Онлайн-сауданың әлеуеті артып келеді

1812
0
Бөлісу:

Онлайн-сауда – әлемдік экономикадағы жаңа тренд. Жыл сайын қарқын алып келе жатқан жаңа саланың жалпы сауда айналымындағы үлесі Ресейде – 1,6 %, Германияда – 8%, Ұлыбританияда – 10%, АҚШ-та 6,5 пайыз. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайызға жуықтайды. Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміздегі электронды сауда нарығының айналымы 2015 жылы 800 млн долларға жеткен. 2016 жылдың қорытындысы бойынша бұл нарық миллиардтың табалдырығын аттағалы тұр.
ҚР Президенті Н.Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғы­руы: Жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік» атты Жолдауында: Елде 3D-принтинг, онлайн-сау­да, мобильді банкинг, цифр­лық қызмет көрсету секілді ден­сау­лық сақтау, білім беру ісінде қол­да­­нылатын және басқа да перс­пективалы салаларды дамы­ту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты, – деп ғаламтор ар­қылы кәсіп жүргізудің эконо­ми­кадағы маңыздылығын атап өткен еді.

Онлайн-сауданың «отаны» – әлеуметтік желі

Қазір онлайн-сауданың ең бір қызып тұрған жері – әлеуметтік желілер. Оқырмандарының саны бірнеше жүздеген мыңнан асып-жығылатын дүкендердің қызметін реттеу үшін, 2016 жылдан бастап, олардан жеке кәсіпкер есебінде тіркеліп, мемлекетке салық тө­леп отыру талап етіле бастады. Өткен жылы заң жобасындағы жаңашылдықтарға құлақ аспаған әлеуметтік желілердегі дүкен парақшаларының бірқатары ұс­та­­лып, айыппұл салынды. Заңға сәйкес, facebook, instagram же­лі­лерінде сауда жүргізетін аза­мат­тар жеке кәсіпкер есебінде тіркелсе, табысының 2 пайызы көлемінде салық төлейді. Міндеттемесін орындаудан жалтарған жандарға 15 АЕК айыппұл кесіледі. Мемле­кет алдындағы айыппұл борышы 10 мың АЕК асқан азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалады.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің түсін­діру жұмыс басқармасының басшысы Заңғар Асқарұлы: – Халық арасында азаматтың атына тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектісін ашу, жабу қиын, көп уақытты алады деген қате пікір қалыптасқан. Қазір смартфоныңыздан хабарлама жіберу арқылы тіркеліп, ешқандай заңбұзушылықтар орын алмаған жағдайда 3 күн ішінде өтінім беріп, кәсіпкерлігіңізді жаба аласыз. Онлайн-дүкендердің барлығының тіркелуі ең алдымен, тұтынушылардың келеңсіз жайт­тарға тап болмауы үшін керек. Сондықтан ел азаматтары сатып алған өнім ұнамаған жағдайда ғана емес, барлық кезде кәсіпкерден арнайы куәлік пен чек сұрауды ұмытпаулары керек. Бұл қоғамдық бақылау қызметін жетілдіруге көмектеседі, – дейді.

Электронды коммерцияның қолданушылары көп

Қазақстанның жер көлемі үлкен болғанымен, халық сирек қоныстанған. Сондықтан мұнда интернет-дүкендердің дамуына логистика мәселесі аздап қол­бай­­лау болғаны шындық. Қа­зақ­стандағы интернет-бизнес және электронды сауда қа­уым­­­дастығының басшысы Конс­тан­тин Горожанкин еліміз­дің элек­тронды коммерция нары­ғы­ның ойыншыларына көрші елдерге шығуға тамаша мүмкіндік бар екенін айтады.
Бірақ бізде бір шаршы шақы­­рымға 6 адамнан келеді (халық тығыздығы жағынан әлемде 184-орын). Жалпылама айтқанда, елімізде 10 млн адам интернетті пайдаланады. Қазақ­стан­дық интернет-бизнес және электронды коммерция қауым­дас­тығы жыл сайын интернетте өтетін «Кибержұма» жаппай саты­лы­мында барлық онлайн-сауданы белгілеп отырды. Бұл бізге са­тып алушылардың 55 пайызы Алматыдан екенін көрсетіп берді, – дейді ол. Қа­уым­­дастықтың мәліметтеріне сүйенсек, Астанада бұл көр­сет­кіш үш есе төмен болған, яғни, 17 пайыз. Үшінші орында қа­­­­­ра­­ғандылықтар – 11 пайыз.
Бұл – қалалардың электронды ком­­мерцияның, интернет қыз­мет­терді пайдалануға дайын екен­дігінің дәлелі. Әлемдік тә­жі­рибе көрсеткендей, ең қиыны – желі арқылы бірінші рет зат сатып алу. Бұған орташа есеппен 3 жылдай уақыт кетеді.

Онлайн-саудадан опық жемес үшін…

Ғаламтор арқылы тапсырыс берудің уақытыңызды үнемдеп, бір-екі батырманың көмегімен таңдаған затыңызды үйіңізге жеткізіп беретін артықшылығы болғанымен, онлайн-сауда жасау кезінде сапасыз тауарға тап болу, қолыңызға өзіңіз таңдаған өлшем мен сипаттамадан бөлек зат алу не алаяқтарға алданып қалу сияқты факторлар да жиі орын алады. Оқырмандарды осындай келеңсіздіктерден сақтандыру үшін және ұқсас оқиғаға тап болған азаматтарға нұсқаулық болсын деген мақсатта «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Тұрсын Бапкенқызынан бірер кеңес сұраған едік.
«Қазақстанда онлайн-сауда қарқын алып келе жатқаны қуантады. Бірақ қоғамдық қаты­нас­тардың барлық формасында әр азамат өзі үшін жауапкершілік сезімін қоса көтеру керек екенін ескерсек, мұнда да тұтыну­шы­лардың жадында ұстауы керек бірнеше дүние бар. Қазір бізге шағымданып келетін тұты­ну­шы­лардың арасында ақ­­шасын көрсетілген шотқа аударғанымен, тауары қолына ти­ме­ген жағдайлар көптеп кезде­седі. Мәселен, белгілі бір алаяқтық топ оқырманы көп ғаламтор сайтынан 2-3 күнге жарнама бетін сатып алады. Ол жерге көзге түсетін, тартымды тауарлардың суреті орналастырылады, сатып алуға ниеттеніп, қажетті қаржыны көрсетілген шотқа аударған адам кейіннен жарнама иелерімен байланысқа шыға алмай қала­ды. Өйткені сайт бетіндегі жар­­нама келісімшарт уақыты аяқ­та­лысымен, өшіріледі. Осындай жағдайларға тап болмас үшін, онлайн-дүкенді жақсылап зерттеу керек. Жеке сайты бар және ол Қазақстан аумағында арнайы сертификациядан өт­кен болса, ғаламтор бетіндегі парақ­шаның оның сол жақ бұрышында жасыл құлыптың белгісі тұрады. Сайттағы онлайн-дүкеннің қыз­ме­тін пайдаланып көрген адам­дардың пікірін оқыңыз. Кемін­де 10-15 адамның жылы пікірі болса, сенім артуға негіз бар. Бар­лық деректер, байланыс нөмір­лері, ыстық желі қызметі барлығын тексеру – маңызды шаралардың бірі. Тұтынушыларды сан соқтырудың тағы бір тәсілі – ақшаңызды алып, тауарыңызды жеткізгенімен, оның сапасы, түрі, сіз таңдағаннан әлдеқайда бөлек шығатын сәттермен байланысты.
Кейде арзан аяқкиім дүкені танымал брэндтердің суретін салып, оны өте арзан бағада ұсы­нады. Мұндайда аталған брэндтің ресми сайтына кіріп, ондағы жеңілдік маусымын, шынайы бағасын салыстырып қарау қажет. Кез келген сапалы тауарға өте төмен бағалар қойылған кезде, күмәнмен қарап, мұқият тексеру керек. Көрген суретіңізге көзсіз сеніп, тауарды алып қойдыңыз делік. Мұндайда бұрын 14 күн, заңдағы жаңа өзгерістер бо­йын­ша қазір 30 күн ішінде сізге сәйкес келмеген тауарды дүкенге қайтарып, ақшасын кері ала аласыз. Бұл үшін барлық ақша аударымдарын растайтын есепшот қағаздары түгел болуы керектігін айтудың қажеттілігі жоқ шығар. Сондай-ақ аталған дүкенді бірін­шіден, ҚР «Жарнама туралы» заңына сәйкес, жалған жарнама бергені үшін, екіншіден, ҚР «Интеллектуалды меншік» туралы заңына сәйкес, белгілі тауар белгісінің атын жамылғаны үшін жауапкершілікке тартуға болады. Көбіне Ішкі істер департаментіне онлайн-дүкендерден алданып қалып, шағым түсірген азамат­тар­ды тұтынушы құқығы қорғау орталықтарына жолдайды. Өкініш­ке қарай, бізде Қазақ­стан­да тіркелген барлық кә­сіп­­керлік субъектілерінің база­­­сына қолжетімділік жоқ, мүм­­кіндіктеріміз шектеулі болған­дық­тан, оларды бұлтартпай ұстап беруге көмектесе алмаймыз. Ресейдің Ішкі істер министрлігінде ғаламторға қатыс­ты осындай сауалдармен айна­лысатын кибер­не­тика комитеті бар. Бізге де күн санап қарқын алып келе жатқан онлайн-сауда нарығын рет­теу жұмыстарын жолға қою керек».
Қалай десек те, болашақ – цифр­­лық технологиялардың ен­ші­сін­де. Электронды қыз­мет­­­тердің күн өткен сайын қол­жетімді, оң­тай­лы, жеңіл әрі сап­а­лы бола түсуі – бұл нарық қолданушыларының қатарын толықтыра түсетіні сөзсіз.

 


Онлайн–сауданың дамуына не кедергі?


Констан­тин Горожанкин, Қазақстандық интернет-бизнес қауымдастығының президенті:

– Жақында Грузия мен Израильдегі балалармен сөйлестім. Олар бізде ІТ-маманын арзанға жалдауға және әлемдік нарыққа арналған жобаларды жүзеге асырғанда әжеп­­теуір үнемдеуге болатынын біліп таң­ғалды. Егер біз электронды коммерцияны да­мытқымыз келсе, Эстонияны бағытқа алсақ болады. Онда 12 жылдан бері ұлттық сайлаулар онлайн дауыс беру форматында өткізіліп келеді.
2014 жылдың 24 мамырында Яндекс ІРО-ға шықты. Нәтижесінде, Яндекс компа­ния­­­сындағы 180 адам бірден доллар­дағы мил­лионерлерге айналып шыға келді. Трансұлттық компанияны біздің респуб­ли­калық физика-математикалық мектепте оқыған екі қазақстандық – Аркадий Волож бен Илья Сегалович құрған. Бұл – біздің және мектептеріміздің үлкен жобаларды жүзеге асыруда және жаңа талапкерлерді өсіруде потенциалы жоғары екендігін көрсетеді. Тек соған жағдай жасау керек. 2013 жылы қазақстандықтардың орташа жалақысы 700 доллардан асты. Қазір девальвацияның әсерінен сәл төмендегенімен, сол деңгейде. Бізде электронды коммерцияның дамуына Алматыны катализатор-қала ретінде қарас­ты­руға болады. Себебі, «алмалы қалада» халық тығыз орналасқандықтан, мұнда жаңа тауарларды да тәжірибеден өткізе ала­мыз. Бірақ мегаполистер мен кіші қала­лар­да тауарға деген сұраныс та әртүрлі. Жер­гілікті сауда ойын-сауық орталықтарынан талғамыңа сай сәнді киім немесе косметика табу қиын емес, ал аймақтарда бұл тұрғыда тауар көлемі шектеулі. Нәтижесінде, ондағы адамдарға интернет-дүкендерді белсенді пайдалануға тура келеді. 2014 жылы біз отан­дық интернет-дүкендердің қуатын үш есеге арттырдық, халықтың 30 пайызы e-commerce нарығымызды пайдаланған. 2016 жылы бұл көрсеткіш 48 пайызға өсті. Қазіргі таңда біздің аудитория шетелдік онлайн-дүкендерден отандық дүкендерге ауысып жатыр.
Біз әртүрлі елдердің электронды сауда нарығына зерттеулер жүргізгенде мынаны анықтадық: белгілі бір мемлекетте халықтың 20 пайызы интернетті пайдалана бастағаннан-ақ, онлайн-сауда көлемі өседі. Бұл 20 пайызға жетпейінше, қандай дүкен ашылмасын шығынға ұшырайды. АҚШ мұндай көрсеткішке 1996 жылы жеткен, Ұлыбритания – 1998 жылы, Ресей – 2006 жылы, ал Қазақстан бұлардың қатарына 2011 жылы қосылды. Дәл осы жағдай біздің электронды сауда бойынша батыс елдерінен тым артта қалып келе жатқанымызға себеп. Дегенмен қазақстандық жобалар Филиппин (96 млн адам), Индонезия (247 млн адам), Бангладеш (162 млн адам) пен Вьетнам (92 млн адам) нарығына шыға алады. Бұл елдердің барлығы интернеттің дамуы бойынша бізден артта келе жатыр. Мысалы, жақында мен Ташкентте болдым. Онда біздің жобаларды жүзеге асыру үшін тамаша жағдай жасалған әрі халық та өте белсенді.


Виктор Новиков,
Flip.kz интернет-дүкені маркетинг бөлімінің жетекшісі:

– Еліміздегі Ecommerce нарығының айналымы жақсарып келеді. Жақын аралықта бұл одан әрі күшейе түседі деп есептеймін. Жыл сайын интернеттің өмірімізге әсері артпаса, кемімейді. Соңғы 10 жылда Қазақстандағы интернет пайдаланушылардың саны 19 есеге өскен. Бұл – халықтың 70 пайызы. Электронды коммерцияны да осындай өсім күтіп тұр. Күн санап адамдар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекте тұрғаннан, E-gov арқылы жұмыс істеген ыңғайлы екенін немесе тауарды қарапайым дүкенге қарағанда интернет арқылы сатып алған жылдам болатындығын түсініп келеді.
Бүгінде Ecommerce нарығының өсуі – әлемдік тренд. АҚШ-тан бастап Оңтүстік-Шығыс Азияға дейін көптеген жобалар іске қосылып жатыр. Қытайлық Alibaba компаниясының IPO-ға шығуы бұл салаға деген халықтың қызығушылығы жоғары екендігін дәлелдейтін негізгі фактор болса керек. Бұл компанияның ІРО-сы барлық рекордты жаңартты.
Қазақстанның территориясы үлкен, халық саны аз. Бұл – логистика мәселесін аздап қиындатады. Бірақ шешілмейтін түйін жоқ. Іс жүзінде Қазақстанда да нәтижеге қол жеткізуге болатынын көріп жүрміз. Әрбір интернет-дүкен өзінің логистикалық желісін осылай қалыптастырады. Мысалы, Қазақстанның 20 қаласында жеткізілген тауарларды беретін 25 пунктіміз жұмыс істейді.


Ербол Азанбек, Qazaq media group ЖШС директоры:

– Онлайн-сауда түрлі кедергілер, шешімін таппаған мәселелердің көптігіне қарамастан, қарқынды дамып жатыр. Өйткені интернет арқылы сату да, сатып алу да – өте ыңғайлы. Өте қарапайым мысал келтірсек, өзіңізге қажетті затты іздеу, салыстыру, сипаттамасын білу, онлайн-төлем жасау, қажет жеріңізге алдыру көп уақыт пен күшті қажет етпейді. Салыстырмалы түрде, белгілі бір киім алу үшін сауда орталығына бару, таңдап, сатып алу керек. Интернет арқылы бұл мәселе жоқ. Тіпті Алматыдағы барахолканың өзі интернет арқылы сатуға көшті. Банктер онлайн қызметін дамыта бастады. Қазір төлем картасын интернет арқылы тапсырыс беріп алдырып, коммуналдық қызметтерді комиссиясыз ыңғайлы төлей аласыз. Кейбір банктердің жанында интернет-дүкендер жұмыс істеп, онлайн-кредит беріле бастады. Бұл онлайн-коммерцияның ұсынушыға да, тұтынушыға да қолайлы екенін көрсетеді. Бірақ бұл саланың да мәселесі бар. Бірінші логистика, Қазақстанда халық саны аз, территория кең. Сатушылар өңірлерге жеткізуде қиналады. Қызылорда облысындағы ауылда отырып, Алматыдағы интернет-дүкеннен қалаған тауарыңды алдыру қиын. Тауар құнына жеткізу құны қосылады. Баға өседі немесе төлем жасау проблемасы бар. Ауылдарда төлем картасын пайдалану көрсеткіші төмен. Ақша алатын банкомат, толықтыратын терминал жоқ. Банктердің барлығы интернет төлемге мүмкіндікті қосып үлгерген жоқ немесе комиссия жоғары. Сондықтан онлайн-сауданың «көрігін қыздырып» отырғандар – ірі қалалардың тұрғындары. Бұл мәселені шешу үшін «Қазпошта» немесе басқа да жеткізумен айналысатын компаниялар жаңа сервистерді ұсынуы және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Екінші мәселе – сервис. Бұл салада алаяқтар көп. Әлеуметтік желілерде барахолкадағы 1000 теңгенің сағатын 10 мыңнан сататындар, оған алданып қалатындар бар. Кейбір кішігірім онлайн- дүкендердің ұсынған тауарының сапасы төмен. Тұтынушылар тауар мен ақшасын кері қайтара алмайтын мәселелер кездеседі. Мұның нәтижесінде, тұтынушыларда онлайн сатып алуға сенім азаяды. Үшінші мәселенің тұтынушыларға қатысы аз шығар, бірақ бұл да – осы салаға қатысты проблеманың бірі. Статистика. Салада көлеңкелі ойыншылар көп. Инстаграм сияқты әлеуметтік желі арқылы сататындар, бір күндік сайттар жетерлік. Ірі ойыншылардың өзі жабық. Нақты бір статистикалық мәліметтерді алу қиын. Нарықта қызмет көрсетуші компаниялар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік ұйымдардың деректері әртүрлі. Бұдан бөлек нарық ойыншылары салаға инвестиция салатындар аз болғандықтан, бизнесті дамыту үшін кредит алу мәселесі барын айтады. Жалпы алғанда, онлайн-сауда саласында өте қарқынды даму бар. Соңғы 2 жылда онлайн-коммерция нарығында ірі ойыншылар пайда болды. Қаржы топтары, жекелеген бизнесмендер инвестиция сала бастады. Мемлекет кәсіпкерлерге өнімін шетелдік онлайн алаңдарда сатуға мүмкіндік беріп жатыр. Қай жағынан алсақ та, бұл нарықтың дамуға мүмкіндігі барын көрсетеді. Нарықтағы ойыншылар 2017 жылы Қазақстандағы электронды сауда нарығы 30% өсіп, жалпы айналым 1 миллиард АҚШ долларынан асады деп болжайды.


Бетті дайындағандар: Кәмила ДҮЙСЕН, Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*