлгіген тыныштық адам жанын баурап алады. Кешкілік күнбатарда жайлаудың көрінісі тіпті құлпырып шыға келеді. Сол сәтте жайлауға апаратын жол бойындағы төбелер күннің алтын түсіне малынып, ғажайып сұлулықты паш етеді. Бұл жайлауда болған біздің бір ғана күніміздің көрінісі ғана, ал онымен ғұмырлас болу қандай бақыт десеңізші?!
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген автор

Бөлісу:

Пікір жазу


*